АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ ҮЗДІК ТӘЖІРИБЕСІ – ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ
Қармақшы ауданында білім беру саласындағы ардагерлер ұйымдарының қызметін жетілдіру, озық тәжірибелерді зерделеу және облыстық «Ең үздік ардагерлер ұйымы» байқауына дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында облыстық әдістемелік семинар өтті.
Тағылымды басқосуға облыстық ардагерлер кеңесінен арнайы келген Сүйюбаева Баян Орынбекқызы, Искакова Рамза Искаковна, Башенов Шегебай, Бекманов Қажденбек сынды ардагер ұстаздар қатысты.
Семинарға арнайы Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Жәнібеков Берік Съездұлы қатысты.
Семинардың тәжірибелік бөлімі Жосалы кентіндегі Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейі жанындағы ардагерлер кабинетінің жұмысымен танысудан басталды. Мұнда қатысушылар ардагерлерге арналған жұмыс кеңістігінің ұйымдастырылуын, аға буын өкілдерімен бірлесе жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасының мазмұны мен бағыттарын зерделеді.
Келесі кезекте Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептегі бастауыш ардагерлер ұйымының жұмысы таныстырылды. Мектеп пен ардагерлер арасындағы сабақтастық, тәлімгерлік байланыс, аға буынның өмірлік тәжірибесін жас ұрпақ тәрбиесіне арқау ету бағытындағы жұмыстар кеңінен көрсетілді.
Кездесудің мазмұнын оқушылар мен әжелердің қатысуымен әзірленген шығармашылық бағдарлама одан әрі аша түсті. Оқушылардың әдеби монтаждары, әжелер қатысқан «Қыз 13-ке келгенде» атты сахналық қойылым және әжелер ансамблінің әсем әндері қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді дәріптеген бұл көріністер аға буын мен жас ұрпақ арасындағы рухани байланыстың жарқын үлгісін көрсетті.
Бұдан бөлек, ардагерлер және әжелер кабинеттерінің жұмыс барысы таныстырылып, бастауыш ұйымдардың іс жүргізу құжаттары жан-жақты зерделенді. Атап айтқанда, ардагерлердің әлеуметтік карталары, өткізілген іс-шаралар туралы мәліметтер, көрсетілген әлеуметтік және демеушілік көмектер, мерейтой иелеріне құрмет көрсету, «Алтын той» мен «Гауһар той» иелеріне арналған шаралар, спорттық-сауықтыру жұмыстарының ұйымдастырылуы назарға алынды.
Сонымен қатар семинар аясында Қармақшы аудандық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрайымы Жұмабаева Талмаштың атқарып отырған жұмысына баға беріліп, аудандық ардагерлер кеңесінің қызметі мен ардагерлер кабинетінің жұмысы таныстырылды.
Семинар барысында аудандық ардагерлер ұйымының жұмысына қатысты құжаттамаларды жүйелеу, әрбір білім беру ұйымындағы бастауыш ардагерлер ұйымының жұмыс кабинетін талапқа сай жабдықтау және атқарылған жұмыстардың нәтижелілігін арттыру жөнінде әдістемелік ұсыныстар берілді. Бұл жұмыстардың барлығы облыстық «Ең үздік ардагерлер ұйымы» байқауының талаптарына сәйкес дайындық жүргізуге бағытталды.
Семинардың басты мәні – ардагерлердің еңбегін бағалау ғана емес, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесін келер ұрпақтың рухани қазынасына айналдыру. Өйткені ұстаздық жолын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагерлердің тағылымы – бүгінгі білім саласы үшін баға жетпес мұра.
Аға буынға құрмет көрсету, олардың қоғамдағы орнын айшықтау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту – ортақ жауапкершілік. Бұл бағыттағы бірлескен жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.















