КЕЗДЕСУ
Адам баласы көңіліне сәуле түсірмесе, соның жолын іздемесе оның несі адам?.. Қараңғы жерден керек нәрсеңді табу қиын, ал жаның қараңғы болса жолдан жаңыласың, орға құлайсың. Өкінішке қарай, ішкенге мәз, жегенге тоқ пенделер көбейіп кетті. Сөйлесе қалсаң, көргені мен естігенінен басқа айтары жоқ. Сосын жаның құлазиды. Адам іздейсің, иә, жөні түзу, салиқалы ой айтатын, әдебиет пен өткен тарихтан тағылымды тәмсіл айтатын тұлғаны жан дүниең керек етеді.
Атам қазақ айтады екен «Ат аяғымен семіреді, адам құлағымен семіреді» деп, қалай тауып айтқан. «Жақсы сөз жан семіртеді» деп те жатады. Жақсы сөзді қайдан алуға болады. Әрине, кітаптан, сосын асыл сөзден қуат алған айтары бар адамнан.
Газет, журнал қарайсың, арасында әлеуметтік желіден жақсы хабарлар көресің. Әр адамның сөзін санаңда саралайсың, жан дүниеңді байытасың.
Менің өмірдегі бір қасиетім, өзін көрмесем де сөзін оқысам немесе сырттай тыңдасам, ол маған ұнаса, сол адамды көргім келіп, іздеп жүремін. Байқап көру үшін, бетпе-бет отырып сөйлесу үшін өресі мен дүниетанымын, қабілеті мен қасиетін толық тану үшін де ол адамды бар кезінде көргім келетіні рас. Түу, Маңғыстауда тұратын сондай азаматтың бірі – Светқали Нұржан еді. Сөзі салмақты, ойы орамды, білгенін біздей қылып жеткізетін, түйдей құрдас тұлғаны көру көптен ойда жүр еді. Соның сәті түсті. Қармақшы топырағына келіп, бірінші күні інім Серікбай мен келінім Әлияның үйінен күтіп алдық. Машинадан түскен ақынды: – Кездессем құшақтасып амандасар едім деп жүруші едім. Кел, құрдас, – деп, екеуміз төс түйістіріп амандастық.
Келген қонақты дастарқан жайып қарсы алатын қазақпыз ғой. Қонақтарды орындықка отырғызып, ыстық шаймен шөл басып, әрі қарай әңгіменің тиегін ағыттық. Жанындағы серіктес інілерімен таныстық. Ордабек, Мәди, Жаңай да көптен хабары бар, өнерге жақын жігіттер екен. «Жолға шықсаң жолдасыңды сайлап шық» деген қағидаға лайықты азаматтар екен. Кештің сәнін жырау Берік ініміз бен күйші Мадина қарындасымыз да өз өнерімен толықтырып отырды. Светқали ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, аузы дуалы, ойы орамды, көп жайдан хабары бар жігіт қой. Бәріне өз бағасын беріп көтермелеп қояды. Қыздықыздымен қаңылтырдан жасалған медалім болмаса да бір өлеңімді оқып жібердім. Мұқият тыңдады. Оған да кімнің-кім екенін білу керек қой. Адам алғашқы танысқанда оның мінезі мен қабілетін байқауға мән беретіні рас. «Әп-бәрекелде!» деп қалды. Бұл сөздің қай кезде айтылатынын мен де біліп отырмын.
Терең әңгімелер айтылды. Мәшһүр Жүсіп атамыз жайлы, Сағи ағамыздың жырлары, оның ерекшеліктері туралы, тарих пен әдебиеттің қазіргі барысы әңгімеленді. Өмір ағымы жайлы көзқарасымызды білдіріп біраз ойдың тиегін ағыттық. Солай отырғанымызда уақыт та бірталай жерге жетіп қалыпты. Жол жүріп келген жігіттер демалу да керек. Ертең де Қармақшының бірталай тарихи орны мен қасиетті жерін аралау жоспарлары бар екен. Келген қадірлі қонаққа ас бермей жіберуші ме едік, ертең кешке біздің үйде кездесетін болып тарастық.
