МАЛ САУЛЫҒЫ – МАМАН ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
Малдың амандығы – ауыл тіршілігінің берекесі. Төрт түлігін түлетіп, шаруашылығын өркендетуді көздеген әрбір адам үшін мал саулығының маңызы зор. Ал сол саулықты сақтап, аурудың алдын алып, қажет кезде емдом жасайтын ветеринар мамандардың еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Дегенмен, олардың күнделікті жұмысы ауыл шаруашылығының тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Осы жауапкершілікті сезініп, таңдаған мамандығы бойынша еңбек етіп жүрген жанның бірі – аудандық ветеринариялық стансасының ветеринар дәрігері Меңдулла Бахытов.
Ол Қармақшы ауданында дүниеге келген. Омар Шораяқұлы атындағы №30 орта мектепті бітіріп, сол жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнында алған білімін тәжірибемен ұштастырған жас маман 2023 жылдан бастап аудандық ветеринариялық стансасында қызмет етіп келеді.
Меңдулланың бұл саланы таңдауына малға деген қызығушылығы мен ауыл шаруашылығына деген ниеті себеп болған. Оның айтуынша, ветеринар болу – тек малды емдеу емес, шаруаның еңбегіне қолдау көрсетіп, төрт түліктің саулығына жауапкершілікпен қарау.
– Малдың саулығын сақтау, аурудың алдын алу және шаруаның еңбегіне көмектесу – мен үшін басы бүтін әрі абыройлы қызмет. Әрбір мал иесі үшін малының аман болғаны маңызды. Сондықтан өз жұмысымды жауапкершілікпен атқарып, білгенімді тәжірибеде қолдануға тырысамын, – дейді жас маман.
Ветеринар дәрігердің күнделікті жұмысы мұқияттылық пен кәсіби білімді талап етеді. Мал ауруын дер кезінде анықтау, тиісті ем жүргізу, алдын алу шараларын ұйымдастыру және вакцинация жасау – оның негізгі міндетінің қатарында. Әсіресе жұқпалы аурудың таралуына жол бермеу үшін уақытылы тексеру жүргізіп, ветеринарлық талаптың сақталуын қадағалау маңызды. Жас маман мал ауруларын анықтау мен емдеу, вакцинация және профилактикалық жұмыстар бойынша тәжірибе жинақтаған. Оның сөзінше, жұмыста кездесетін негізгі қиындықтың бірі – ауру белгілерін дер кезінде анықтау. Өйткені кей жағдайда малдың жағдайындағы өзгеріс бірден байқалмайды. Мұндайда маманның байқағыштығы мен дұрыс шешім қабылдауы ерекше рөл атқарады. Сонымен қатар мал иелеріне ветеринариялық талапты түсіндіріп, алдын алу шарасына жауапкершілікпен қарауына ықпал ету – күнделікті жұмыстың маңызды бөлігі.
Станса мамандары малға жоспарлы екпе жүргізіп, диагностикалық тексеру мен профилактикалық шараларды атқарады. Ал ауру белгісі анықталған жағдайда тиісті жұмыстар қолға алынады. Мұның бәрі аудан аумағындағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтауға бағытталған.
Меңдулла малдың саулығын қамтамасыз етуде ветеринар маман мен мал иесінің жауапкершілігі қатар жүретінін айтады. Малды уақытылы екпеден өткізу, талаптарды сақтау және ауру белгісі байқалған жағдайда маманға дер кезінде хабарласу – аурудың алдын алудың негізгі шарттары. Мұндай талаптарға мән беру мал шығынын азайтып, шаруашылықтың тұрақтылығын сақтауға көмектеседі.
Жас маманның еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Еңбек күні және Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» өткен «Еңбек – ел мұраты» атты салтанатты іс-шарада аудандық ветеринариялық стансасының ветеринар дәрігері Меңдулла Бахытов «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша «Қола» жүлдесінің иегері атанды. Марапатты облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов табыстап, облыс әкімінің алғыс хаты мен қаржылай сертификатын тапсырды.
Бұл марапат – жас маманның кәсіби жолындағы жетістігінің бірі. Алдағы уақытта да білімін жетілдіріп, тәжірибесін молайта отырып, мал саулығын сақтауға және ауыл шаруашылығының дамуына үлес қоса беруіне тілектеспіз.
Бауыржан ЖҮНІС

















