ҰСТАЗ АТЫНДАҒЫ МУЗЕЙ

Т.Көмекбаев ауылындағы №185 орта мектепте туған өлкенің шежіресін түгендеп, келешек ұрпаққа мол мұра қалдырушы белгілі педагог, тарихшы-өлкетанушы Сақтапберген Қосбаев атында тарихи-өлкетану музейінің салтанатты ашылуы өтті.
Сақтапберген Төлегенұлы 1957 жылы дүниеге келіп, өмір жолында туған жерінің өсіп-өркендеуіне атсалысқан білікті ұстаз. Ол – «Білім беру ісінің майталманы» медалінің, сонымен қатар «Ауылдың иісі», «Қызылқұмның жерұйығы», «Ғұмырдың алтын белесі», «Қызылқұм әуені» және «Қызылдың қиясында өрілген өмір» атты өлкетанулық бағалы кітаптардың авторы. Мектеп жанынан ашылған музейдің іргетасын қалап, оның алғашқы жетекшісі болған ұстаздың бұл еңбегі бүгін өзінің заңды жалғасын тауып отыр.
Музей төрінен орын алған экспозициялар туған өлкеміздің терең тарихы мен ауылымыздың айтулы азаматтарының еңбек жолдарынан сыр шертеді. Атап айтқанда, «Ескерткіш – ел тарихы» бөлімінде өңіріміздегі көне тарихи-мәдени орындар мен кесенелер, яғни «Сырлытам», «Бұланды» кешендері, «Сейітпенбет әулие» кесенесі, «Мырзағара», «Торыбай», «Төлеген» мешіттері, «Қабылдың қамалы», «Жауғашты мұнарасы», «Жаманасар қалашығы», «Бәбіш молда», «Хамза Жомарт өткелі», «Алыптың қамалы» сияқты тарихи нысандар қамтылған. Сонымен қатар мұнда көне құмыра, құмғандар мен құнды көне бұйымдар қойылған.
«Ерліктері елге – мұра, ұрпаққа – ұран» бөлімінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің майдандағы және бейбіт күндегі ерліктерін паш етеді. Қабырғадан ел қорғаған батыр аталарымыздың фотосуреттері мен портреттері орын алған.
«Адал еңбекпен» және ардагер ұстаздар бұрышында ел дамуына, білім беру саласына өлшеусіз үлес қосқан ардагерұстаздардың, ауылға еңбегі сіңген аға-апаларымыз бен ел ағаларының қызмет жолдары дәріптеледі. Онда байырғы жазбалар, тарихи құжаттар мен деректі материалдар сақталған.
Этнографиялық және мәдени экспонаттар бөлімінде жәдігерлер қатарында ағаштан жасалған көне шөміш, ертұрман әбзелдері, шеберлік құралдары, ұлттық нақыштағы шапан мен тақия, зерлі бұйымдар мен аудандық «Қармақшы таңы» газетінің архивтік басылымдары қамтылған.
Жаңадан ашылған тарихи-өлкетану музейі – оқушыларға туған өлке тарихын ұғындырып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіретін, өткен мен болашақты жалғайтын таптырмас рухани орталыққа айналары сөзсіз.
Бегайым ӘБІЛОВА,
мектеп мұғалімі
