Марал баба, Қалжан ахун, Тұрмағамбет ақын, Алдашбай ахунның бастарына зиярат етіп, Құран бағыштаған Ақтаудың азаматтары кеш бата біздің үйге ат-көліктері аман жетті. Дастарқан басында өнер мен ақыл иелері Алтай ағамыз бен жырау Әйгерім қарындасымыз, ініміз Байбол жырау мен әнші Ақмарал қарындасымызбен келген қонақтарды қарсы алдық. Жақсы отырыс болды. Өткен ақындардың жырлары кезекпен-кезек Сыр мақамына салынып көкке әуеледі. Ақмарал қарындасымыздың сазды лирикалық әндері де жан сүйсінтті. Светқали өзі де толымды жырларын оқыды. Алтай ағамыздың әңгімелері мен қонақтардың естеліктерінен өмір базарының қазаны қайнап, маңызы бетіне шыққан отырыс болды. Тұрмағамбет ақын айтқан екен:
«Тапқанды жұртпен бөліссең алдыңнан шығады,
Тығылып жесең артыңнан шығады» деп, жарықтық. Сол айтқандай, Светқалидай құрдасым үйге келіп, келелі кеңес құрғанымыз естен кетпесі анық.
Сөз арасында Светқали құрдасым: – Дастеке, осы Сыр бойында Мәдірайым ишанды естуім бар еді. Сол кісінің жатқан жерін білесің бе? деп сұрады. Білмегенде ше, ол кісі менің туған топырағымда жатыр ғой. Талай бала кезде Ақтікеннің табанына қой жайып, Сырдың суына қармақ салған жерім ғой. Бірақ, мені таң қылғаны қонағымның көп жайдан хабары барын аңдағанмен, Мәдірайым ишанды біле қояды деп ойламаппын.
Сонымен, ертеңіне атамыздың аруағына Құран бағыштап қайтуға келістік. Тағы мені бір қуантқаны, бейітте менің нағашы атам Дүйсенбай мен нағашы әжем Палау және өз анам Патыманың мәңгілік қоныстары жатыр. Себеппен, оларға да бару реті келді.
Ертеңіне таңғы шайды алып, жолға шықтық. Мәдірайым атамызға дұға бағышталды.
Ишан туралы қысқаша айтып өтсек, заманында әулие адам болған. Ұлсызға ұл, қызсызға қыз берген, айтқаны айнымай келетін тұлға болған. Ол кісі өмірден өткен соң да көпке дейін сол қалпында жатқан, денесі бұзылмаған адам. Өзі тапсырып кеткен сенімді адамы уақытында сақал-мұртын алып, тазалық жасап тұрған екен. Бұндай қасиет тек әулие адамдарға берілген. Ата, әжемнің бейітіне де соғып, анамның жатқан жеріне тағы да бір тәу етіп қайттық.
Осы кездесуде Светқали құрдасымды әншілік қырынан да таныдық. Әдемі даусымен ән айтқанда таудан құлап аққан сарқырамадай үні алысқа көтеріледі екен.
Болса да құрдас туралы айтқан соң кішкене білгенімді ортаға салайын. Өзінің айтуы бойынша кеңес заманынан осы кезге дейін мекемеге кіріп жұмыс жасамаған. Тек оқу мен жазу. Ел аралау, сол арқылы көргені мен естігенін көңілге түйіп, жүрек сүзгісінен өткізіп қалам тербеу. Оның ұғымы бойынша рухани байлық жинаудан артық – адам баласына қасиетті іс жоқ. Боқ дүниеге былғанып, соған мастану, сол арқылы басқадан артық боламын деу Светқали үшін жат нәрсе екенін білдім. Өзі Сыр еліне күйеу. Соған карағанда біздің ауылдың қыздары азаматын тіршіліктің қарын үшін қамытына тықпай, қабілет дарынын ашу үшін мүмкіндік берген сияқты. Сол үшін де құрдасым Сыр еліне риза шығар деп есептеймін.
Уақыт деген жылдам ғой. Құмарымыз толық қанбай, тынысымыз түгел ашылмай-ақ олардың еліне қайтатын уақыты да болып қалды. «Жақсымен өткен бір күнің, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деген сөзді есітіп жүруші едім. Сол сөздің шындығындай кездесу болды. Қоштасып, құшақ айқастырып тұрғанда Светқали бауырым: – Дастан, қазақта «бауыр басу» деген ауру бар. Сол аурумен ауырып тұрмын, – деді. Сол дерттен мен де мазасызданып тұр едім. Тек ішімнен қазақтың ауруы – осы «бауыр басу» ауруы болсыншы деп тіледім. Ақтауды, маңғаз Маңғыстауды бетке алған азаматтар жолға шықты. Жортқанда жолдарың болсын. Достық, бауырмалдық қатынас үзілмесін, қазақтың марқасқа ұлы Айт-Ман құрдасым!
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ















