» » ҚАРТЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛДІҢ ҚАЗЫНАСЫ МОЛ

ҚАРТЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛДІҢ ҚАЗЫНАСЫ МОЛ

Сурет ашық дереккөзден алынды
Қарттар күні – үлкенге құрмет көрсетіп, олардың өмір жолына тағзым ететін, жүректен шыққан алғысымызды білдіретін ерекше мереке. Сондай-ақ, қарттар күні адамзаттық құндылықтарды, мейірім мен ізетті, сыйластық пен ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін тағылымы мол күн болуымен ерекшеленеді. Жыл сайын 1 қазанда дүниежүзінде, соның ішінде біздің елімізде де қарттар күні атап өтіледі. Бұл мереке аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың қоғамға сіңірген еңбегін бағалау, өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында белгіленген. Ал қазақ халқы үшін үлкенді сыйлау ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәрбиенің өзегі.
Халық даналығында «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген қанатты сөз бар. Халқымыздың дүниетанымын айқындайтын терең мағыналы сөз. Себебі қария – отбасының, тұтас елдің рухани қазынасы. Оның бойында жылдар бойы жинақталған өмір тәжірибесі, көргені мен түйгені, қуанышы мен қиындығы, ел мен жердің тарихы бар.
Қария – отбасының, соның ішінде қазақы дәстүрде алыстамаған, аға буын мен өскелең ұрпақтың өзара байланысын үзбей, сыйластығын сақтай білетін әрбір жанұяның берекесі. Қазақ шаңырағында ата мен әженің орны әрдайым бөлек. Үлкендер әрдайым отбасының ақылшысы, ұрпақтың тәрбиешісі, әулеттің ұйытқысы ретінде бағаланады. Бала үшін атаның ақылы мен әженің әлдиі – өмір бойы есінде қалатын рухани сабақ. Әже тәрбиесін көрген бала мейірімділікті, ізеттілікті, қонақжайлылықты, үлкенді сыйлауды сіңіріп өседі. Ал атаның өнегесін көрген ұрпақ елін, жерін, туған тілін, салт-дәстүрін құрметтеуге ерте бейімделеді. Сондықтан халқымыз «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп ұрпақ тәрбиесінде отбасы үлгісінің маңызын ерекше атап өткен.
Бұрын қазақ ауылында үлкен кісінің батасын алмай іс бастау, маңызды шешім қабылдау сирек кездесетін. Қариялар ел арасындағы дауды шешіп, екі жақты татуластырып, ұрпаққа бағыт-бағдар беруде маңызды рөл атқарды. Ақсақалдың сөзіне тоқтау, әженің ақылын тыңдау тәрбиелі адамның белгісі деп танылды. Қазір қоғам өзгерді, сол қоғамды құрайтын адамның тыныстіршілігі өзгерді. Технология дамып, ақпарат ағыны күшейді. Жастардың өмір салты да бұрынғыдан өзгеше. Дегенмен, адамдық құндылықтар өзгермеуі керек. Үлкенге құрмет көрсету, ата-ананы ардақтау, қарияның батасын алу – қай кезеңде де маңызын жоғалтпайтын ұлттық құндылықтар.
Әрбір қарияның өмір жолының өзіндік тарихы бар. Бірі елдің дамуына үлес қосқан еңбек адамы болса, енді бірі – ұстаздық жолды таңдап, талай шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Бірі – медицина, мәдениет, өндіріс, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етсе, енді бірі – отбасын берік ұстап, бала тәрбиесіне ғұмырын арнаған жан.
Бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақты қоғам өздігінен қалыптасқан жоқ. Аға буын өкілдері ел басынан өткен талай тарихи кезеңді көрді. Соғыс жылдарының ауыртпалығын, соғыстан кейінгі қиындықтарды, елді қалпына келтіру кезеңін, тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістерді бастан өткерген жандардың алды ғасыр жасаса, кейінгілерінің өзі алпыс жасты алқымдап, бейнетінің зейнетін көретін жасқа жетіп отыр. Сол себепті қариялардың әңгімесі – өткен тарихтың тірі шежіресі. Олардың естелігін тыңдау арқылы жас ұрпақ өмірдің өзінен сабақ алады. Қарияның әрбір сөзі тәжірибеден жинақталған тұжырым. Кейде үлкен кісінің бір ауыз ақылы жас адамның өміріне бағыт-бағдар беруі мүмкін. Сондықтан олардың әңгімесін тыңдау, өмір жолын зерттеу, естеліктерін жазып алу – ұлттық жадымызды сақтаудың да бір жолы.
Қоғамның тұрақты дамуы үшін ұрпақтар сабақтастығының маңызы зор. Аға буын өз тәжірибесін кейінгіге берсе, жас ұрпақ сол тәжірибені жаңа заман талаптарымен ұштастыра алады. Бүгінгі жас – ертеңгі ел ағасы. Ал қазіргі қариялар – кешегі жас буын. Демек, бұл – үзілмейтін өмір сабақтастығы. Аға буын жастарға еңбекқорлықты, сабырлылықты, жауапкершілікті үйрете алады. Ал жастар үлкендерге заманауи технологияларды меңгеруге, цифрлық мүмкіндіктерді пайдалануға көмектеседі. Осылайша екі буын бір-біріне қажет екенін, бірін-бірі толықтырып отыратынын түсінуі керек.
Мәселен, қазіргі таңда немере-шөберелері атаәжелеріне смартфон қолдануды, интернетке қосылуды, бейнеқоңырау арқылы алыстағы туыстарымен сөйлесуді үйретіп жүр. Ал ата-әжелер балаларға ұлттық салт-дәстүрді, жөн-жоралғыны, отбасылық құндылықтарды үйретеді. Бұл – өзара сыйластықтың тамаша үлгісі. Алдыңғы буын – тәжірибенің, екінші буын – жаңашылдықтың иесі. Екеуі тоғысқанда ғана қоғамда үйлесімділік қалыптасады.
Қарттарға құрмет – тәрбиенің көрінісі. Қарттар күні қарсаңында түрлі қайырымдылық және мәдени іс-шаралардың ұйымдастырылуы қоғамдағы ізгілік пен мейірімділіктің көрінісін сипаттайды. Мектеп оқушылары қарттар үйіне, жалғызбасты қариялардың үйлеріне барып, концерттік бағдарламалар ұсынып, сыйлық табыстап, ақ баталарын алады.
Мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор. Себебі бала үлкенге құрмет көрсетудің маңызын сөзбен ғана емес, іс арқылы түсінеді. Дегенмен, қарт кісілерді бір күн ғана еске алып, қалған уақытта назардан тыс қалдыруға болмайды. Құрмет мерекелік шарамен шектелмеуі тиіс. Үлкен кісінің халін сұрау, денсаулығына көңіл бөлу, қажет кезінде көмектесу, әңгімесін тыңдау, мерекеде құттықтау – күнделікті өмірдегі қарапайым, бірақ маңызы зор адамгершілік әрекеттер.
Қазақ халқы үшін батаның орны ерекше. «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген сөз бекер айтылмаған. Ал батаны көпті көрген, көп жасаған ақсақал, қарт кісілер беретіні анық. Батаның әрбір сөзінде игі тілек, ізгі ниет кодталған. Үлкеннің батасы – ұрпаққа деген ізгі тілектің көрінісі. Қазақ баласы үлкеннің батасын алуды мәртебе санаған. Жолға шығарда, үйлену тойында, жаңа үйге кіргенде, маңызды іс бастағанда қариялар ақ батасын берген. Сондықтан жас ұрпақ үлкендердің батасын алып, олардың сөзін қадірлеуді дәстүрге айналдырғаны жөн.
