» » 15 ҚЫРКҮЙЕК - САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ЖҰМЫСКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ

15 ҚЫРКҮЙЕК - САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ЖҰМЫСКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ


Адам өмірі мен денсаулығын қорғау - кез келген қоғамның тұрақты дамуының басты негіздерінің бірі. Осы жауапты міндетті күнделікті кәсіби қызметіне арқау еткен санитариялық-эпидемиологиялық сала мамандары жұқпалы аурулардың алдын алып, халықтың санитариялық саламаттылығын қамтамасыз ету жолында еңбек етіп келеді. Атаулы күн қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған саланың қалыптасу тарихы, бүгінгі жұмысы мен жетістіктері сөз етілді.

- Өңірде санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Сала мамандары жұқпалы аурулардың алдын алу, ауыз су мен тағам өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау, балалардың денсаулығын қорғау және қоршаған орта факторларының адам денсаулығына әсерін бағалау бойынша тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Балалар денсаулығын қорғау бағытында да оң нәтижелер бар. Соңғы бес жылда облыста 30 мектеп салынса, оның 10-ы «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Бүгінде облыстағы 313 мектептің барлығы санитариялық тораптармен және қажетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілген. Ауыз су сапасы бойынша да сәйкессіздіктер деңгейі бірнеше есеге төмендеді. Бұдан бөлек, соңғы жылдары өнім қауіпсіздігін бақылау және тәуекелдерді мониторингілеу бағытында жаңа бөлімдер іске қосылды. Сауда орындарындағы тағам және азық-түлікке жатпайтын өнімдерден сынамалар алынып, олардың микробиологиялық, санитариялық-химиялық, токсикологиялық және басқа да көрсеткіштері зерттеледі. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін өнімдер анықталған жағдайда, оларды одан әрі өткізуге жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазіргі таңда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі инфекциялық аурулардың алдын алумен қатар, инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларын ерте анықтауға, салауатты өмір салтын насихаттауға және халықтың денсаулығына қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беруде. Бүгінде облыстық департамент пен оның аумақтық басқармаларында медициналық білімі бар 162 маман, оның ішінде 57 санитариялық дәрігер мен 33 эпидемиолог еңбек етеді. Олардың күнделікті еңбегі өңірдегі санитариялық тұрақтылықты сақтауға және халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған ,- деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлмира Жамбылқызы.

Одан бөлек, Қызылорда облысының аумағында оба және басқа да аса қауіпті карантиндік инфекциялардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте «Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы» РММ мамандары табиғи ошақтарда эпизоотологиялық бақылау жүргізіп, инфекцияның адамға таралуына жол бермеу шараларын тұрақты атқарып келеді. Бұл туралы Қызылорда обаға қарсы күрес станциясының басшысы Нұрлан Нұрмағанбетов баяндады.

- 2021-2025 жылдары кеміргіштер арасында оба эпизоотиясы 4,2 мың шаршы шақырым аумақта анықталған. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде оба қоздырғышының 11 штаммы бөлініп, 124 кеміргіштен оба қоздырғышына антиденелер табылған. Анықталған ошақтарда тиісті эпизоотиялық және эпидемиологиялық шаралар дер кезінде жүргізілген. Ал адам арасында оба ауруының тіркелу жағдайы болмаған. Сонымен қатар, облыста тырысқақтың алдын алуға да ерекше көңіл бөлінуде. Эпидемиологиялық маусым кезінде ашық су көздері, демалыс орындары мен аквапарктерден, сондай-ақ жедел ішек ауруларымен түскен науқастардан алынған сынамалар зерттеледі. 2021-2025 жылдары 19 815 сынама зерттеліп, тырысқақ ауруы анықталмаған. Қазіргі таңда далалық зерттеулерде GPS, дрондар және заманауи автобаклаборатория қолданылып, табиғи ошақтарға мониторинг жүргізу жұмыстары жетілдірілуде. Осылайша, облыста оба, тырысқақ және басқа да аса қауіпті инфекциялардың алдын алу бойынша зертханалық бақылау, вакцинация, эпидемиологиялық мониторинг және профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізіліп, өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жалғасуда ,- деді Нұрлан Әбжанұлы

10 қыркүйек 2026 ж. 51 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№67 (10535)

05 қыркүйек 2026 ж.

№66 (10534)

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 (10533)

29 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 808
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 093

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930