ҰСТАЗ ЕҢБЕГІНІҢ ЖЕМІСІ
Ұстаздықтың ең үлкен өлшемі – шәкіртінің жетістігі. Білім берген мұғалімнің еңбегі оқушысының әрбір жеңісінен, әрбір бағындырған биігінен көрінеді. Кенттегі Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі Айнұр Бөріқұлованың кәсіби жолы да осындай нәтижелі еңбегімен ерекшеленеді.
Айнұр Темірбайқызының ұстаздық жолы білім мен ізденіске негізделген. Ол 1999 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алды. 2004 жылдан бастап мектеп-лицейде пән мұғалімі ретінде еңбек етіп келеді. Осы білім ордасында 22 жыл табанды еңбек етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиесіне үлесін қосуда.
Ұстаз биология пәнін оқытумен шектелмей, шәкірттерін ғылыми ізденіске, олимпиадалық білімге, тәжірибелік жұмыстарға баулып жүрген ізденімпаз жан. Оның педагогикалық тәжірибесінде оқушының пәнге қызығушылығын оятып, алған білімін нақты нәтижеге бағыттау маңызды. Жоғары сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына да жүйелі түрде дайындайды. Ол оқушылардың теориялық білімін бекітумен бірге тест тапсырмаларын орындау дағдыларын қалыптастыруға, күрделі тақырыптарды терең меңгеруге басымдық береді. Әрбір оқушының білім деңгейі мен жеке қабілетін ескеріп, жүргізілетін дайындық жұмыстары олардың биология пәнінен білімін жетілдіріп, жоғары нәтижеге ұмтылуына мүмкіндік береді. Ұстаздың бұл бағыттағы еңбегі шәкірттерінің жоғары оқу орындарына түсуіне, болашақ мамандығына сенімді қадам басуына да ықпал жасауда.
Мұғалімнің кәсіби ізденісінің бірі – «Жаратылыстану пәндеріне көркем шығарманы кіріктіру – тұлға қалыптастырудың негізі» тақырыбындағы аудандық тәжірибе алаңына қатысып, сертификат иеленуі. Сонымен қатар «Білікті ұстаз» республикалық пәндік олимпиадасында І дәрежелі дипломмен марапатталып, ауданымыздың мерейін үстем етуі де еңбегінің айқын көрінісі. Педагог білімін жетілдіруді назардан тыс қалдырмайды. Жасанды интеллект курсын аяқтап, сертификат алған өз ісінің маманы заманауи технологияларды білім беру үдерісіне енгізуге ұмтылып келеді. Кәсіби ізденісінің нәтижесінде 10-11 сыныптарға арналған «Қазіргі заманғы биотехнология: ғылым мен инновацияның өзара ықпалы» атты авторлық элективті курс бағдарламасы әзірленді.
Сала қызметкерінің еңбегі білім беру жобаларында да көрініс тапқан. «Балалар кітапханасы» жобасының «Белсенді оқу – тиімді тәжірибе» облыстық журналында шығармашылық жұмысы жарияланса, кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті мектепішілік жұмыстарда жоғары бағаланды. Ол мектепішілік «Ең үздік сынып жетекші», «Ең үздік әдістемелік бірлестік жетекшісі» аталымдарында үздік шыққан.
А.Бөріқұлованың еңбегі жылдар бойы түрлі деңгейдегі марапатпен бағалануда. Атап айтқанда, аудандық «Үздік биолог» байқауында ІІ орын иеленсе, өткен жылы білім бөлімінің алғыс хаты мен құрмет грамотасына, сондай-ақ аудан әкімі орынбасарының алғыс хатына ие болды. Ал осы жылы басқарма басшысының құрмет грамотасымен марапатталды. Маусымда ұстаз еңбегі тағы да биіктен көрініп, облыс әкімінің алғыс хатымен мадақталды. Сонымен қатар «Біркөлік» шипажайына жолдама табысталды. Мектепішілік бағалау қорытындысында А.Темірбайқызы «Үздік мұғалім» рейтингінде ІІ орын алып, ақшалай сертификатқа қол жеткізді. Бұл марапаттың әрқайсысы – ұстаздың жылдар бойы қалыптасқан кәсіби тәжірибесі мен үздіксіз ізденісінің жемісі деуге болады.
Білікті маманның ұстаздық жолындағы ең жарқын нәтиже – шәкірттерінің республикалық деңгейдегі жетістігі. Оқушысы Қайсар Жансеріков «Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасының» аудандық кезеңінен облыстық кезеңге жолдама алып, облыстық кезеңде ІІ орыннан көрінді. Осылайша, республикалық кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл кезеңде де Қайсар І орынды жеңіп алып, алтын медаль иегері атанды. Оған қоса, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың келесі бір нәтижесінде ІІІ орынға ие болып, қола медальдан алқа тағынып, «Ең үздік ауыл оқушысы» номинациясының жүлдегері болып танылды. Жоғары оқу орнының 100 пайыздық грант иегері атануы да – ұстаз бен шәкірттің үйлесімді еңбегінің арқасы. Ұстаздың мамандыққа адалдығының тағы бір дәлелі – оқушыларының «Ақбота» республикалық олимпиадасында жүлде салуы. 2025 жылы осы олимпиадада Әлия Тұрақ, Саяжан Байменова, Гаухар Нұрланқызы, Перизат Бахытбековалар ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Педагог тәжірибесінен пәнді меңгертумен қатар, оқушыны өз бетімен ізденуге, зерттеуге, тәжірибе жасауға жетелеудің әдістемесін көруге болады. Биология пәні арқылы оқушыларға табиғаттың заңдылығын танытып қана қоймай, зерттеу, бақылау, тәжірибе жасау мәдениетін қалыптастыруға мән береді. Мұғалімнің өз жетістігі – оның кәсіби ізденісінің көрінісі болса, шәкіртінің жеңісі – сол еңбектің ең үлкен көрсеткіші. Оның педагогика жолындағы басты құндылығы да – осында.
Бүгінгі таңда ұстаздың алдында тұрған мақсат – білім, ғылымға қызығатын, ізденетін, алған білімін өмірде қолдана алатын тұлға қалыптастыру. Ал шәкірттерінің республикалық деңгейде мойындалып, олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болуы, «Ең үздік ауыл оқушысы» атануы – ұстаз шығармашылығын одан әрі шабыттандыра түседі.
Ұлағат иесі үшін шәкіртінің әрбір жетістігі жаңа мақсатқа бастап, ізденіске жол ашады. Сондықтан қол жеткізген жетістікке тоқмейілсу емес, керісінше, білім көкжиегін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылу – басты мұраты. Алдағы уақытта да тың идеялар мен бастамалар жалғасын тауып, білікті жанның ізденісі талай биікке жол ашарына сенім мол.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА















