» » ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – БОЛАШАҚҚА ИНВЕСТИЦИЯ

ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – БОЛАШАҚҚА ИНВЕСТИЦИЯ

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар аз емес. Солардың бірі – білімі бар, алайда тәжірибесі жоқ жастарды мемлекет есебінен жұмысқа орналастыру. Бұл жоба «Жастар практикасы» деп аталады. Бұл көпке мүмкіндік беріп, тіпті жұмыс тауып, сонда тұрақтап қалуға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Толығырақ тоқталсақ.
Жастар практикасына оқуды енді бітірген, мамандығы бойынша әлі тәжірибесі жоқ, 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Тек оқу бітіргеніне үш жылдан аспаса болғаны. Бұған колледж бітірген жастардың да қатысуына мүмкіндік бар.
Жастар практикасына қабылданған жас 12 ай бойы практикада болады. Статистикалық деректерге сүйенсек, жастар практикасына жолданған азаматтардың басым көпшілігі сол жұмыс атқарған мекемесінде тұрақты жұмысқа орналасып қалуда. Жастар практикасымен жүрген әрбір жанға жалақы толық мемлекет есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар осы жыл еңбек өтіліне есептеледі. Ақжар ауылындағы іссапарымызда осындай берері мол жобаның жемісін көріп жүрген жандарды сөзге тарттық. Олар – Айдана Жұмабай, Бейбарыс Шегебай, Сұңғат Өтеш. Үшеуі де осы ауылдың тумасы. №28 мектептен тәлім алып, арманға қарай қадам басқан. Өз қалауларымен медицина саласын таңдап, білімін жетілдіреді. Қолдарына дипломын алғаннан кейін «Жастар практикасы» жобасы аясында алғашқы еңбек жолдарын туған мекеннен бастаған.
– Бірінші «Болашақ» медициналық колледжінен фельдшер-мейірбике мамандығын меңгердім. Одан кейін жоғары оқу орнынан екінші мамандық иесі атандым. Жоғары оқу орнын бітірген соң, нағыз тәжірибе қажет екенін түсіндім. «Жастар практикасы» жобасы арқылы ауыл емханасына орналастым. Алғашында қобалжу болды, бірақ тәжірибелі әріптестердің қолдауымен үйреніп кеттім. Тіпті бір жылдың қалай өткенін аңғармай қалдым. Бұл жоба бізді жұмыстың тыныстіршілігімен таныстырып, дұрыс маман болуымызға жол көрсетті, – дейді Айдана.
Ал Бейбарыс «Практика кезінде науқастармен тікелей жұмыс істеу арқылы көп тәжірибе жинадым. Теория мен практика арасындағы айырмашылықты сезіндім. Бұл бағдарлама мен үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Өзімді дамытуға мүмкіндік алдым. Ұжымдағы аға-әпкелерім де жылы қабылдап, оң бағыт-бағдар берді. Алдағы уақытта осы сала бойынша білімімді жетілдіруге ниеттімін» дейді. Әрбір жасқа ерекше мүмкіндік сыйлаған жобаға Сұңғат Отан алдындағы борышын өтеп келіп отыр.
– Әскерге дейін алған білімімді «Жастар практикасы» арқылы тәжірибеге енгізуді жөн көрдім. Бұл мемлекеттің жастарды қолдауы деп білемін. Ауыл емханасында жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Практика кезінде нағыз дәрігерлік қызметтің қандай болатынын ұқтым. Бұл уақытта тек тәжірибе жинаумен қатар, өз мамандығыма деген сенімділігім артты, – дейді ол.
Сондай-ақ жастар ауыл халқынан алғыс арқалап, таңдаған мамандықтарының бекер еместігіне көз жеткізгенін жасырмады. Мемлекет тарапынан ұйымдастырылып жатқан мұндай жобалар жастардың жұмыссыздық деңгейін азайтып, мықты мамандарды дайындау бағыттарын арттырады. Ел болашағының жарқын болуы жастарға байланысты екені анық. Сол себепті олардың әлеуетін жоғарылатып, білім алуына, өз ісінің маманы болуына, қажетті жұмыс орындарымен қамтамасыз етуіне жол ашатын бағдарламалар, іс-шаралар жоспары жүйелі жүргізілсе деген тілектеміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
16 тамыз 2025 ж. 112 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

№60 (10428)

12 тамыз 2025 ж.

№59 (10427)

09 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 225
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031