АҒАҢ АҚЫЛДЫ БОЛСА
Кішкентай баланың әр нәрсені тәптіштеп сұрағыштай беретіні бар. Немерем бірде маған келіп: – Ата, осы қазына қайдан кездеседі, оны қалай табуға болады, – деп сұрамасы бар ма? Шамасы көгілдір экраннан көргені болса керек. Мен сәл ойланып, немереме былай деп жауап бердім: – Балам, қазына деген кітапта болады. Келесі жылы мектепке барасың. Оқу, жазу үйренесің. Содан кейін кітапты көп оқысаң, саған қазынаның кілті жолығады. Сонымен қазынаны табасың. Бай болып, үлкен азамат боласың, – дедім. Балам ойланып қалды. Бір жеті өткен соң, сол сұрағы ойыма түсіп, енді өзінен сұрадым. Ойым ұмытып қалмады ма екен, есіне сақтап қалды ма, жоқ па, соны байқау. Менің сұрағыма немерем: – Ата, қазына кітапта болады дедіңіз ғой, – деп жауап берді. Ұмытпағанына риза болып қалдым. Иә, адамды азаматтық тұлғаға көтеретін, өресін биіктетіп, басқадан ерекшелейтін сөздің құдіреті, ал асыл сөз кітапта емес пе? «Адам адамнан ақылы мен білімі арқылы озады», – демеп пе еді, Абай атамыз. 
Жоқ, айтса әңгіме көп, бірақ бұған енді тереңдей бермей, негізгі айтар ойыма көшейін. Өмірде сансыз адамға жолығасың. Әркім өзінің «жақсы көрген адамына сәлем береді». Тірлікте мен қадірлейтін адам, ол – рухани жетілген, оқығаны мен тоқығаны мол, айтар ойы, берер тәлімі бар адам. Ондай адаммен кездесу, пікірлесу мен үшін үлкен ғанибет. Сондай жандардың бірі де бірегейі – Сәпен Аңсатов ағам. Сәпен ағамды сырттай білуші едім. Бір күні «Айтарым бар» деген кітабы қолыма түсті. Бас алмай оқып шықтым. Кітапқа сүйсіндім, автордың жан дүниесін таныдым. Риза болдым. Содан кейін кездесіп, таныстығымыз ағалы-інілі қарымқатынасқа ұласты. Ағамның ойы озық, айтар сөзін күлтектемей тура айтатын, жақсылыққа жаны құмар жан. Ой деген адамға ақылы арқылы келеді, ақылдың шешімін айтпай, өзгенің көңіліне қарап сөйлеу біріншіден өзіңді сыйламау, екіншіден ақылыңды жоққа шығару болып шықпай ма? Бұл кісіде тура айту бар, сонысы өзінің адами бағасын өсіріп тұрады. Ауыз әдебиетінен бала кезінде сусындаған ағам көп авторды оқыған. Жай оқып қоя салмаған, шығарманың мәні мен мазмұнына тереңдеп барған, оның асыл құндылықтарын жан дүниесіне қазынадай жинаған. Жаманды таныған, ондай болмауға тырысқан. Өйткені, өмір дегеніңіз де жаман мен жақсыдан тұрады. Осы екеуін бірбірінен айыра білген, танып меңгерген адам ғана ақылды адам. Сәпен ағамның бала кезден бастау алған кітапқа деген қызығуы ешқашан үзілмеген. Сөздің ләззаты мен құндылығын түсінген адамның құмарлығы керемет болады. Көп адам байлықты дүние жинау деп түсінсе, нағыз азамат рухани байлыққа ден қояды.
 Рухани байлық адамды биікке өсіреді және ол көбеймесе азаймайды, керек кезінде егесіне қызмет етеді. Кітапқа деген құмарлықты анасы оятқан екен. Сол үшін де әлі күнге дейін анасына құрмет көрсетіп басын иеді.
 Жақында ағамыздың «Жүрегіме жеткен жыр» деген кітабы жарыққа шықты. Елге бір келгенде кітаптың бір бумасын маған тастап кетті. Қай жерге және кімге беруді анықтап айтты. Жосалы кенті орталығындағы үш кітапханаға, өзі оқыған №26 қазақ орта мектебіне, зиялы қауым өкілдеріне айтуы бойынша тараттым. Қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әлидің өлеңдеріне талдау жасаған. Ақынға деген құрметі мен жырға ғашық жаны «менмұндалап» тұр. Қадыр жырын негізгі он тақырыпқа топтастырған. Тұшымды сөз жазып, өрелі өлеңмен әрлеген. Адамға өзгеше ой салады. Кітаптың маңызы да осында жатыр. Сүйсініп оқып шықтым. Жұртқа таныстыруға асықтым. Қадыр ақынды тануға арналған құнды дүние. Кітапта айтылған ойларды тәптіштеп жазбай-ақ қояйын, оны көзі қарақты оқырманға қалдырдым. 
Аға, қаламыңыз мұқалмасын, жақсылықтың жаршысындай, адамдықтың болмысындай болып жүре беріңіз. Сәпен ағам туралы тереңдеп жазып отырғаным жоқ. Өйткені, менің мақсатым жаңа кітапты таныстыру болатын. Айтылар сөз алда. «Ағасы ақылды болса, інісі данышпан болады» деген. Біз сізге қарап бой түзейміз.
 Жаңа кітап құтты болсын! Оқырманын тапсын. 
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ
		

















