«ЖОСАЛЫ» ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ ЗАМАНАУИ ТАЛАПҚА САЙ ЖАҢАРТЫЛДЫ
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Қармақшы ауданына жұмыс сапары аясында қайта жаңғыртылған «Жосалы» теміржол вокзалының ашылу рәсімі өтті. Оған ҚР Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
«Жосалы кентінің іргесі жиырмасыншы ғасырдың басында теміржол станциясы ретінде қаланып, 1905 жылы салынған станцияға «Жосалы» атауы берілген. Бұл нысан «Орынбор – Ташкент» теміржол магистралінің бойында орналасқандықтан, сол кезеңнен бастап жолаушы және жүк тасымалында маңызды қызмет атқарған.
Теміржолдың салынуы Жосалы кентін экономикалық және әкімшілік орталық ретінде қалыптастырды.
Тарихи кезеңдерде өңірдің ғана емес, елдің өндірістік дамуындағы маңызды көлік нысаны болды. Ғасырдан астам уақыт бойы жолаушылар мен теміржолшыларға қызмет еткен бұл тарихи ғимараттың күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыруы – өткен мен бүгінді жалғаған маңызды қадам», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Салтанатты шарада теміржол саласының, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген мердігер мекеменің қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Құрылтай депутаты Нұркен Бақытбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Асқар Мереков ақ батасын берді.
«Жосалы» теміржол вокзалының тарихы өткен ғасырдың басынан басталады.
«Орынбор-Ташкент» теміржолы қазақ даласын бойлай өтіп, Орта Азия мен Ресейді байланыстырған, халықтың жол қатынасы жеңілдеген уақыттан бері Сыр бойындағы негізгі теміржол нүктелерінің бірі саналады.
Кеңес дәуірінде станция маңында теміржолшыларға арналған үйлер, шеберханалар, қызметтік ғимараттар салынып, Жосалы теміржолшылар қалашығына айналды.
Соңғы рет 2012 жылы жөндеуден өткен нысан бүгінде толық жаңғыртылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. Ауқымды жұмысты атқаруға 986 млн теңге қаржы қарастырылды. Аумағы 674,6 шаршы метр вокзалда тәулігіне 200 жолаушыға қызмет көрсетіледі.
Ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталып, төбе жабындысы мен есік-терезелері ауыстырылды. Электр желілері монтаждалып, жылу жүйесі жүргізілді және перрон аумағы абаттандырылды.
Жолаушылардың жайлылығы үшін күту залы, ана мен балаға арналған бөлме, медициналық пункт, жүк сақтау қоймасы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы бөлме қарастырылған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі


