Қарттарды құрметтеу мәдениетін қалыптастыруда отбасы тәрбиесімен қатар мектептің де орны ерекше. Білім ордаларында Қарттар күніне арналған кездесулер, тәрбие сағаттары, әдеби-сазды кештер, ардагерлермен жүздесулер ұйымдастырылып келеді. Мұндай кездесулерде оқушылар қариялардың өмір жолымен танысып, олардың еңбек тәжірибесінен үлгі алады. Әсіресе оқушылардың өз ата-әжелері туралы шағын зерттеу жүргізуі, олардың өмірбаянын жазуы, отбасылық суреттер мен естеліктер жинақтауы, бір жағынан, қызықты, екінші жағынан, тәрбиелік мазмұнға толы. Бұл баланың зерттеушілік қабілетін дамытып, отбасылық тарихтың сақталуына да оң ықпал етеді.
«Қарттық – қоғамнан шет қалатын кезең» деген түсінік дұрыс емес. Керісінше, қазіргі таңда көптеген зейнеткер қоғамдық өмірге белсенді араласып, жастарға тәжірибесімен бөлісіп, түрлі бастамаларға атсалысуда. Ұстаздық жолдан зейнетке шыққан қариялар жас мұғалімдерге әдістемелік кеңес береді. Өнер саласының ардагерлері жас таланттарға бағыт көрсетеді. Еңбек ардагерлері өз мамандығының қыр-сырын кейінгі буынға үйретеді. Бұл – қоғам үшін үлкен ресурс. Себебі тәжірибе мен білімнің құндылығы уақыт өткен сайын жойылмайды. Дұрыс пайдаланылған жағдайда ол кейінгі буынның дамуына жол ашады. Сондықтан қариялардың әлеуетін бағалап, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беру – ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтудың бір жолы.
Қазақ халқы үшін қария – отбасының ғана емес, елдің де берекесі. Үлкеннің батасын алған, қарияның сөзін тыңдаған ұрпақ өзінен кейінгі буынға да сол дәстүрді жалғастырады. Қарттарды қадірлеу арқылы біз өз тарихымызды, ұлттық салт-дәстүрімізді, адамгершілік құндылықтарымызды құрметтейміз. Өйткені бүгінгі қария – кешегі жас. Ал бүгінгі жас – ертеңгі қария. Бұл – өмірдің табиғи заңдылығы. Сондықтан әрбір адам үлкенге жасаған құрметінің ертең өзіне де қайтып келетінін түсінуі керек. Бүгін ата-анасына, ата-әжесіне қамқор болған бала ертең өзінен кейінгі ұрпаққа да осы ізгілікті үйретеді. «Үлкенге құрмет – кішіге міндет» деген ұғымның мәні де осында.
Қарттар күні уақытқа сәт аялдап, өмірдің мәніне үңілуге мүмкіндік береді. Өмір жолын артқа тастаған қарияларға қарап, адам уақыттың қадірін, отбасының бағасын, туған жердің қасиетін түсінеді. Қарияларымыздың әрбір әңгімесі – тарих, әрбір ақылы – тағылым, әрбір батасы – ұрпаққа аманат. Ендеше, ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелерімізді ардақтап, олардың жүрегіне қуаныш сыйлау – баршамыздың азаматтық әрі адамдық парызымыз. Қартын сыйлаған елдің дәстүрі берік, шаңырағы биік, болашағы баянды болады.
Қарияларымыздың ғибратты ғұмыры жас ұрпаққа үлгі болып, олардың ақ батасы еліміздің әр шаңырағына береке әкелсін. Ардақты қарияларымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық, ұрпақтарының қызығын көруді тілейміз. Әрбір әже немересінің күлкісіне қуанып, әрбір ата ұрпағының жетістігіне мақтанып, төрімізден қариялардың ақ батасы үзілмесін.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
30 қыркүйек 2026 ж. 112 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№74 (10542)

29 қыркүйек 2026 ж.

№73 (10541)

26 қыркүйек 2026 ж.

№72 (10540)

22 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 941
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 183

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031