ПОЭЗИЯ ГЛАДИАТОРЫ
Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен белгілі ақын, қарымды қаламгер, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Шаһизада Әбдікәрімовтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Поэзия гладиаторы» атты шығармашылық кеш өтті. Оған ҚР Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Шахмардан Байманов, Нұркен Бақытбекұлы, Ирина Тен, Мағжан Ералиев, Қырғызстаннан және еліміздің әр өңірінен қонақтар, мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кеште облыс әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтау сөз сөйлеп, Шаһизада Өтетілеуұлының ұйымдастырушылық қабілетімен ұштасқан парасатын, отандық тележурналистиканың дамуына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.
– Өткен ғасырдың 1990 жылдары Байқоңыр қалалық «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, ғарыш айлағында тұңғыш ана тілімізде жарық көрген «Ақжол» газетінің негізін қалады. Сол кезеңде Байқоңырдан қажетті жабдықтарды жеткізіп, өз қолымен іргетасын қалаған «Қоғам ТВ» телеарнасы бүгінде Сыр жұртшылығының сүйікті арнасына айналды.
Ш.Өтетілеуұлы қай кезеңде де қоғамшыл бағытынан айнымайтын ақын ретінде туған жерінің рухын асқақтатып, халқына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Сізді адамзат ғұмырының жемісті шағы – 70 жасқа толған мерейтойыңызбен барша Сыр жұртшылығының атынан шын жүректен құттықтаймын!
Әрі қарай да еліміздің рухани дамуына өз үлесіңізді қосып, отаншыл жүрегіңізден отты жырлар туа берсін, – деді аймақ басшысы.
Мерейтой иесіне Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауы, облыстың Құрмет грамотасы, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталып, иығына шапан жабылды. Сондай-ақ, темір тұлпардың кілті тапсырылды.
Жиында ардагер Сәби Аңсат, ақын, аудармашы Байбота Серікбай, ақын, мемлекет қайраткері Қазыбек Иса, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай, Қырғыз Республикасының мәдениет қайраткері Қарбалас Бакиров, ақын Бүркіт Базарбаев және аудармашы Махаббат Молдалиева сөз сөйлеп, жылы лебіздерін жеткізді. Кеште Шаһизада ағамыз сахна төрінен әр жылдары жазған жырларын оқып, жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Сондайақ мерейтой иесінің сөзіне жазылған әндер орындалып, жас ақындар да көрерменге өз шығармаларын паш етті.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА

















