“АТА МЕН ӘЖЕ – ҚАЗАҚИ ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУ БҰЛАҒЫ”
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының алтын арқауы. Ата мен әженің өнегелі сөзі, ақыл-парасаты мен мейірімге толы тәрбиесі – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан асыл мұрасы.
Кеше ІІІ Интернационал ауылдық мәдениет үйінде ІІІ Интернационал ауылдық округі әкімінің қолдауымен және ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Жанұя шуағы» бағыты аясында «Ата мен әже – қазақи тәрбиенің бастау бұлағы» атты ата-әжелер мен немерелердің қатысуымен өтетін ІІІ облыстық дәстүрлі бейнероликтер байқауының қорытындысы шығарылды.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, отбасылық тәрбиенің маңызын насихаттауды мақсат еткен тағылымды шараның шымылдығын ауыл әкімі Қалымбетов Жеткерген Қайыржанұлы ашып, қатысушы отбасыларға ақжарма тілегін білдіріп, байқауда сәттілік тіледі.
Байқауға Қызылорда қаласынан және Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған, Сырдария, Қармақшы аудандарынан келген 7 отбасы қатысып, өздерінің өнегелі өмір салтын, ата мен әже тәрбиесінің қадір-қасиетін, ұрпақтар сабақтастығын бейнеролик арқылы көрерменге ұсынды. Әрбір жұмыс – отбасы құндылықтарын дәріптеп, қазақы тәрбиенің терең тамырын танытқан тағылымды дүние болды.
Қазылар алқасының шешімімен байқау жеңімпаздары төмендегідей анықталды:
Бас жүлде – Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылынан Қоқымбаевтар отбасы;
І орын – Жалағаш ауданы, Аққыр ауылынан Құлмахановтар отбасы;
ІІ орын – Қармақшы ауданы, Иіркөл ауылынан Қорғанбаевтар отбасы және Қызылорда қаласына қарасты Қараөзек ауылынан Нұрмағанбетовтар отбасы;
ІІІ орын – Сырдария ауданы, Іңкәрдария ауылынан Қорғанбаевтар отбасы, Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылынан Бақтыбаевтар отбасы және Жаңақорған ауданы, Көктөбе ауылынан Түйтеевтер отбасы.
Жеңімпаз отбасыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, қатысушылардың еңбегі лайықты бағаланды.
Шара соңында ІІІ Интернационал ауылдық мәдениет үйінің директоры Асылбеков Талғат Асылбекұлы байқауды қорытындылап, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысқан барлық отбасыларға шынайы алғысын білдірді. Ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, игі бастаманың жалғасын табуына тілектестік танытты.
Ата мен әженің өнегесі – ұрпаққа аманат, отбасының берекесі – елдің мерейі. Осындай тағылымды шаралар арқылы халқымыздың салт-дәстүрі жаңғырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді асыл қасиеттер жас ұрпақтың бойына сіңе бермек.
Ұлттық тәрбиені ұлықтап, отбасы құндылықтарын дәріптеген игі шараның берері мол, тәрбиелік мәні зор болсын! Өнегелі әулеттеріміз көбейіп, ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін!
















