ҚАРТТАР – ЕЛДІҢ ҚАЗЫНАСЫ
Қазан айының алғашқы күні елімізде Қарттар күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке – қарттарға көрсетілер құрмет пен ілтипаттың белгісі ғана емес, әрбірімізге өткенімізді қастерлеуді, болашағымызға ой салуды үйрететін мәнді күн.
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында қарияға құрмет көрсету ұрпақ тәрбиесінің басты қағидасына айналды. Елдің бірлігін ойлаған, елдіктің ұйытқысы болған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың орны әрдайым биік болған. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп халық бекер айтпаған. Өйткені қария – даналықтың, өмірлік тәжірибенің, адамгершілік пен парасаттылықтың қайнар көзі. Ел бірлігін сақтауда, жастарға тәлім беруде, әділдікті орнатуда қариялардың орны ерекше. Қариясы бар ел тарихын жоғалтпайды, салт-дәстүрін сақтайды, болашаққа дұрыс бағдар табады.
Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ қоғамында қариялар билік пен шешім қабылдауда ерекше рөл атқарған. Билер кеңесінде, елдік мәселелерді талқылауда үлкендердің пікірі қашанда маңызды болды. Олар жас буынға жол көрсетумен бірге елдің тыныштығы мен болашағы үшін ақылын аямай, қажет кезінде кеңес беріп отырды. Мұндай өнеге – бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрдің алтын арқауы.
Қазіргі таңда да қарттарымыз қоғамның айнасы іспеттес. Олардың әрбір сөзі – тарих, әрбір ісі – өнеге. Елдің дамуына үлес қосқан ардагерлеріміздің еңбегін ұлықтауды өскелең жас өздерінің азаматтық борышы ретінде қабылдаулары тиіс. Мемлекет тарапынан да қарияларға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, қамқорлық жасалып келеді. Дегенмен, ең бастысы – олардың көңіліне жылу сыйлап, құрмет көрсету, бір сәт жылы сөз айту.
Қарттар күні тарих қойнауына көз жіберіп, ұрпақ сабақтастығының маңызын түсінуге жетелейді. Бүгінгі жастар ата-баба салтын сақтаумен қатар үлкенді құрметтеп, олардың аманатын жалғастыруы қажет. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген халық даналығы да осыны меңзейді.
Бүгінгі Қазақстанда қарияларымыз – тәуелсіздіктің шежіресін жасаған ардагерлер. Олар еңбек майданында елдің дамуына үлес қосты, қиын-қыстау заманда ұрпақ тәрбиеледі. Біздің бейбіт өміріміз бен тәуелсіздігіміз – бір кездегі жалындаған жас, қазіргі бір-бір үйдің тіреуіне, «ақыл қалтасына» айналған қарттарымыздың қажырлы еңбегінің, төккен тері мен төзімінің жемісі.
Қазақ халқында қарттар елдің шежіресі, ұрпақтың рухани ұстазы ретінде бағаланады. Елге береке, жас ұрпаққа қуат тілеген бата-тілегінің өзі не тұрады?! Халқымыздың өткені мен бүгінгісінің арасын жалғастыруға тиек болып, ұрпақ сабақтастығының алтын жібіне айналған қарттарымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Отбасының ортасында немерешөбересінің қызығын көріп, еліміздің игілігі үшін ақ батасын беріп жүре берсін!
Лаура БАҚТЫБАЕВА