Жолаушының әңгімесі
Қызылордадан Қармақшыға көлігіммен шығып келе жатыр едім, «Наурыз» аялдамасынан үлкен кісі мен жас бала қол көтерді. Күн болса салқын, жол тайғақ. Барған жеріме дейін ала кетейін деп тоқтадым.
– Ақсақал қайда барасыз?
– Аққұмға дейін ала кетесің бе, балам.
– Отырыңыз.
– Ой рақмет, балам.
Екеуінің де тоңып қалғаны байқалып тұр. Жолай жөн сұрасу басталды.
– Өзің қайда барасың?
– Қармақшыға.
– Ммм. Қай елдің баласысың?
– Кіші жүз, Кете Тұрмағамбет ауылының баласымын.
– Аа, дұрыс екен.
– Өзіңіз қай ел боласыз?
– Менің руым – Ошақты. Атым – Үмбетияр. Жасым – жетпіс үште. Түркістанда тұрамын. Аққұмда құдамның үйіне немерем екеуміз бара жатырмыз. Қыз алып отыр едік.
– Аа, дұрыс екен, аға. Қасыңыздағы немереңіз бе?
– Иә. Аты – Жақып. Өзім қойғанмын атын.
– Наурызда туысқандарыңыз бар ма еді?
– Жоқ, жаңа бір көліктен осы жерден түсіп қалдым.
– Неге?
– Қызылордаға дейін газельмен келгенмін. Сосын вокзалдан бір таксиге отырдым. Таксидің ішінде аузы былапыт, адам сыйлау білмейтін, өзінен өзгені адам қатарына санамайтын бір жолаушы бар екен. Жасы менен көп кіші. Сөздері әйдік, бақуатты көрінді. Аузы да лас екен. Сол адамнан жиіркеніп, жолай тағы біреу кездесер деп түсіп қалдым. Танымайтын адамға қой деп қалай айтарсың?!
Бұл дүниеде неше түрлі адам бар ғой. Біреу дәулетімен, біреу атақ-абыройымен мақтанады. Бірақ әр адамның абыройы соңғы демінде сыналады ғой, айналайын. Алла соңғы деміңде кәлимаңды айтуды бұйыртпаса сол қиын.
Үндемей тыңдап отырмын.
– Алматыда бір құрдасым тұратын еді. Оның байлығының есебі жоқ шығар сірә. Дүкені, көліктің түр-түрі, зауыты бар. Бірақ қайырсыздың қатарындағы, өзінен басқаны адам құрлы көрмейтіннің бірі сол еді. Ана көліктегі жолаушы екеуі бір анадан туғандай бір-бірінен айнымайды екен. Сол құрдасым науқасқа шалдығып бір жылдан аса төсек тартып жатты. Апармаған жері қалмады. Шетелдің дәрігерлерінің бәрін аралаған шығар. Ем қонбады. Ақыры күні бітіп соңғы демінде кәлимаға тілі келмей "мама, мама" деумен үзіліпті. Алла біліп-білмей жасаған күнәларын кешірсін. Бұл дәулет, атақ дегенді көтеріп жүре алсаң жақсы. Көтере алмасаң күніңнің соңы жаңағыдай болатынын Құдай өзі көрсетіп тұр ғой, – деді күрсініп.
Осылай ақсақалдың әңгімесін тыңдап келе жатып Аққұмға да келіп қалыппыз.
– Ақсақал, келдік Аққұмға.
– Балам, рақмет. Қанша беруіміз керек еді?
– Ақсақал ештеңе қажет емес. Мен такси емеспін. Тек сіздің жолдан қол көтеріп тұрғаныңызды көріп өтіп кете алмадым.
– Бақытты бол, қарағым.
– Әмин.
Осылай ақсақалды Аққұмнан қалдырып әрі қарай кете бардым. Ойланып келе жатып, адамның да ішінде неше түрлісі бар-ау деп қоямын. Жамағатпен оқылған намаздың соңында имамның елдің амандығын тілегеннен кейін, "Раббым, соңғы демімізде бізге "Лә илаһә иллә Алла, Мухамадур расул Алла" деп кәлимамызды айтуды нәсіп еткейсің дейтін дұғасы еріксіз ойыма оралды.
Амандық ҚУАНДЫҚҰЛЫ