ШОЙЫН ЖОЛ САЛҒАН
ХХ ғасырдың басында қазақ даласының тыныс-тіршілігіне елеулі өзгеріс әкелген оқиғаның бірі – теміржол құрылысы. Ұланғайыр өлкені өзара байланыстыру, жүк пен жолаушы тасымалын жеңілдету мақсатында салынған теміржол елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал етті. Солардың қатарында Орынбор–Ташкент теміржолының орны ерекше. Бұл магистраль Ресейдің оңтүстік өңірлерін Орта Азиямен байланыстырып қана қоймай, жол бойындағы елді мекендердің де қалыптасуына әсер етті.
Орынбор-Ташкент теміржолының құрылысы 1901 жылы басталды. Бірнеше жылға созылған ауқымды жұмыс нәтижесінде солтүстік пен оңтүстікті жалғаған маңызды көлік бағыты қалыптасты. Теміржолдың салынуы сауда-саттықты жандандырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға мүмкіндік берді. Бұған дейін ұзақ қашықтыққа жүк жеткізу көп уақыт пен күшті қажет етсе, жаңа қатынас жолы бұл үдерісті жеңілдете түсті. Сонымен бірге теміржол бойындағы стансалар біртіндеп елдің шаруашылық және қоғамдық өміріне араласа бастады.
Осы тарихи өзгерістер Сыр бойын да айналып өткен жоқ. Орынбор-Ташкент теміржолының бойында орналасқан Жосалы стансасы кейін Сыр өңіріндегі маңызды елді мекендердің біріне айналды. Аудан тарихына қатысты деректерде стансаның 1905 жылы салынғаны, ал елді мекеннің теміржол стансасы ретінде 1906 жылы қалыптаса бастағаны айтылады. Жосалы атауының маңайдағы жоса тасы бар төбемен байланысты екені жөнінде де мәлімет бар.
Теміржолдың келуі аумақтың дамуына ықпал етті. Бекет арқылы жолаушылар қатынап, өңірдің шаруашылық өнімдері сыртқа жөнелтіле бастады. Тарихи зерттеулерде Жосалы аялдамасынан 1906 жылы 23957 пұт, ал 1907 жылы 30953 пұт балық жөнелтілгені көрсетіледі. Бұл дерек сол кезеңде Сыр бойындағы өнімдердің теміржол арқылы тасымалданғанын аңғартады. Яғни станса өңірдің көлік қатынасын қамтамасыз ететін орын ғана емес, жергілікті шаруашылықты сыртқы нарықпен байланыстыратын маңызды буын болды.
Теміржолдың маңызы жүк тасымалымен ғана шектелген жоқ. Жаңа қатынас жолы адамдардың жүріптұруын жеңілдетіп, түрлі кәсіп иелерінің келуіне, жұмыс орындарының пайда болуына және станса маңындағы инфрақұрылымның қалыптасуына жағдай жасады. Теміржол саласында қызмет ететін мамандарға қажеттілік туып, станса айналасындағы тіршілік біртіндеп жанданды. Осылайша көлік жолы мен елді мекеннің дамуы қатар өрбіді.
Ауданымыздың тарихы – бір ғана стансаның тарихы емес, Сыр өңірінің жаңа көлік жүйесіне қосылып, уақыт талабына сай өзгерген кезеңінің көрінісі. Бүгінде аудан орталығының қалыптасуында теміржолдың өзіндік орны бар. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын салынған станса өңірдің өткені мен бүгінін байланыстыратын тарихи нысан ретінде құнды.
Тарихтың тереңіне үңілсек, елді мекендердің тағдыры кейде үлкен оқиғалармен қатар, күнделікті өмірге өзгеріс әкелген қарапайым көрінетін жаңалықтар арқылы да қалыптасатынын аңғарамыз. Жосалы үшін теміржол дәл сондай өзгерістің бастауы болды. Ол Сыр бойын алыс бағыттармен жалғап, өңірдің шаруашылық байланысына жаңа мүмкіндік ашты. Бүгінде ғасырдан астам тарихы бар Жосалы теміржол вокзалы жаңа келбетке ие болды. Талай тарихи кезеңнің куәсі болған вокзал өткеннің ізін сақтай отырып, бүгінгі талапқа сай жаңарды. Бұл – теміржол тарихының үзілмей жалғасып келе жатқанының көрінісі.
Алан ЕРЕН
















