«ҚАРТТАРЫМ - АСЫЛ ҚАЗЫНАМ»
Қариясын ардақтаған елдің мерейі де, берекесі де биік. Ғибратты ғұмырын еліміздің игілігіне арнап, саналы ұрпақ тәрбиелеп, туған жердің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан аға буын өкілдерінің орны қашан да төрде. Осы ретте Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Тағылымды кездесу ауданымыздың «Руханият» орталығында өтсе, бүгін Байқоңыр қаласында жалғасын тапты.
Мерекелік шара барысында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев ардагерлерді мерекемен құттықтап, ауданның дамуына аға буын өкілдерінің қосқан үлесі айрықша екенін атап өтті.
– Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақылдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Әрқайсыңыздың киелі мекеннің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңізді жақсы білеміз, – деді Диас Асылбекұлы.
Бүгінгі бейбіт өмір мен еліміздің жетістіктері аға буынның маңдай тері мен қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін айтқан аудан әкімінің орынбасары қарияларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау мен қамқорлық жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
Қазір киелі Қармақшыда 5590 зейнеткер бар. Оның ішінде 5300-ден астамы ардагерлер ұйымының мүшесі. Қарияларға әлеуметтік-тұрмыстық, материалдық және өзге де қажетті көмектер көрсетіліп, мерекелік күндерде олардың жағдайы тұрақты назарда ұсталып келеді.
Мерекелік шара барысында ардагерлерге аудан әкімінің арнайы «Алғыс хаты» табысталып, құрмет көрсетілсе, аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
– Бүгінгі бейбіт өміріміз – сіздердің маңдай терлеріңіз бен еңбектеріңіздің жемісі. Осы мерейлі мерекеде баршаңыздың ұрпақтарыңызға бақ-береке тілеймін. Әр күндеріңіз қуанышқа, шаттыққа толы болсын! – деді Диас Асылбекұлы.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















