Әлеуметтік жобалар жалғасады
Инклюзивті ортаны дамыту халықтың әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсартуға жәрдемдесетін іс-шаралардың негізгі бөлігін құрайды. Бірыңғай қайырымдылық операторының биылғы жоспарында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға арналған жүйелі жобаларға, оңалту орталықтарын ашуға, бейімделген спорт кешендерін салуға ерекше маңыз берілген.
Былтыр әлеуметтік жобалар денсаулық сақтау, халықтың әлсіз тобын қолдау, білім беру, өңірлерді дамыту, мәдениет және спорт салалары бойынша 13 аймақта, соның ішінде «Самұрық-Қазына» компаниялары орналасқан жерлерде жүзеге асты. «Samruk-Kazyna Trust» ақпаратына сәйкес 7,2 млрд теңгеге 46 қайырымдылық жобасы іске асырылып, жыл басынан бері 16,5 млрд теңгеге 10 жоба қаржыландырылған. Еліміз бойынша 524 мың адам, оның ішінде 81 мың ауыл тұрғыны көмек алып, 400-ге тарта азамат жұмыспен қамтылды. 10 оңалту орталығы ашылып, 11 спорт кешені, 26 әмбебап спорт-ойын алаңдары салынды. «Саламатты Қазақстан» денсаулық пойызында 90 мыңға жуық ауыл тұрғындарына 1 миллионға тарта тегін медициналық және құқықтық көмек көрсетілді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалар үшін 23 қала мен елді мекенде тегін инклюзивті және бейімделген спорт секцияларының желісі жұмыс істеп жатыр. Алматы және Шығыс Қазақстан облысында 400-ге жуық ерекше балаға жазғы және күзгі инклюзивті лагерь ұйымдастырылды. Жаңаөзендік 227 ауыл баласына білім гранты беріліп, тұрмысы төмен отбасынан шыққан 15 мың бала оқу құралымен қамтамасыз етілді. Ақтөбе облысында алғаш рет Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы жаңғыртудан өтіп, креатив орталығы ретінде құрылды. Бұған дейін іске қосылған 37 оңалту орталығынан бөлек, алдағы уақытта аутизмі бар балаларға 7 орталық, 5 ерте араласу орталығы, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарында жыл сайын 50 мың адамның спортпен айналысуына мүмкіндік беретін 6 инклюзивті спорт кешені жұмыс істейді.
Биыл бірінші тоқсанда қорға түрлі үкіметтік емес ұйым тарапынан жобаларды жүзеге асыруға қатысты 100 өтінім келіп түскен. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 30 пайызға көп. Сараптаудан өтіп, пысықталған 26 жоба Қамқоршылық кеңеске шығарылып, оның ішінде құны 1,3 млрд теңгені құрайтын қоғамдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге арналған 8 жүйелі жоба қолдау тапты. Олардың қатарында Алматы қаласында Даун синдромы бар балаларға, Атырау облысы Миялы ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталықтарын салу көзделген. Сондай-ақ Павлодар облысының Солнечный кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешеніне қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жастардың әлеуметтік әлсіз топтарын цифрлық дағдыларға оқытатын арнайы жоба іске қосылады.
Оңалту қызметін дамытумен бірге мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне де көңіл бөлініп отыр. Биыл «Самұрық-Қазына» тобындағы компанияларға 114 ерекше қажеттілігі бар азамат жұмысқа тұрды. Қордың QSamruk.kz бос орындар платформасында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы бөлім ашылып, сұранысқа ие жұмыс орындары ұсыныла бастады. Енді «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы мұндай 180 азаматты AI, No Code әзірлеуші, UI/UX+Web маманы сияқты цифрлық мамандықтарға оқыту жобасы басталып, қатысушылардың жұмысқа орналасуына көмек көрсетіледі.
«Қор өңірлерде көптеген оңалту орталығын ашып, ерекше қажеттілігі бар жандарды қолдауға бағытталған жобаларды іске асырып келеді. Біз оңалтудан өткен ерекше балалардың болашағын ескеріп, олардың әрі қарай әлеуметтенуіне, еңбекпен қамтылуына назар аударуымыз керек. Осы бағытта сұраныстағы кәсіптерге оқыту мен жұмысқа орналастыру бастамасын қолға алып отырмыз», дейді «Самұрық-Қазына» қорының корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Бірнеше жылдан бері балалардың көптен күтетін сүйікті жобасына айналған «Туған елге саяхат» туристік пойызымен биыл 400 бала қамтылмақ. Олар 12 күн ішінде Астана, Бурабай, Алматы, Тараз, Түркістан, Байқоңыр сынды қалалардың тарихымен танысып, танымал орындарды аралайды.
«Бұл жолы жобаға су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі әлеуметтік әлсіз отбасылардың және қордың еншілес кәсіпорын қызметкерлерінің балалары қатыстырылады. Жалпы, «Самұрық-Қазына» компаниялары тобының атынан табиғи апат салдарымен күреске 15 млрд теңге бағытталады. Сонымен қатар қор кәсіпорындары тарапынан зардап шеккен өңірлерді қолдауға қосымша шаралар қолға алынып жатыр», деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Әлеуметтік саланы одан әрі дамыту мен қайырымдылық жобаларымен көпшілікті қамту мақсатында қор жыл басынан бері белді бизнес өкілдерімен серіктестікті нығайтып, ірі кәсіпорындармен және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан. Қазіргі уақытта «Шелл Қазақстан», «Оңтүстік тау-кен-химия компаниясы», «Қазақмыс» кәсіпорындарымен, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорымен инклюзия, спорт, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған бірқатар жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
egemen.kz