АУЫЛ ЖАСТАРЫ НЕГЕ ҚАЛАҒА ҚҰМАР?
Ауыл көшесінің ажары – ең алдымен жастар. Мектептен қайтқан оқушы, жұмысына асыққан жас маман, спорт алаңында жаттығып жүрген жастар – елді мекеннің күнделікті тіршілігінің бір бөлшегі. Сондықтан ауылдан жастардың қалаға көшуі жеке адамның таңдауы ғана емес, ауылдың әлеуметтік, экономикалық және демографиялық болашағына әсер ететін маңызды мәселе. Жастардың қалаға ұмтылысы туралы сөз болғанда, көп жағдайда «ауылда жұмыс жоқ» деген пікір айтылады. Бірақ мәселе тек жұмыссыздықта ма? Ауылда белгілі бір жұмыс орындары болғанымен, олардың барлығы жастардың мамандығына, табыс жөніндегі талабына немесе кәсіби өсу жоспарына сәйкес келе ме? Себебі қазіргі жас үшін жұмыс орнының болуы ғана емес, тұрақты табыс, кәсіби өсу, баспана, білім алу, әлеуметтік орта және өзін жүзеге асыру мүмкіндігі де маңызды.
ЖҰМЫС БАР, ТАҢДАУ БАР МА?
Ауыл экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала, мемлекеттік қызмет және шағын кәсіпкерлік. Бұл салалар халықты жұмыспен қамтып отырғанымен, жастар үшін еңбек нарығындағы таңдау ауқымы қаладағыдай кең емес. Мәселен, жоғары оқу орнын ақпараттық технология, қаржы, маркетинг, дизайн немесе басқа заманауи мамандық бойынша аяқтаған жас өз білімін туған ауылында толық пайдаланатын жұмыс таба алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда оның қалаға көшуі ауылды ұнатпағанынан емес, өз мүмкіндігін жүзеге асыратын орта іздегенінен туындайды. Алайда ауыл жастарының қалаға кетуіне әсер ететін мәселе тек жұмыс орындарының санына байланысты емес. Еңбек нарығы туралы ақпараттың жеткіліксіздігі де маңызды фактор. Мектеп оқушысы болашақ мамандығын таңдағанда көбіне мұғалім, дәрігер, заңгер немесе мемлекеттік қызметкер сияқты көпшілікке таныс кәсіптерді біледі. Ал туған ауылы мен ауданында қандай мамандарға сұраныс барын, сол мамандықпен қандай жұмыс табуға болатынын біле бермейді. Мәселен, ауылға агроном, ветеринар, инженер, механизатор, су маманы, технолог, есепші, IT маманы, маркетолог, логист, жер кадастры бойынша маман немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының кадрлары қажет болуы мүмкін. Бірақ мектеп бітіруші бұл мамандықтардың ауылдағы нақты мүмкіндігін білмесе, оның мамандық таңдауы мен жергілікті еңбек нарығының сұранысы бірбірімен сәйкес келмеуі ықтимал.
Сондықтан кәсіби бағдар беру жұмысы «қай мамандықты қалайсың?» деген сұрақпен шектелмеуі керек. Мектеп оқушысына «сенің ауылыңа қандай маман қажет және сол мамандықпен туған жеріңде қандай мүмкіндік бар?» деген ақпарат та берілуі тиіс. Мұны белгілі бір деңгейде ауылдың өз мүмкіндіктерін таныстыру деп қабылдауға болады. Жасөспірімге ауылдағы сұранысқа ие мамандықтар, жұмыс орындары, табыс деңгейі, кәсіп бастау мүмкіндіктері мен кәсіби өсу жолдары туралы түсінікті ақпарат ерте жастан берілгені жөн.
Өйткені бүгін мамандықты еңбек нарығының талабын ескермей таңдаған жас ертең өз ауылында жұмыс таба алмай, басқа бағыт іздеп қалаға кетуге мәжбүр болуы мүмкін. Ал оның мамандығы ауылға қажет болып, бірақ өзі бұл мүмкіндікті білмесе, мәселе тек жастардың таңдауында емес, сол таңдау туралы ақпараттың қаншалықты дұрыс берілгенінде жатыр.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, өткен жылдың төртінші тоқсанында 1534 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш мәселені тек «жастарға жұмыс жоқ» деп түсіндірудің өзі жеткіліксіз. Негізгі мәселе – жұмыс орнының бар-жоғында ғана емес, оның жастардың біліміне, сұранысына және кәсіби жоспарына қаншалықты сәйкес келетінінде.
Жас маман тұрақты табыспен қатар кәсіби тұрғыдан өсуді қалайды. Жаңа білім алып, тәжірибе жинап, жалақысын арттырып, өз кәсібін бастайды. Қалада бір мамандық бойынша бірнеше мекеме мен түрлі қызмет түрі болса, ауылда мұндай таңдау шектеулі болуы мүмкін. Осы айырмашылық жастардың шешіміне тікелей әсер етеді.
ЖАСТАРДЫҢ ҚАЛАҒА КЕТУІНІҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?
Қалада жоғары оқу орындары, кәсіби курстар, түрлі орталықтар, семинарлар мен жаңа орта көбірек шоғырланған. Қазіргі жастар тек диплом алуды емес, үнемі жаңа нәрсе үйренуді қалайды. Сондықтан олардың қалаға көшуі кейде ауылдағы жағдайынан емес, қаладағы мүмкіндіктің көптігінен туындайды. Келесі мәселе – әлеуметтік орта. Қазіргі жас үшін жұмыс пен табыстан бөлек, спортпен айналысу, мәдени іс-шараларға қатысу, шығармашылықпен айналысу, жаңа адамдармен танысу және өз ортасын қалыптастыру да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, жастардың қалаға көшуі – тек экономикалық емес, әлеуметтік құбылыс.
Бұл мәселенің ауылдың болашағына әсері де бар. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Орнықты даму мақсаттары хатшылығының директоры Б.Хамбар «Қазақстан жастары – 2022» ұлттық баяндамасын талқылау барысында жастардың қалаға көшуіне байланысты болашақта ауыл халқының қартаюы мүмкін екенін атап өткен. Сарапшы жастардың қалаға көшуіне байланысты қабылданып жатқан шаралардың ұзақмерзімді тиімділігін бағалау және жастар үшін арнайы жұмыс орындарын ашу мәселесін қосымша зерттеу қажеттігін де көтерген.
Бұл пікір жастар көші-қонының жеке адамның таңдауынан әлдеқайда кең мәселе екенін көрсетеді. Егер ауылдан негізінен еңбекке қабілетті жастар кететін болса, уақыт өте келе елді мекендегі еңбек ресурсы азайып, халықтың жас құрылымы өзгеруі мүмкін. Яғни бүгінгі жастар көші – ертеңгі ауылдың экономикалық және демографиялық жағдайына әсер ететін фактор.
Ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты азайтуға цифрлық технологиялардың мүмкіндігі бар. Қазір ауылдағы жас онлайн білім ала алады, қашықтан жұмыс істей алады, әлеуметтік желі арқылы өнімін сата алады немесе жаңа мамандық меңгере алады. Бірақ интернеттің болуы өздігінен жеткіліксіз. Оны нақты мүмкіндікке айналдыру үшін цифрлық сауат, компьютерлік дағды, тіл білу және онлайн еңбек нарығына шығу мүмкіндігі қажет.
Бұл жерде жастарды кінәлаудың да қажеті жоқ. Қалаға ұмтылу – олардың туған жерін бағаламағанын немесе ауылды менсінбегенін білдірмейді. Әр адамның өз болашағын таңдауға, жақсы білім алуға, жоғары табыс табуға және қабілетін жүзеге асыруға құқығы бар. Сондықтан мәселені «жастар неге ауылда қалмайды?» деген сұрақпен шектеу дұрыс емес. Керісінше, «жастардың ауылда қалуына қандай жағдай жасай аламыз?» деген сұрақ қойылуы керек секілді. Себебі жастарды ауылға байлайтын нәрсе міндет емес, мүмкіндік болуы тиіс. Осы тұста ауыл жастарының пікірін тыңдап көрген едік.
– Ауылдан қалаға ұмтылатын жастардың басты мақсаты – білім алып, жұмыс тауып, өз болашағын қалыптастыру. Дегенмен мен қалаға кетуге асықпаймын. Өз ауылым маған өте ыстық, отбасым да осында. Туған жеріңде жақындарыңның қасында өмір сүріп, өзіңе ұнайтын іспен айналысу – мен үшін үлкен құндылық. Егер ауылда жастарға жұмыс істеуге, кәсіп бастауға және өз қабілетін дамытуға мүмкіндік жасалса, туған жерде қалуға деген ынта да арта түседі.
