Құрылтай
» » ЖАСТАР ЖҰМЫС ІЗДЕЙДІ, АЛ ҚОҒАМ ШЕШІМ ІЗДЕЙ МЕ

ЖАСТАР ЖҰМЫС ІЗДЕЙДІ, АЛ ҚОҒАМ ШЕШІМ ІЗДЕЙ МЕ

Қазіргі сәтте бұл көрініс әрбір бала тәрбиелеп, үміт артып өсірген ата-анаға таныс жағдай шығар. Соңғы жылдары бұл мәселе қоғам арасында бір трендке айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Елімізде жыл сайын мыңдаған жас, колледж және жоғары оқу орнын бітірген түлектер, үлкен өмірге арман қуалап қадам басқан әрбір жас маман жүрегінде үмітпен, өмірдің мүмкіндіктерге толы, жарқын жол, есіктері айқара ашылатындай елестетіп, өз әлеуетін жүзеге асыруға асығады.
Алайда шын мәнінде қиялға боялған қызғылт көзілдірік шешіліп, оның орнына өмірдің ащы шындығы көрінеді. Арман мен ақиқаттың арасы алыс екенін, ал табысқа жетер жолдың қиындық пен күреске толы және ешбір дайын жол жоқ екенін сонда ғана түсінетіндей. Жұмыссыздық жастардың емес, қоғамның мәселесі. Мемлекет тарапынан жастарға мамандық таңдау мен грант бөлуде, жаңадан университет пен колледж оқу орындары ашылуда. Бұл жасалған шарттың барлығы, болашақта халыққа өз жемісін беретін абыройлы ұрпақ өсіру.
Қазіргі таңда бір қызық жағдай қалыптасуда. Бір қарағанда жұмыс іздеп жүрген жастар көп, ал екінші жағынан маман іздеген жұмыс орындары көп, неге?
Мектеп түлектері мамандық таңдағанда оның болашағына емес, қанша грант бөлінгеніне қарайды. Кейде ата-ана қалауымен жүрек қаламаған мамандыққа оқып жатқан жастарды көрудеміз. Нәтижесінде диплом сандық ішінде, ал түлек басқа саламен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Грантқа түскен түлектің тағы да бір жеке мәселесі – бұл еңбекақысын өтеу, егер түлектің мамандығы мұғалімдікті немесе медицина саласын таңдаған болса, ауылдық квота немесе «Серпін» және басқа да жеңілдіктер арқылы түскенде, еңбекақысын өтеу міндеттелген. Жоғары аудиторлық палата дереккөзі бойынша, соңғы 2 жылда сот 3406 түлектен қаржы өндірген. Мемлекетке ерікті түрде 5,7 млрд теңге қайтарылған. Оқуын жаңа ғана аяқтаған жас түлек аяққа тұра алмай, жұмыс таппаған жағдайда салық орталығынан шағым түсіп, сот үдерісі жүреді. Бұл қаншалықты әділетті?
Бұл грантқа түскен жас маманның жеке мәселесі, ал бала оқу орнын ақылы оқыса ше?
Қазіргі сәтте оқу орнының құны арзан емес екені барлығына белгілі. 2025 жылмен салыстырғанда ЖОО-да оқу ақысы 10,8 пайызға қымбаттаған. Ұлттық статистика бюросына сүйенсек, 2025-2026 жылы орта есеппен оқу орнының құны жылына 600 мың теңгені құрайды. Ірі ұлттық және зерттеу университеттерде 1-2 млн теңге. Кейбір жекеменшік және халықаралық оқу орнында 2-5 млн және одан жоғары болуы мүмкін. 4 жыл дипломның артынан жүгірген маманның, осы құжаты ізінен жүрмек түгілі, сандықта шаң басып тұрмауына кім кепіл. Түбінде алған білімі бос шығын емес пе?
Тағы бір маңызды мәселе – тәжірибенің жетіспеуі. Жұмыс берушілердің басым бөлігі тәжірибесі бар қызметкерлерді іздейді. Бірақ жаңа ғана оқу орнын бітірген түлекте қайдан ғана тәжірибе болуы мүмкін. Осылайша жұмысқа орналасу үшін тәжірибе керек болса, тәжірибе жинау үшін жұмыс қажет деген шексіздік шеңбер секілді.
Бұл мәселені шешу үшін білім беру мекемелері мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейту маңызды. Студенттер өндірістік тәжірибеден жиі өтіп, болашақ жұмыс орнымен ертерек танысса, еңбек нарығына бейімделуі жеңілдейді. Мемлекет тарапынан жас мамандарды қолдау бағдарламаларын кеңейту де өз жемісін берері анық.
Жастар тарапынан, не істеу қажет? Жас маман жаңа білім мен дағдыларды үздіксіз меңгеріп, заман талабына бейімделе білуі қажет.
Диплом – адамның белгілі бір білім алғанының дәлелі ғана. Алайда жұмыс берушілер үшін қағаздан гөрі нақты нәтиже, кәсіби қабілет, бастамашылдық пен жауапкершілік маңыздырақ. Сондықтан студенттік кезеңнен бастап тәжірибеден өту, еріктілік қызметпен айналысу, түрлі жобаларға қатысу және қосымша курстар оқу, шет тілдерін меңгеру болашақта үлкен артықшылық береді. Қазіргі еңбек нарығы бұрынғыдай тұрақты емес, ол күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Технологиялардың қарқынды дамуы көптеген мамандықтың мазмұнын өзгертіп, қызметкерлерден жаңа қабілеттерді талап етуде. Сондықтан бүгін алған білім ертең жеткіліксіз болуы мүмкін. Бәсекеге қабілетті маман болу үшін адам үнемі ізденіп, кәсіби деңгейін жетілдіріп отыруы керек.
Қорытындылай келе, жастар жұмыссыздығы – тек диплом алған түлектің ғана емес, тұтас қоғамның алдында тұрған күрделі мәселе. Бұл түйткілді шешу үшін мемлекет, білім беру ұйымдары, жұмыс берушілер және жастардың өздері бір бағытта әрекет етуі қажет. Өйткені, бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, экономиканың қозғаушы күші.
Бос жұмыс орындарының болуы мәселенің шешілгенін білдірмейді. Ең бастысы – сол орындар мен жастардың мүмкіндіктері бір-бірімен тоғыса алуы. Әйтпесе бос тұрған орындар ғана емес, өз орнын таба алмай жүрген тағдырлар көбейеді.
Жастарға тек диплом емес, мүмкіндік керек. Сенім керек. Ал қоғамға білімді ғана емес, өз кәсібін сүйетін, бәсекеге қабілетті мамандар қажет. Сондықтан бүгінгі таңда қойылатын басты сұрақ – жастар неге жұмыс таба алмай жүр деген мәселе емес, біз олардың әлеуетін толық ашуға қандай жағдай жасап жатырмыз деген сауал болуы тиіс. Себебі әр жұмыссыз жас – орындалмай қалған бір арман, жүзеге аспай қалған бір мүмкіндік. Ал жастардың арманына жол ашу – болашаққа жол ашумен тең.
Бауыржан ЖҮНІС
22 шілде 2026 ж. 102 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№54 (10522)

21 шілде 2026 ж.

№53 (10521)

18 шілде 2026 ж.

№52 (10520)

14 шілде 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 513
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 997

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031