ӘСКЕРИ БОРЫШЫН ӨТЕП КЕЛДІ
Отан алдындағы борышын өтеп, әскери қызметтен туған жеріне оралған жас азаматты қарсы алу – елге қызмет етудің қадірін танытып, өскелең ұрпаққа отансүйгіштіктің үлгісін көрсететін тағылымды дәстүр.
Теміржол вокзалында әскери міндетін абыроймен атқарып келген Мирас Жорабековті туған-туыстары мен жерлестері салтанатты түрде қарсы алды. Жас сарбаздың елге аманесен оралуына орай ұйымдастырылған шараға ауданның ардагерлер ұйымы мен қоғамдық кеңес өкілдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, ауылдық округ әкімдері, әскери сала мамандары, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері және жастар қатысты.
Мирас Мейрамбекұлы 2006 жылы Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген. Алғашқы білімін туған ауылындағы мектептен алып, орта білімін Астана қаласында теміржол көлігі саласындағы «Теміржол байланысы» мамандығын меңгерген. Әскери борышын Ақтау қаласында теңіз жаяу әскерлері қатарында өтеп, Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарды. Әкесі Мейрамбек Алмағанбетов пен анасы Ирина Шатанова көпбалалы отбасының ата-анасы. Сарбаздың бір ағасы мен төрт інісі бар.
Кездесуде азаматтық міндетін орындаған жас азаматқа ізгі тілектер айтылды. Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір азаматтың өміріндегі маңызды кезең.
Мұндай кездесулер жас буынға елге қызмет етудің маңызын түсіндіріп, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырады. Сонымен қатар әскери қызметін өтеп келген азаматқа құрмет көрсету арқылы қоғамда Отан алдындағы борышқа деген жауапкершілік нығая түседі.
Алан ЕРЕН
















