Аудан дамуына үлес қосқан тұлғалар
Ел мүддесі үшін еңбек сіңірген тұлғалармен мекемелер құжаттарын сақтайтын архивтің сөрелерінде сақталған құнды құжаттар арасында ауыл шаруашылық майталмандарының да құжаттары қаттаулы.
Қармақшы ауданының дамуына өзіндік үлесін қосқан еңбек адамдары аз емес. Солардың бірі Қылышбек Әбішев пен Милияр Арипов.
Қылышбек Әбішев еңбек жолын «Ақжар» кеңшарында аға агроном, Чапаев атындағы ұжымшарда бас агроном, 1980-1982 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном, басқарма төрағасының орынбасары, 1994 жылдың наурыз айынан бастап «Жаңажол» колхозының басқарма төрағалығына сайланды. Уақыт талабын жете түсінген жаңа төраға, нарық жағдайына тез бейімделіп халықты да түсіндіре біліп, нақты іске кірісті. Шаруашылықты жайлаған бейқамдықпен даурықпа науқаншылдықтан арылып, әрбір саланың ерекшеліктерін жете сараптады. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» - деп Б.Момышұлы айтқандай шаруашылықта еңбек тәртібін қалыптастырып берілген тапсырманы сапалы орындауға бақылау орнатты. Жаңа төраға өндіріс жетекшілерімен бас мамандардың жауапкершілігін арыттырып, колхозшылардың сенімінен шығудың жолдарын іздестірді ондай жол табылды да. Жыл басынан өндіріс жетекшілерін келісім-шарт негізінде жұмыс жасауға уйретті. Келісім-шартта атқарылатын жұмыстардың бағыты айқындалып, мерзімді уақыты, техника қауіпсіздігін сақтау жолдары, еңбекақы, қосымша сыйақы түрлері белгіленіп, бригада мүшелерінің қатысуымен талқылап отырды.
Қылышбек Әбішев шаруашылықты дамытып ел экономикасын көтерудің ең тиімді жолы, колхозшылардың өздеріне етене таныс кәсібі күріш дақылын баптап өсіру, нарықтық сұранысқа сай дақылдың түрлерін, өнімді көп беретін жергілікті жерге бейімделген сорттарын өсіруді деп ұйғарып, тұқымның сапалы болуына жете мән беріп, су жүретін каналдардың арналарын ашып тазарту жұмыстарын үнемі қадағалап отырды. Негізігі сала күріш егісінің көлемі-2600 га. Жыл сайын егілген күріштің әр гектарынан 62-65 цн өнім алуды қамтамасыз етіп, облыста жүлделі І-орынды иеленіп келді. Егін орағына қатысатын жаңа заманғы техника түрлері жеткілікті болғандықтан тәулігіне 30 тн күріш ақтайтын диірмен жұмыс жасап, сағатына 40 тн астық тазалайтын техника түрлері қоймаға 700- тоннадан астам тұқым сақтауға мүмкіндік жасалды.
Милияр Арифов ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар қызмет атқарып, шаруашылықты басқару ісінде өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Ол ІІІ-интернационал ауылындағы шаруашылықтың дамуына басшылық жасап, еңбек адамдарының басын біріктіріп, егіншілік пен мал шаруашылығын өркентетуге күш салды.
Ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға, шаруашылықтың өндірістік әлеуетін арттыруға және ауылдың тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстарға басшылық етті. Елдің берекесі ең алдымен еңбекке байланысты екенін жақсы түсінген Милияр Арифов өз ісіне жауапкершілікпен қарады.
Адал еңбегі мен ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі ескеріліп, Милияр Арипов бірнеше мемлекеттік марапатқа ие болды. Атап айтқанда, ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталған. Бұл марапаттар – оның ұзақ жылғы еңбегінің ел тарапынан берілген бағасы.
Милияр Ариповтың өмір жолы – туған жерге адал қызмет етудің, маңдай термен еңбек етудің және елге пайдасын тигізудің үлгісі. Оның есімі ІІІ-интернационал ауылының тарихымен бірге аталып, кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала береді.
Ел ағалары тынымсыз еңбектерінің елге деген, әрбір адамға деген жаңашыр қамқорлықтарының арқасында халықтың сеніміне бөленіп, абырой биігінен көріне білді.
Алайда, көзі жоқ болғанымен елінің көңілінде мәңгілікке қалған ел ағалары ұмытылмай, туған жер тарихының бір бөлігі ретінде сақтала бермек.
Г.Әбиева,
Қармақшы аудандық архивінің
архивисті

