Сондықтан жастарды ауылда ұстап қалудың ең тиімді жолы – оларға мүмкіндік пен қолдау көрсету деп ойлаймын, ауыл жастарының бірі: Рахат Бахытжан.
АУЫЛ ЖАСТАРЫН ҚАЛАЙ ҰСТАП ҚАЛУҒА БОЛАДЫ?
Жастарды ауылда ұстап қалудың жолы – оларға «туған жеріңде қал» деп үндеу айту емес. Ең бастысы – қалуға нақты себеп қалыптастыру. Ауылдағы жұмыс орындарының санымен қатар, олардың түрін көбейту қажет. Ауыл шаруашылығымен бірге өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету, туризм, цифрлық кәсіп, шағын өндіріс және басқа да бағыттарға жол ашылуы керек. Себебі қазіргі жас үшін еңбек ету ғана емес, өз қабілетін әртүрлі бағытта сынап көру де маңызды.
Жастар кәсіпкерлігін дамытуға тек қаржы емес, тәжірибелік қолдау қажет. Кәсіп бастайтын жасқа грант немесе несие беру маңызды болғанымен, одан кейінгі кезеңде нарықты зерттеу, өнімді өткізу, жарнама жасау, есеп жүргізу сияқты мәселелерде сүйемел де керек. Ауылда кәсіп ашып, оны тұрақты табыс көзіне айналдырған жастар көбейген сайын, ауылдағы мүмкіндіктер туралы түсінік те өзгереді.
Ауыл шаруашылығын жастарға жаңа қырынан таныту маңызды. Бүгінгі аграрлық сала тек қол еңбегіне сүйенетін кәсіп емес. Заманауи техника, агротехнология, цифрлық бақылау, су үнемдеу технологиясы, логистика және өнімді өңдеу сияқты бағыттар жаңа мамандарды қажет етеді. Жас адам ауыл шаруашылығына келгенде өзін тек жұмысшы ретінде емес, агроном, технолог, инженер, кәсіпкер немесе басқарушы ретінде көре алуы керек.
Сонымен бірге жастардың барлығын ауылда ұстап қалу міндет емес. Қалаға барып білім алып, тәжірибе жинаған жас кейін туған жеріне оралуы мүмкін. Тіпті қалада жүріп-ақ ауылына инвестиция салып, кәсіп ашып, жаңа жобаларға үлес қоса алады. Сондықтан басты мақсат – жастардың қозғалысын шектеу емес, ауыл мен қала арасындағы мүмкіндік алшақтығын азайту.
Түйін Ауыл жастарының қалаға көшуі – ауылға деген немқұрайлылықтың емес, көбіне өз болашағын іздеудің көрінісі. Бірі жақсы жұмыс пен жоғары табыс іздейді, енді бірі білімін жетілдіріп, кәсіби тұрғыдан өскісі келеді. Тағы бір жас үшін баспана, заманауи орта немесе өз кәсібін бастау маңызды болуы мүмкін.
Алайда бұл үдерістің ауыл үшін ұзақмерзімді салдары бар. Еңбекке қабілетті жастардың азаюы елді мекеннің келешегіне әсер етеді. Сондықтан мәселе жастарды ауылда күштеп ұстап қалуда емес, олардың ауылда қалуды өз еркімен таңдауына жағдай жасауда. Ол үшін ауылда тек жұмыс орны емес, тұрақты табыс, қолжетімді баспана, сапалы білім, цифрлық мүмкіндік, кәсіп бастауға және жастардың өзін жүзеге асыратын ортасы болуы керек. Ауыл жастары өз болашағын туған жерімен байланыстыра алғанда ғана көші-қонның бағыты өзгереді.
Ауылдың болашағын халық санының статистикасымен ғана емес, сол ауылда өмір сүріп жатқан жастың ертеңіне деген сенімімен өлшеу. Жастарға «ауылда қал» деу оңай. Ал олардың қалуына себеп болатын жағдай қалыптастыру – әлдеқайда маңыздырақ.
Бауыржан ҒАЛЫМҰЛЫ














