» » Қызылордада ерекше балалары бар ата-аналардың бастамасы қолдау тапты

Қызылордада ерекше балалары бар ата-аналардың бастамасы қолдау тапты


Қызылордада ерекше балаларға оңалту қызметін тұрақты түрде көрсетуге бағытталған ата-аналар бастамасы назарға алынды. Қазір 50-ге жуық аналар өз күштерімен қолға алған жобаны толыққанды іске қосу үшін ғимаратты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге көмек сұрап отыр.
Бұл мәселе «Әділет» партиясының Қызылорда облыстық филиалында балалардың құқықтарының қорғалуы, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өткен Ашық есік күнінде көтерілді.
Қала тұрғыны Айжан Смағұлова ДЦП диагнозы бар балалардың анасы ретінде төрт жылдан бері өзге ата-аналармен бірлесіп, балаларға әр жерден ғимарат жалға алып, оңалту қызметін ұйымдастырып келеді. Осы уақыт ішінде олар Астана қаласынан тәжірибелі реабилитолог мамандарды шақырып, мамандардың жолақысы, тұруы мен тамақтануына қажетті шығындарды өз қаражаттары есебінен өтеп келген.
Жақында кәсіпкер «Қазына и К» ЖШС құрылтайшысы Қазына Байтуғанова ата-аналарға 160 шаршы метрлік ғимаратты тегін пайдалануға мүмкіндік берген. Олар нысанның қабырғаларын әктеу және жеңіл жөндеу жұмыстарына да өз қалталарынан қаржы шығарып, жүргізіп алған. Ендігі міндет – ғимаратты толық тазалап, балаларға қажетті жиһаздар мен оңалту құралдарын орналастырып, жұмыс істеуге қолайлы орта қалыптастыру.
«Ғимаратты дайындау жұмыстарының негізгі бөлігі атқарылды. Енді ішін тазалап, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Ата –аналардың қалтасы үнемі көтере бермейді. Себебі балаларының емі, тамағы киімі дегендей. Сондықтан «Әділет» партиясына барып көмек сұрадық», – дейді Айжан Смағұлова.
Өтініштің жай-күйін көру үшін «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, партия филиалының Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, «Әділет» құқықтық қызмет көрсету орталығының жетекшісі Дәулет Ізбасарұлы және облыстық Балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы Ерлан Бакиров ғимаратқа барып, ата-аналардың бастамасымен танысты.
Кездесу барысында оңалту қызметін заңды түрде тіркеу, мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану және қажетті құжаттарды рәсімдеуге қолдау көрсетілетін болды. Сонымен қатар бастаманы алдағы уақытта сүйемелдеу бағыттары талқыланып, кеңестер берілді. Мұнан бөлек, қазан айының ортасында арнайы қайырымдылық концерті ұйымдастырылып, онан түскен қаржыға орталыққа қажетті құрал жабдықтарды сатып алу жоспарланып отыр.
«Баланың денсаулығы мен оның толыққанды дамуына қажетті жағдай жасау – ата-ана үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды міндет. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдауды күшейту және ерекше қажеттіліктері бар балалардың оңалту қызметтеріне қолжетімділігін арттыру бағыттарына басымдық берілген. Сондықтан бүгін көтерілген мәселені тек бір отбасының өтініші ретінде қарамай, нақты шешімін табуды қажет ететін әлеуметтік мәселе ретінде қабылдаймыз. Тиісті органдармен бірлесіп, қажетті мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруге және мүмкіндігінше демеушілік көмек тартуға ықпал етеміз», – деді Жандос Базартай.
Айта кетейік, қолданыстағы мемлекеттік саясатта да мүгедектігі бар балалар үшін жеке оңалту бағдарламаларын іске асыру, оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыру және үй жағдайындағы оңалту мүмкіндіктерін кеңейту бағыттары қарастырылған.
Кездесу барысында алғашқы нақты көмек те көрсетілді. Дәулет Ізбасарұлы орталықтағы тазалық жұмыстарына және поливолентті төсеніштер алуға қаржылай қолдау білдірді. Бұдан бөлек, ғимараттың сыртына тегін ақпараттық маңдайша орнатуға жәрдем көрсетілетін болды.
Ата-аналардың төрт жылдан бері өз күштерімен жүргізіп келе жатқан жұмысы осылайша жаңа кезеңге қадам басып отыр. Ғимарат қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылып, жұмысын бастаса, Қызылордадағы 100-ге жуық ерекше баланың тұрақты оңалту қызметін алуына мүмкіндік артады.
23 қыркүйек 2026 ж. 26 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (10540)

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (10539)

18 қыркүйек 2026 ж.

№70 (10538)

15 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 895
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 149

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930