МЕРЕЙТОЙ ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Бейсенбіде аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қызылорда облысы және Қармақшы ауданының құрметті азаматы, республикаға белгілі қаламгер, аудармашы, ақын Шаһизада Әбдікәрімовтің 70 жылдық мерейтойына орай арнайы қабылдау өтті.
Жиынға аудан активі, ардагерлер мен шығармашылық өкілдері қатысты.
Шаһизада Өтетілеуұлы Дүр Оңғар ауылының тумасы. Қоғам қайраткерінің еңбек жолы аудандық «Қармақшы таңы» газетінде әдеби қызметкер болудан басталып, кейін келе Байқоңыр қалалық телекомпаниясының төрағасы, республикалық «Қазақстан-1» теледидарының облыстық және Байқоңыр ғарыш кешеніндегі меншікті тілшісі, Қызылорда арнайы экономика аймағы теледидарының төрағасы қызметтерін атқарды. Бүгінде өзі негізін қалаған Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы Сыр жұртшылығының сүйікті арнасына айналған. Сондай-ақ елдің қоғамдық-саяси және мәдени дамуына атсалысып, елеулі үлесін қосуда.
Алғашқы өлеңдер топтамасы «Көктем тынысы» кітабына енген. «Қарлығаш» ұжымдық кітабында өлеңдері жарық көрген. «Байқоңыр», «Төрткүл» өлеңдер жинағының және «Жүрекжарды», «Жасампаз», «Ақмешіт» кітаптарының авторы. Қырғыз ақыны Акбар Рысқұловтың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. 2001 жылы «Байқоңыр» өлеңдер жинағы қырғыз тілінде басылды. Қабылдауда аудан басшысы ақынның ауданның рухани-мәдени өміріндегі орнына айрықша тоқталып, жылы лебізін білдірді.
– Шаһизада Өтетілеуұлы – саналы ғұмырын журналистикаға, әдебиетке және ел қызметіне арнаған қайраткер азамат. Қаламгер ретінде қалыптастырған өз қолтаңбаңыз бар. Бүгінде сіздің шығармаларыңыз Сыр өңірінің әдеби мұрасының бір бөлігіне айналған, – деді аудан әкімі.
Кездесуде ақынға құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылып, Құттықтау хат табысталды.
Салтанатты іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Ғанибек Қазантаев ақынға жүрекжарды тілектерін жеткізсе, ақын, ардагер-журналист Алтай Үсенов ерекше естелігімен бөлісті.
Жиын қорытындысында Шаһизада Әбдікәрімов жерлестеріне алғысын айтып, туған жердің құрметі мен ықыласы қаламгер үшін қашанда биік екенін жеткізді.
Сәрсенкүл АҚКІСІ

















