ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРЫМЫЗҒА АЙРЫҚША ҚҰРМЕТ
«Қарты бар ел – қазыналы ел» дейді дана халқымыз. Өйткені өмірдің талай белесін артқа тастап, елдің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аға буын – кейінгі ұрпаққа жол сілтер ақылдың, өнегенің және тағылымның қайнар көзі.
Осы орайда бүгін ауданымызда Халықаралық қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Тағылымды кездесу барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтап, аға буын өкілдеріне деген ыстық ықыласын білдірді.
«Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақылдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі әрқайсыңыздың киелі мекеннің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңізді біз жақсы білеміз. Бүгінгі бейбіт өміріміз – сіздердің маңдай терлеріңіз бен еңбектеріңіздің жемісі. Бүкіл саналы ғұмырын, қажыр-қайратын ел игілігіне жұмсаған қарттарымыздың алдында әрдайым қарыздармыз», – деді аудан басшысы.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының маңызын атап өткен аудан әкімі соңғы төрт жылда Байқоңыр, Қызылорда және Түркістан қалаларына 300-ге жуық ардагердің тағылымды сапары ұйымдастырылғанын жеткізді. Сондай-ақ ардагерлерге әлеуметтік-тұрмыстық, материалдық және өзге де қажетті көмектер көрсету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Мерекелік шарада ардагерлерге құрмет көрсетіліп, бірқатар азаматтарға аудан басшысының «Құттықтауы» табысталды.
Кештің мазмұнын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы толықтырды. Жыршылар мен ауданның көркем өнерпаздары әсем әндер орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бұдан бөлек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев, ауылдық округтері ардагерлер кеңестерінің төрағалары сөз сөйлеп, ақжолтай тілектерін жеткізді.
Айта кетсек бүгінде аудан бойынша 5590 зейнеткер бар, оның ішінде 5300-ден астам қазыналарымыз ардагерлер ұйымының мүшесі ретінде алтын қолтаңбаларын қалдырып келеді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















