Мамандықты дұрыс таңдау – табысты өмірдің кілті
qarmaqshy-tany.kz Кәсіби бағдар беру – шешімі табылуға тиісті өте күрделі кешенді мәселе. Өзінің әдістемесі және мазмұны жағынан оның психологиялық, педагогикалық, физиологиялық және әрекеттік аумағы жағынан әлеуметтік сипаты болады. Нәтижесі қоғамның экономикалық өміріне әсер етеді. Сонымен қатар, кәсіби бағдар беру қоғамның жұмыс күшін қайта өндірудің маңызды құралы саналады. Білім саласындағы кәсіби бағыттың ауқымы кең және алуан түрлі. Бұл істің жүргізілуі кадрлар даярлауды жоспарлаумен, білім беру жүйесін одан әрі жетілдірумен тығыз байланысты екендігі сөзсіз. Қазіргі уақытта заман талабына сай мамандықтарды игерген жас буынға сұраныс өте жоғары. Нарықтағы бәсекелестік күн өткен сайын артып келеді. Бүгінгі заман талабы кәсіптік білім беру саласында адамның табиғи ерекешеліктеріне сәйкес мыңдаған мамандық пен кәсіпке дайындау – кезек күттірмейтін талаптың бірі.
«Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе», – деп Ж.Аймауытов айтқандай, айтулы маман иесі боламын десек, алға ұмытылуымыз керек.
Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінің педагог тәлімгерлері осыған орай атқарылатын нақты шараларды анықтап, жоспарлы түрде жүйелі жұмыс жасауда. Жыл сайын 8 мамандық бойынша бәсекеге қабілетті сан алуан кәсіп иесі диплом алады. Бүгінде түлектеріміз еліміздің түрлі салаларында қызмет атқарып жүр. Демек, оқушыларға дұрыс жөн сілтеу ұстаздардың пайымды пікірлерін тыңдау мен түрлі саладағы мәртебелі мамандық иелерімен кездесудің маңызы өте зор. Осы мақсатта оқушыларға болашақ мамандық таңдауға көмектесу және пайдалы кәсіп туралы көзқарастарын дамыту үшін колледж оқытушылары өңіріміздегі білім шаңырақтарына барып, әртүрлі тақырыптарда еркін әңгіме жүргізеді. Мектеп оқушыларына колледждің материалдық-техникалық базасы мен тарихы, мамандықтардың таныстырылымы ұсынылып, белсенді студенттер концерттік бағдарлама ұйымдастырады. Колледжіміздің жеткен жетістіктерін таныстыру үшін жыл сайын мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналарына арналған «Ашық есік» күні өтіледі.
Жуырда С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжде «Мамандықты дұрыс таңдау – табысты өмірдің кілті» атты өңірдегі он мектептің оқушылары, ата-аналар және ұстаздардың қатысуымен ашық есік күні өтті. Негізгі мақсат – оқу орнына талапкерлер тарту, оларға колледж тарихын таныстырып, оқуға түсу тәртібін, оқу жүйесін және білім алудың тиімділігі жайлы толық ақпарат беру.
Еліміздің болашағы – жастар екенін ескерсек, жыл сайын мектеп бітіруші түлектер қай мамандықты таңдарын білмей, ойы сан-сақта жүретіні анық. Осындай жастарға болашақтағы мамандығын қателеспей, оны өзінің жүрек қалауымен таңдауға жол көрсетіп, дұрыс бағыт беруде колледжіміз бен Байқоңыр қаласындағы мектептердің 9 сынып оқушылары мен олардың атааналарына арналған «Ашық есік» күні жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.
Жиында колледж оқытушылары мен білім алушылары бар күшжігерін салып, мұнда оқытылатын кәсіби мамандықтың барлық түрін жаңа технологиялық әдістәсілдер арқылы көрсете отырып, колледждегі мамандықтардың қыр-сырын ашып, тереңірек тоқталып өтті.