КІТАП FEST – РУХАНИЯТ ПЕН ПОЭЗИЯ ТОҒЫСҚАН КЕШ
Мемлекет басшысының оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасы аясында елімізде кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафоны. Марафон 7 бағыт бойынша өтіп, әр қатысушы арнайы іріктелген әдебиеттер қатарынан 15 кітап оқиды.
Осы игі бастаманы Сыр өңірінде қолдау мақсатында облыс әкімдігі тарапынан да кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жұмыстар қолға алынған. Аталған жоба оқырман мәдениетін қалыптастырып, кітапты білім мен рухани дамудың маңызды көзі ретінде кеңінен насихаттауды көздейді.
"Қала күніне" арналған мәдени шаралар аясында ұйымдастырылған «Кітап Fest» те осы мақсатты сабақтастырып, кітап пен әдебиетті, өлең мен өнерді бір арнаға тоғыстырды.
Фестивальге Алматы және Қарағанды қалаларынан арнайы келген баспа үйлері мен кітап дүкендері, сондай-ақ әдебиет өкілдері қатысып, оқырман қауымға жаңа кітаптарын ұсынды.
Кеш қонақтары – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мөлдір Айтбай, ақын Ақжол Түменбай және елімізге танымал сазгер Үкітай Ерниязов.
Шараның ерекше бөлігі – «Мөлдір өлең» жобасының негізін қалаушы Мөлдір Айтбайдың Қызылорданың жас ақындарымен өткізген ақындар дуэлі болды. Жас қаламгерлер өзара жыр додасына түсіп, көрерменге поэзияның қуаты мен сөз өнерінің сырын сезіндірді.
Ақындар дуэліне қатысқан жас қаламгерлер:
Ақжол Түменбай, Бекжан Ержігіт, Нұргүл Төлеубай, Сәния Жақып, Бексұлтан Санақұл, Өтепберген Нұргелді, Диас Мұстахим, Сандыбай Піржан.
Шараға Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Еркін Турабаев қатысып, үздік оқырмандарды марапаттады.
Сондай-ақ қала әкімінің атынан ақындар дуэліне қатысқан жас қаламгерлерге Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Кітап пен поэзияны тоғыстырған тағылымды кеш қала тұрғындарына рухани әсер сыйлап, жас қаламгерлерге шығармашылық шабыт берді.
Кітап оқитын ел – ойы озық, рухы биік ел!

















