ҚОҒАМ САУЛЫҒЫНЫҢ САҚШЫЛАРЫ
Елімізде 15 қыркүйек – санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтіледі. Бұл күн – халықтың санитарлықэпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етіп жүрген барша сала мамандарының еңбегіне көрсетілген құрмет. Осы тұрғыда тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етіп, ауызсу, азық-түлік, инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың таралуын болдырмау, содай-ақ қоршаған ортаның жағдайын қадағалап отыруда аудандық санитарлықэпидемиологиялық бақылау басқармасының орны бөлек.
Еліміздің басты байлығы – халық денсаулығы. Оны қорғау асыл мұратымыз дейтін болсақ, осы жолда үздіксіз халыққа аянбай еңбек етіп келе жатқан санитарлық мекеменің тарихы әріден басталады.
Тарихына шегініс жасасақ, бұл қызметтің іргетасы 1956 жылы қаланған. Алғашқы жылдары екі бөлмеде, екі мейіркешпен жұмыс бастаған ұйым бүгінде жұрт сенімін ақтаған үлкен ұжымға айналып отыр. 1965 жылы дербес санитариялық-эпидемиологиялық станция болып құрылғаннан бері халық саулығын сақтауда талай кезеңді бастан өткізді. Зертханалар ашылды, жаңа құралдар алынды, бірнеше буын мамандары еңбекке араласты. Қауіпті індеттердің алдын алу, тазалық пен тәртіп сақтауда басты рөл атқарды.
Қиын да күрделі қызметте сала ардагерлерінің орны айрықша. Олар мекеменің ең қиын сәттерінде өлшеусіз еңбек етіп, қалыптасуына атсалысты. Мерейлі күнде олардың есімін құрметпен атаған абзал. Аға буын өкілдері – Алуа Қазбекова, Гүлжахан Дәндібекова, Фатима Мұғалова, Әлия Жаханова, Жібек Омарова, Күлән Қарашаева, Жаңагүл Төлебаева, Гүлжамал Байтасова, Күлаш Серікбаева, Бердібек Кәріқұлов, Бақыткүл Жаңабаева, тағы басқалары қайсар мінез бен кәсіби біліктіліктің арқасында аудан халқын талай індеттен аман сақтап қалды. Олардың тәжірибесі, өмірі мен еңбектен алған тағылымы жас мамандарға үлгі-өнеге.
Ауданда санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің сапалы жүргізілуінде әр жылдары басшылық еткен А.Тен, А.Дмитрусь, И.Золотовская, Зоя Қалиева, Төребек Қанжаппаров, Жеміскүл Өмірәлиева, Серікбай Аманжолов, Алмагүл Матжанова, Гүлназ Сүлеева, Қыдыркүл Әбдіхалыққызы, Иса Әбсаттар, Гүлнар Төлепбергеновалардың еңбегі ерен. Осы сара жолды бүгінде Әлия Нұрмағанбетқызы жалғастырып, ұжымға басшылық етуде.
Әрине, кешегі мен бүгінгінің арасы жермен көктей. Сала жыл сайын жаңарып, жаңғыра түсуде. Қазіргі таңда санитариялықэпидемиологиялық қызмет заманауи зертханалармен жабдықталған, кәсіби білікті мамандар жұмыс істейтін беделді мекеме. Әсіресе 2019 жылы бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Covid-19 пандемиясы кезінде мамандар тәуекелге бас тігіп, алдыңғы шепте жүрді. Күндіз-түні халықтың қауіпсіздігін қорғап, індеттің таралуын тоқтатуға орасан үлес қосты. Бұл – нағыз жанқиярлықтың, кәсіби адалдықтың айқын көрінісі болатын.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу үшін көктем, жаз айларында кенеге қарсы өңдеу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Халық арасында аса қауіпті жұқпалы, паразиттік аурулардан сақтық шаралары жөнінде түсіндіру жұмыстары да тұрақты жалғасып келеді.
Емдеу-сауықтыру ұйымдарымен бірлесіп, 21 түрлі инфекцияға қарсы профилактикалық екпелер мақсатты топтағыларға толықтай жүргізіліп, нәтижесінде вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың деңгейі едәуір төмендеді. Сібір жарасы дертіне тосқауыл қою үшін ветеринариялық қызметпен бірлескен іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асуда.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тағамнан және химиялық заттардан уланудың алдын алу бағытында мектеп асханалары, балабақшалар, қоғамдық тамақтану орындары мен өндіріс нысандарында санитариялық талаптардың сақталуы қатаң бақылауға алынып, нәтижесінде топтасқан улану жағдайлары тіркелмеген. Маусымдық тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялар кезінде екпе жұмыстары жүргізіліп, түсіндіру шаралары халыққа кеңінен жеткізіліп отыр. Балабақшалар мен мектептердің санитариялық жағдайы, ауызсудың сапасы, тұрмыстық қауіпсіздік мәселелері де мамандардың жіті назарында.
Мереке қарсаңында мекемеге атбасын тіреп, басқарма басшысы Әлия Ідірісовамен дидарласып қайтқан едік.
– Уақыт талабына сәйкес, салаға цифрландыру жүйесі енгізіліп, жаңа бағдарламалар іске қосылуда. Соның нәтижесінде азаматтардың өтініш беруі мен мемлекеттік қызметтерді алу үдерістері анағұрлым қолжетімді әрі ыңғайлы бола түсті.
Басқарманың қол жеткен жетістіктері де, алған марапаттары да аз емес. Бас маман Әлия Сейітбекқызы мен басшы қызметте болған Гүлнар Мәлікқызының пандемия кезінде атқарған еңбектері үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Бұл еңбектің ғана емес, халық алдындағы адалдықтың да мойындалуы деп білеміз.
Санитарлық қызмет небір сыннан сүрінбей өтіп, әр кезеңде өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Осы жолда аянбай еңбек еткен ардагерлерге, қазіргі ұжымға шынайы алғысымды білдіремін. Мерекелі күнде отбастарына амандық, дендеріне саулық, қоғам қауіпсіздігі жолындағы қажырлы еңбектеріне толағай табыстар тілеймін, – дейді жылы лебізін білдірген басқарма басшысы.
Қорыта айтқанда, ауданның санитариялық-эпидемиологиялық қызметі жетпіс жылдық тарихы бар, ел үшін еңбек етіп жатқан ауызбірлікті ұжым.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
















