» » «АЙНАЛАЙЫН» АЙТАТЫН АДАМ АЗАЙДЫ

«АЙНАЛАЙЫН» АЙТАТЫН АДАМ АЗАЙДЫ

Қазақта құлаққа жағымды, ұнамды сөздер жетерлік. Соның бірі – «айналайын». Ол сөзде жылылық, мейірім, махаббат, өмір бар. Бұл сөздің тамыры тереңде. Ертеректе қазақ отбасында баласы сырқатқа шалдығып ауырғанда ата-анасы немесе егде жастағы адам сол жастың сауығып, дертінен айығып, жанын аман алып қалу үшін осы ырымды жасаған екен. Оның бізге жеткен екі түрі бар.
Оның бірі баласы ауырғанда әкесі киімін терісіне аударып киіп, мойнына белдік іліп, оның «төменгі әлемге түскенін» білдіріп, баласын айнала бастаса, екінші жағдайда қарияларымыз киіз үйдің дәл ортасына науқасты жатқызып, үш мәрте айналып, есікке келген сәтте «айналайын» деп дауыстайды екен. Бұл ырымнан кейін, баласы сауығып кетеді екен. Содан бері бұл сөз қазақтың қасиетті сөзіне айналады. Сол үшін де қазақ баласын жақсы көріп, еміренгенде «айналайын» деп мейірімін көрсетеді.
Демек бұл сөздің мағынасы «жаным жолыңда құрбан», «сен үшін тәуекелге барамын», «өміріңе қорған боламын» деген мағынаны білдіреді. Үлкендердің балаларға адамды, үстелді, үйді айналуға тоқтау салатын себебі де осыдан қалған шығар.
Өкінішке қарай, бүгінде баласына «айналайын» дейтін адам азайған. Тегімізден ажырап бара жатқанымыз сонша, тіпті перзентімізге деген махабатты да қазақ сөзімен айтып жеткізуге қабілетсіз болып бара жатқандаймыз. Үлкендерден жылы сөз естіп өскен бала өзі де сезімшіл, мейірімді болады. Ал ондай сөз естімесе есейгенде еш нәрсеге елжіремейтін, тасбауыр болып қалмай ма екен деген ой да мазалайды. Бүгінгі ата-анасына да, жарына да қайырылмайтын мейірімсіз жандардың көбеюі – кезінде олардың үлкендердің шапағатына бөленбеуінде жатқан болар. Ата-ана мен ата-әже балаға деген махаббатын тек іспен ғана емес, жылы сөзбен де жеткізуі қажет. Керек кезінде айтылған сөз баланың жүрегінде өмір бойы сақталып, үлкенге деген құрметін оятады. Қазақта «айналайыннан» басқа да жылы сөздер көп қой. «Қарғам», «құлыным», «қозым» деген сөздерді естігенде жүрегің жылып, ішіңде әлдебір от тұтанғандай сезімде боласыз. Қазіргі ата-аналар баласын өзге тілдегі атаулармен еркелетуге бейім екені байқалады. Алайда ол сөздер баланың төл мәдениетінде, тарихи жадында болмағандықтан, оған ешқандай әсер етпейді.
Расында сөз сиқыр. Кейде қанша қалталы адамды көрсең де жүзінен бір жүдеулік байқалады. Ал сондайда көңілін аулап, әңгімеге тартып, әдемі сөзді сыйлап жіберсеңіз, жаны жылып қалмай ма?!
Ежелгі қауымдарда адам бірауыз сөзден сырқат болып, жатып қалатын жағдайлар кездескен. Қызығы, ондай науқастар тек сөздің күшімен ғана емделген. Қауымдағы беделді адам келіп, сауығатынын сөзбен айтпайынша ешнәрсе көмегін бермеген. Ал біз бүгін сөзді талғамсыз жұмсап, қастерлі ұғымдарымызды ұмытып барамыз. «Айналайынды» естіген бала айналасына мейірімді, кішіге қайырымды болып өседі. Сондықтан балалардан жылы сөзді аямаған жөн.
Шынында үлкен аға-апаларымыздың «айналайын» дегенін естігенде одан артық тәуір сөз болмайтындай көрінетін. «Айналайын» сөзі – бәріміз үлкендерден естіп өскен құдіретті сөз. Көбіне жақсы көргенде, еркелеткенде осы сөзді қазыналы қарттарымыз, ата-аналарымыз, жалпы, үлкендер қауымы айтып жатады. Иіле сәлем салған келінге де «бақытты бол, айналайын» деген батаның өзі қандай әсерлі еді. Кейде мұны «басымды ауыртпашы, айналайын», «айналайын, қоя қойшы» деп сол сөзді жағымсыз мәнде қолданатын болып кеттік.
Жоғарыда сөз – сиқыр дегенді айта кеттік. Сөздің құдіреті деген дүние де бар. Сол үшін адамдарға мейлінше жақсы сөз айтып жүрген абзалырақ. Біреуге айтқан жағымсыз сөзіңіздің жүгін өзіңіз арқалап жүресіз. Сондықтан кісі көңіліне келетін сөз айтудан аулақ болыңыз. Барынша жақсы сөздер айтып, айналаңыздағыларды ренжітіп алмауға тырысқаныңыз жөн. Қамшының сабындай мына өмірде барынша жақсы сөз айтып, өзіңізге де, өзгеге де қуаныш сыйлағанға не жетсін?!
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ

12 мамыр 2025 ж. 133 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10402)

10 мамыр 2025 ж.

№33 (10401)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (10400)

03 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 741
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031