» » Балалар боқтампаз болып барады

Балалар боқтампаз болып барады

qarmaqshy-tany.kz Кешкілік жұмыстан жаяу қайтамын. Сондайда әртүрлі көшемен жүремін. Түрлі жағдайдың куәсі боламын. Мұндайда әдеттен тыс жағдайды жиі байқайсыз. Дауыстап сөйлеп, даурығып тұсыңыздан өте шыққан балалардың аузынан төгіліп тұрған балағат сөзі құлаққа түрпідей тиеді. Бұл не? Тәрбиенің кемдігі ме, жастығы тасыған жасөспірімдердің өтпелі кезеңдегі балалық ауруы ма? Өкінішке орай, өзін ұстау мәдениеті деген түсінік көбінде жоқ.

Фото
Бала емес, ересектердің өзі телефонның ар жағындағы адамға ауыр балағат сөздерімен төпеп, қасынан өтіп бара жатқан адамнан еш қымсынбастан айтып қалатынын жиі кезіктіреміз. Тіпті бейәдеп сөздер жазылған әлеуметтік парақшаны қарауға ұяласыз. Айналып келгенде барлығы отбасындағы тәрбиеге келіп тірелетіні анық қой. Қайдан, не шықса да «оттың басынан» шығады. Қадағалап, бақылап отырмасаңыз бітті. Ақиқатында, мұның бәрі үйдегі кемшін дүниенің көшеге шыққанынан ба дерсіз. Адам көрген, естіген нәрсесін санасына тез сіңіріп қабылдап алады емес пе?! Сондықтан үйде, шаңырақ басында әдепке үйреткен дұрыс болмақ.
Үйдегі үлкен ұлдың балабақшаға барғанына көп бола қойған жоқ еді. Бір күні ашуланған кезінде аузынан әлгіндей сөздің біреуі шығып кетті. Бұрын-соңды ондай сөзді естімегенінен кейін қайдан үйренгенін сұрадық. Балабақшадағы бір баланың атын атады. Мұнан соң бірнеше рет балабақшадағы қатарластары «боқтайтын бәленше» деген сөзді атына қоса атап жүргенін естідік. Әлден атына жақсы ат теліп алған жоқ. Боқауыз сөзбен аты шықты. Бұл жақсы ма?!
Балағат сөздің адамға тигізер зиянына тоқталайықшы. Оның шығу тегінде қарғыстың «ізі» жатыр. Бұл адамның жүрегінде қатты ашудың сыртқа шығу процесі. Әлгі сөз дүниенің жойқын күштерімен байланыстыратын кілт сөз ретінде айтылады екен. «Жақсы сөз — жарым ырыс» дегендей, Жаратушымен тіл табыстырса, жаман сөз айтқан адамның қарғыс сөзі бағытталған адамның да жан дүниесін былғайды. Былапыт сөзбен адам өзіне, балаларына және бүкіл отбасына ең лас және ауру мен қаралықты шақырады. Оның белгісі адам ағзасында көрініс тауып, жаман ауруға ұласады-мыс. Ұзақ жылдар бойы сөз бен адам санасының арақатынасын зерттеген биология ғылымдарының докторы И.Белявский математикалық дәлдікпен белгілі бір энергия спектрімен адамның өзі ғана емес, оның әр сөзінде энергия заряды болатынын дәлелдеді. Соңында бұл сөз генге әсер етеді, жақсы сөз денсаулықты жақсартып, өмірді ұзартады екен. Ал іріген ауыздан шыққан сөз басына тауқымет әкеліп, тірлігін айтарлықтай нашарлатады. Расымен бұл бар дүние. Сондықтан қандай сөзді жиі қолданатыныңызға мән берген дұрыс. Себебі, өзіңіз жақсы сөз сөйлеп жүретін болсаңыз, айналаңыз да, балаңыз да жақсы әдетке сусынданып өсетіні анық.
Ауыр сөз адамдардың қарымқатынасын қиындатады. Ақыл-ойы тұйықталып, ойын жай сөзбен жеткізе алмай, тіл байлығының басқа жағына қарай дамуымен көркем мінезге бітетін көрікті ойлары қор болады. Байқап қарасаңыз, тіл байлығы жұтаң адамдардың көбі не үндемейді, не болмаса аузынан лас сөз шығып жатады.
Психолог мамандардың айтуынша, жасөсіпірімдердің жаман әдеті басқа адамды ренжіткісі келетінінің салдарынан туындап жатады. Кәмелетке толмаған бала өз ортасында өзін ересек сезініп, көрсеткісі келеді. Алайда көзге түсудің басқа жолын білмей, осы әдетке бой ұрады. Мұны өтеді, кетеді деп жылы жауып қоюға болмайды.
Бүгінгі бала үлкен өмірдің бастауында тұрып, тұлға болып қалыптасқанша, басын тасқа да, тауға да соғуы мүмкін. Сол жолда жаман әдетке жасынан үйір болмай, өзінің келешегін қор етпес үшін ересектердің қамқорлығы, мейірімі, өмірлік тәжірибесі аса қажет.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
09 тамыз 2023 ж. 455 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 312

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 411

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930