ТАРИХ ТАМЫРШЫСЫ
Елбасының «Рухани жаңғыру» тұғырнамасы және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында Т.Көмекбаев ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен аудандық кітапхананың «COWORKING» орталығында «Өмір – тарих» атты тарихшы, ақын Сақтапберген Қосбаев шығармашылығына арналған сұқбат кеші өтті.
Шара шымылдығы оқырмандарға ауыл өнері мен мәдениетінің, тарих пен әдебиеттің жанашыры Сақтапберген Қосбаевтың өмір жолы мен шығармашылығын таныстырумен басталды. Жиында тақырыпқа сай көрме ұйымдастырылып, онда ақынның кітаптары, археологиялық қазба жұмыстары және өз қолынан шыққан бұйымдары қатысушылар назарына ұсынылды.
Кеште сегіз қырлы бір сырлы С.Қосбаев түрлі аспапта ойнайтынын аңғардық. «Ассалаумағалейкум» атты ән-жырды оқырман қауым сүйсіне тыңдады. Тіпті бұл аспапты ара-тұра ағайдың өзі де қолмен жасайтын өнері бар екен.
Сақтапберген Төлегенұлы қаламгер, тарихшы, мәдени мұра жанашыры, зерттеуші, ұста, өнерпаз, сценарист, ұстаз, ауданның үздік ғылыми жетекшісі, «Білім беру ісінің майталманы» медалінің иегері, «Шығармашыл ұстаз» төсбелгісінің иегері, ақын. Сан-салалы Сақтапберген Қосбаевтың осыған дейін 3 кітабы жарық көрген. Әр кітаптың шығуының өзіндік қызық оқиғалары бар екен.
– Кітап шығарамын деп еш ойлаған емеспін. Өлең жазатын қабілетім бар-ды. Облыстық «Сыр бойы» газетіне бірді-екілі өлеңімді жарияламаққа алып барғанмын. Сонда газеттің қызметкері Дүйсенбек Аяшұлы «тағы өлеңіңіз бар ма?» – деп сұрады. Содан әр жерде жазған өлеңдерімді топтастырып кітап етіп шығардық, – дейді шығармашыл тұлға.
Кеш соңында Сақтапберген Төлегенұлының әріптес достары, сыныптастары, қатысушы қонақтар сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы».