ҚАРМАҚШЫНЫҢ ДӘМІ – ҚАЛА ЖӘРМЕҢКЕСІНДЕ
Бүгін Қызылорда қаласындағы Журба көшесінде Қармақшы ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Берекелі іс-шараның басты мақсаты – қала тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету.
Жәрмеңкеге Қармақшы ауданынан 70-ке жуық жүк көлігімен 150 тоннадай ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Сауда сөрелерінен күріш, ет, сүт, балық, көкөніс, мал азығы және өзге де қажетті өнімдерді кездестіруге болады. Тұтынушыларға ұсынылған тауарлар нарықтағы бағадан 10–15 пайызға төмен бағамен сатылды.
Жәрмеңке барысымен аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев танысып, сауда алаңын аралады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, өнімдердің сапасы мен бағасына назар аударды.
Қармақшының құнарлы топырағында өсірілген өнімдер мен шаруалардың маңдай терімен келген молшылық қала тұрғындарының сұранысына сай қызмет көрсетті. Игі бастамалардың жалғасы концерттік бағдарламамен ұласып, өнерпаздардың орындауындағы туындылар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сондай-ақ айта кету керек, кеше Қармақшы ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Үздік аудан» атанып, аграрлық әлеуеті мен шаруалардың еселі еңбегін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















