» » Жылы сөз айтып жүрміз бе?

Жылы сөз айтып жүрміз бе?

Бұл күнгі адамның барлығы дерлік жұмысбастылыққа бет бұрғандай. Бірі – мемлекеттік қызметпен айналысса, ал екіншісі – кәсібін дөңгелентіп, табыс табуға белсене кірісіп кеткен. Келесілері күн-түн демей күнкөрістің қамымен азынаулақ тиын-тебенмен жан бағып жүр. Әркім қолдан келген қам-қарекетін қылады. Ешкімді жазғыру ойымызда жоқ.
Рас, біз сол жұмыс деп жүріп айналамыздағыларға аса мән бере бермейміз. Көршімен де баяғыдай етене жақын емеспіз. Тіпті бұрынғыдай туыстардың үйіне баруды да сиреткендейміз. Ашығын айту керек қой. Жұмыстан босай қалсақ, үй шаруасы, бала-шаға дейміз, одан қалды теледидар мен телефон деген дүниемен уақыт өлтіреміз. Сөйтіп жүріп туысқандармен жиі хатхабар алыспаймыз. «Жұмыс, жұмыс» деп жүрген кезде ағайын-туыспен қарым-қатынасымыз үзіліп қалып жатқан жоқ па? Олар сіздің ыстық ықыласыңыз бен жылы сөзіңізге шөліркеп қалмады ма екен? Бір сәт осыны да ойлап көрелікші.
Адам өзі жас қосқан сайын айналасынан жылулық іздей бастайды. Бірде емханаға барған сәтте жарын қолтығынан сүйеген ағайдың ісәрекеті сүйсіндіріп жіберді. Қазір қит етсе баж ете қалып, ұрысуға дайын тұрамыз. Ал айналаңнан көрген азғантай ғана мейірімің жаныңды осылай жылытып сала береді екен-ау...
Иә, бүгінде үнемі ой үстінде немесе қабағымыз қатулы күйде жүреміз. Ал осындай сәтте бір ауыз жылы сөз жаныңды жадыратып салмаушы ма еді? Еркелету сөздерді де қазір жиі ести бермейміз. Еркелету сөздері ілгерідегідей емес, өзгерген. Үлкен аға-апаларымыздың «Айналайын» дегенін естігенде одан артық тәуір сөз болмайтындай көрінетін. Иіле сәлем салған келінге де «бақытты бол, айналайын» деген батаның өзі қандай әсерлі еді. Ал қазір ше? «Басымды ауыртпашы, айналайын», «Айналайын, қоя қойшы» деп сол сөзді жағымсыз мәнде қолданатын болып кеттік. «Сәулем, қалқам» сөздерін бүгінде естіп жүрміз бе?! Сіз қандай еркелету сөзді қолданып жүрсіз?
«Жаным» деген сөзді бүгінгінің жастары атаенесінің көзінше айта беруді де әдетке айналдырып келеді. Қала берді бұл сөзді қыз балалар бірбіріне бей-берекет, жөнді-жөнсіз қолданатынын қайтерсіз?! Шындығында бұл сөз астарлы, мағыналы еді. Жаны мен жаны үндес адамдарға ғана арналып айтуға тиісті сөздің парқын төмендеткен де өзіміз…
Бір ғана жылы сөз, еркелету не ізгі тілек я болмаса мақтау сөз айтып, сол жанға қуаныш сыйлауға болады ғой. Осы арқылы өзіңізге де, өзгеге де жағымды көңіл-күй сыйлай аласыз. Бір жаннан «ісің алға бассын», «сәттілік серік болсын», «қуанышыңа ортақпын», «сіз жақсы адамсыз», «сіз сондай мейірімді жансыз» деген сөздерді естісеңіз, бір жасарып қаласыз ғой. Сіздің көңілкүйіңіз жақсы болса, айналаңызға да нұр төгіп тұратыныңыз анық.
Кешкісін жұмыстан сілелеп шаршап келіп, сіркеңіз су көтермей тұрғанда біреудің мазалап сөйлегенін де қаламайсыз кейде. Сол сәтте үй ішінен «шаршап келдің ғой, қарағым, (сөздің орнына түрлі әдемі сөз қосып айтcаңыз тіптен жақсы) тамаққа келіңіз» деген шақыру естігенде қандай күйде боласыз? Бір серпіліп қалатыныңызға күмәнім жоқ. Сондықтан қай уақытта болсын жылы сөз айтудың артықтығы бола қоймайды.
Қазір сөз көтере алмаймыз. Бір-бірімізге болмашы нәрсеге бола ренжісіп, өкпелеп, біраз уақытқа дейін сөйлеспей, тіпті бет көрсетпестей болып кететініміз тағы бар. Жанымызға жақын жандарды ренжітіп, кейін сол үшін өкініп қаламыз. Ал бірінші болып иіліп кешірім сұрауды ұят көреміз.
Біз ашу үстінде шешім қабылдауды жаман әдетке айналдырып алғанбыз. Сол сәтте «болды, бітті» деп бәрін тарс буып қоямыз. Көзіміз ештеңені көрмей кетеді. Санамызды тұманды ойлар билеп-төстеп алады. Жақсы ой сол кезде ойымызға келмейді ғой. Мектепте оқып жүрген кезімде әдеп сабағынан беретін мұғаліміміз айтушы еді: «Адам ең әуелі жақсы ойлау керек, жақсы ойдан жақсы сезім туады. Жақсы сезімнен жақсы іс туады» деп. Міне, сол уақыттан бері осы бір айтылған әдемі ой санамнан шыққан емес. Қандай жағдай болсын жақсы ойлауға тырысатынмын. Мейлі сәтсіз аяқталса да. Себебі, ол менің санамда жақсы кейіпте қалады. Біреуге айтқан жағымсыз сөзіңіздің жүгін өзіңіз арқалап жүресіз. Сондықтан кісі көңіліне келетін сөз айтудан аулақ болыңыз. Барынша жақсы сөздер айтып, айналаңыздағыларды ренжітіп алмауға тырысқаныңыз жөн. Қамшының сабындай мына өмірде барынша жақсы сөз айтып, өзіңізге де өзгеге де қуаныш сыйлағанға не жетсін?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
15 наурыз 2024 ж. 199 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031