МӘУЕЛІ БАҒБАН
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні ұлттық мәдениет пен тілдік құндылықтарды меңгеру үшін маңызды құрал болып табылады. Бұл пән арқылы оқушылар тек тілдік дағдыларды ғана емес, сонымен қатар ұлттық рухани мұраларды, әдеби шығармалар мен тарихи оқиғаларды түсініп, бағалай алады. Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелерін көтеру мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті ұстаздары оқушыларды терең біліммен қамтамасыз етіп, олардың ойлау қабілетін дамытуды көздейді.
Білікті ұстаздар оқыту әдістерін жетілдіру арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады. Мысалы, интерактивті оқыту әдістері, жобалық жұмыстар және шығармашылық тапсырмалар оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытып, жадына қонымды білім береді. Мұндай тәсілдер оқушыларды өздігінен зерттеу жүргізуге және шығармашылық қабілеттерін көрсетуге ынталандырады. Бүгінгі мақаламызды жазуға арқау болған білікті ұстаз туралы айтқым келеді.
Жоғары нәтижелерге жету үшін оқушылардың білім деңгейін арттырумен қатар, олардың тестілеуге дайындық сапасын жақсарту үшін еңбек етіп жүрген мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Индира Әбдіхалыққызы. Оның еңбек өтілі 20 жыл, педагог-сарапшы. Болашақты алыстан болжай білетін білікті маман 2024-2025 оқу жылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдаған екі оқушының және сыныбындағы оқушылардың түгел грант иегерлері атануына үлкен үлес қосты.
5-сыныптан бастап сабақ беріп, сынып жетекшілік қызметін қоса атқара жүріп, әрбір оқушының жетістікке жету жолында аянбай еңбек еткен ұстазымыздың жетістіктері аз емес. Биылғы түлек Еркебұлан Жалғасбаевтың ақындық қабілетін шыңдап, бала қиялындағы арманына қол жеткізуіне тікелей ықпал ете білген шебер мұғалім десем, артық айтпаған болармын. Еркебұлан біздің мектебіміздің, қала берді аудан және облысымыздың намысын қорғай білген, мақтанышымызға айналған шәкірт. Республикалық ақындар айтысының жеңімпазы ұлттық бірыңғай тестілеуден қазақ тілі пәні бойынша 50 балл иеленіп, қазақ тілі пәнін жетік меңгергенін дәлелдей білді. Бүгінгі таңда Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінің грант иегері атанды.
Сондай-ақ, ауыл олимпиадасының облыстық кезеңінде ІІ орын иеленген Аида Абулкасанова қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдап, жоғары балл жинап, Е.Букетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің грант иегері атанды. Аида мектеп кезінде бірнеше аудандық, облыстық жарыстардың жеңімпазы атанған, қазақ тілінің тіл білімі саласын жетік меңгере білген білімді шәкірт.
Бітіруші түлектерге сабақ беріп қана қоймай, жетекші болу қызметін қоса атқарған ұстазымыздың сыныбындағы оқушылар түгелдей грант иегерлері атанғанын мақтанышпен айта аламыз. Информатика пәнін таңдаған оқушысы Айдар Достыбаев Алматы қаласы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ұйымдастырған «SU Coding Cup – 2025» олимпиадасына қатысып, грант жеңіп алды. Сынып белсендісі Гүлзат Байұзақ Абай атындағы Ұлттық университеттің психология-педагогика мамандығы бойынша грантқа түсті. Қайыржан Рақашев Астана қаласындағы Астана Халықаралық университетінің география пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша грант иегері атанды. Досхан Жағипарұлы Ғ.Даукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің грантын жеңіп алды. Каусар Алибекова Алматы қаласы Орта Азиялық зияткер университетінің дизайнер мамандығы бойынша грант иегері атанды. Осындай шәкірттердің арманын аялай білген ұстаздың еңбегі зор. Индира Әбдіхалыққызы болашақта білім беру жүйесін жетілдіруге әлде де зор үлес қосатынына сенеміз.
Гаухар СМАҒҰЛОВА,
№85 орта мектептің мұғалімі















