«ҮЗДІК ОҚЫРМАН – 2026» БАЙҚАУЫНЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ ӨТУДЕ
Бүгін «Руханият» орталығында кітап оқуды насихаттау, оқырман мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «Үздік оқырман – 2026» байқауының екінші кезеңі өтуде.
Байқауға аудан әкімінің тапсырмасымен аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Адамның рухани байлығы оның алған білімінен көрінеді. Ал сол білімнің тереңдеуіне кітаптың қосар үлесі зор. Кітап – адамзаттың рухани қазынасы, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларының маңызы ерекше. Бұл жобаның негізгі мақсаты – елімізді әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына қосу. Бірінші кезеңнен сүрінбей өтіп, аудандық кезеңге жолдама алған барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! Сіздердің рухани құндылыққа деген сүйіспеншіліктеріңіз өзгелерге үлгі болсын,-деді Диас Асылбекұлы.
Айта кетсек байқаудың алғашқы кезеңіне 1000-нан астам үміткер қатысқан. Ал бүгінгі екінші кезеңде 70-тен астам оқырман өзара бақ сынап, білім-білігі мен кітап оқудағы ізденісін көрсетуде. Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушылар арнайы жүлделі орындармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар жеңімпаздар облыстық деңгейдегі байқауларға қатысуға мүмкіндік алады.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі















