СЫРДАН ШЫҚҚАН СЫРШЫЛ АҚЫНҒА ЕЛДЕН КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ
Сырдың қасиетті топырағынан түлеп ұшып, туған жердің тарихын сөзге арқау еткен қаламгерлер – қашан да құрметке лайық. Осыған орай бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен ақын, қаламгер, қоғам қайраткері, Қызылорда облысының және Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Шаһизада Әбдікәрімовтің 70 жылдық мерейтойына орай арнайы қабылдау өтті.
Қармақшы – талай тарланның қанатын қатайтып, талай жырдың тұсауын кескен киелі мекен. Осындай қасиетті өлкенің перзенті Шаһизада Әбдікәрімовтің есімі бүгінде Сыр бойының әдеби-мәдени шежіресімен біте қайнасып келеді.
1956 жылы Қармақшы ауданының Жаңажол ауылында дүниеге келген Шаһизада Өтетілеуұлы еңбек жолын аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде бастап, журналистика саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Кейінгі жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында, қоғамдық-саяси және мәдени ортада белсенді қызмет атқарып, ел өміріне елеулі үлес қосты. Алғашқы өлеңдер топтамасы «Көктем тынысы» кітабына енсе, 1983 жылы «Қарлығаш» кітабында өлеңдері жарық көрген. Бұдан бөлек бірқатар құнды туындылары оқырманға жол тартып келеді.
Мерейтой иесін құттықтаған аудан әкімі ақынның ауданның рухани-мәдени өміріндегі орнын айрықша атап өтіп:
«Шаһизада Өтетілеуұлы – саналы ғұмырын журналистикаға, әдебиетке және ел қызметіне арнаған азамат. Қаламгер ретінде қалыптастырған өз қолтаңбаңыз бар. Бүгінде Сіздің шығармаларыңыз Сыр өңірінің әдеби мұрасының бір бөлігіне айналды», – деді.
Кездесу барысында аудан басшысы арнайы «Құттықтауын» табыстап, дәстүрге сай құрмет көрсетті.
Салтанатты қабылдауда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Ғанибек Қазантаев ақынға жүрекжарды тілектерін білдірсе, ақын, журналист Алтай Үсенов ерекше естеліктермен бөлісті.
Ал мерейтой иесі ел-жұртына алғысын айтып, туған жердің құрметі мен елдің ықыласы қаламгер үшін қашанда биік бағаланатынын жеткізді.
«Құрмет», «Парасат» ордендерін алған жерлесіміздің жетпіс жылдық ғұмыры Сырдың сырын, Қармақшының қадірін, туған жердің қасиетін сөз өнері арқылы ұрпаққа жеткізумен өрілген тағылымды жол деп білеміз.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















