» » ЖАҢАРҒАН ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛДАРЫ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

ЖАҢАРҒАН ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛДАРЫ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Ауданымызда Төретам теміржол вокзалының ашылу салтанаты өтті. Оған жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы теміржол инфрақұрылымын дамытудағы жұмыстарға тоқталып, вокзалдарды заман талабына сай жаңғырту тұрғындар үшін де, аймағымызға келетін қонақтар үшін де маңызды екенін атап өтті.
– Сыр өңірі – тоғыз жолдың торабында орналасқан, өңірлерді бір-бірімен жалғаған маңызды көлік дәлізі. Облыс аумағынан 15 жолаушы пойызы өтеді. Облыс орталығынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей, Түркістан қалаларына пойыз қатынайды.
Бүгін – қасиет қонған, Қорқыт баба мәңгіге тыныстаған Қармақшы ауданында қуанышты күн. Өздеріңізбен бірге аймағымыз үшін маңызы зор жобалар – Төретам және Жосалы теміржол вокзалдарын пайдалануға береміз. Ел игілігі жолындағы барлық бастамаға сәттілік тілейміз. Сондай-ақ осы нысанды күрделі жөндеуден өткізуге үлес қосқан азаматтарға алғысымызды білдіреміз.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді аймақ басшысы.
Төретам теміржол вокзалының тарихы Байқоңыр ғарыш айлағының құрылу және қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты. Станса арқылы айлаққа қажетті құрылыс материалдары, жабдықтар және жүк тасымалданған.
Жаңғыртылған вокзал тәулігіне 250 жолаушыға қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың ауданға жұмыс сапары аясында қайта жаңғыртылған «Жосалы» теміржол вокзалының да ашылу рәсімі өтті.
– Жосалы кентінің іргесі жиырмасыншы ғасырдың басында теміржол стансасы ретінде қаланып, 1905 жылы салынған стансаға «Жосалы» атауы берілген. Бұл нысан «Орынбор – Ташкент» теміржол магистралінің бойында орналасқандықтан, сол кезеңнен бастап жолаушы және жүк тасымалында маңызды қызмет атқарған. Теміржолдың салынуы Жосалы кентін экономикалық және әкімшілік орталық ретінде қалыптастырды. Тарихи кезеңдерде өңірдің ғана емес, елдің өндірістік дамуындағы маңызды көлік нысаны болды. Ғасырдан астам уақыт бойы жолаушылар мен теміржолшыларға қызмет еткен бұл тарихи ғимараттың күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыруы – өткен мен бүгінді жалғаған маңызды қадам, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Салтанатты шараларда теміржол саласы мен қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Ашылу салтанатында Құрылтай депутаттары Мағжан Ералиев, Нұркен Бақытбекұлы құттықтау сөз сөйлесе, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков ақ батасын берді.
«Жосалы» теміржол вокзалының тарихы өткен ғасырдың басынан басталады. «Орынбор-Ташкент» теміржолы қазақ даласын бойлай өтіп, Орта Азия мен Ресейді байланыстырған, халықтың жол қатынасы жеңілдеген уақыттан бері Сыр бойындағы негізгі теміржол нүктелерінің бірі саналады.
Кеңес дәуірінде станса маңында теміржолшыларға арналған үйлер, шеберханалар, қызметтік ғимараттар салынып, Жосалы теміржолшылар қалашығына айналды. Соңғы рет 2012 жылы жөндеуден өткен нысан бүгінде толық жаңғыртылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. Аумағы 674,6 шаршы метр вокзалда тәулігіне 200 жолаушыға қызмет көрсетіледі.
Күрделі жөндеу кезінде ғимараттардың қасбеті мен іргетасы қапталып, төбе жабындысы мен есік-терезелері ауыстырылды. Электр желілері монтаждалып, жылу жүйесі жүргізілді және перрон аумағы абаттандырылды.
Вокзалдарда жолаушылардың жайлылығы үшін күту залы, ана мен балаға арналған бөлме, медициналық пункт, жүк сақтау қоймасы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы бөлме қарастырылған.
Дайындаған Сәрсенкүл АҚКІСІ
19 қыркүйек 2026 ж. 59 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (10539)

18 қыркүйек 2026 ж.

№70 (10538)

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (10537)

12 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 869
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 125

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930