БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ – ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕК
Дала төсіндегі тіршіліктің өз тәртібі бар. Көктем шыға жерге дән себіліп, жаз бойы егістік бапталады. Ал күз келгенде айлап күткен еңбектің нәтижесі таразыға түседі. Осы аралықта диқанның әр күні тынымсыз тірлікке толы. Әсіресе күріш шаруашылығында судың бабын табу, егістіктің жағдайын бақылау, техниканың уақытылы жұмыс істеуі мен жиынтерімді дұрыс ұйымдастыру – өнімнің тағдырын айқындайтын маңызды жұмыстар.
Бұл істің жайын жылдар бойы егістік басында жүрген тәжірибелі маман Алдаберген Сәркенов жақсы біледі. 1960 жылы дүниеге келген ол 1984 жылы әскерден келгеннен кейін ауыл шаруашылығы саласында сушы болып еңбек жолын бастаған. 1997 жылдан бері үшінші бригадада жұмыс істеп келеді. Осылайша оның егіншілік саласындағы еңбек өтілі 41 жылға жеткен. Қырық жылдан астам уақыт бойы дала тіршілігімен біте қайнасқан еңбеккер үшін сушының міндеті жақсы таныс. Оның айтуынша, егістіктің бітік шығуы ең алдымен судың дұрыс берілуіне байланысты.
– Сушының жұмысы – егістікке су алып, егіннің күтіміне қарау. Егіннің дұрыс пісуі де суға байланысты. Қазір ауданымызда алғаш рет «Атаман» сорты егілуде, көлемі – 81 гектар. Жұмыс жасауға жағдай жақсы. Еңбек етемін деген адамға мүмкіндік бар, тек еңбек ету керек – дейді тәжірибелі сушы.
Сушы еңбегінің жауапкершілігі де осында. Су уақытында келіп, қажетті мөлшерде берілмесе, егістіктің жағдайына әсер етеді. Сондықтан алқаптың жайын күн сайын бақылап, судың дұрыс бөлінуіне мән беру – мол өнімнің алғашқы шарттарының бірі.
Алдаберген Мырзабекұлының еңбегі бірнеше мәрте бағаланған. Ол 1994 және 2016 жылдары сушы мамандығы бойынша аудан чемпионы атанған. Бұл – бір кәсіпке адалдық пен ұзақ жылдық тәжірибенің нәтижесі. Дегенмен егін науқаны бір адамның еңбегімен атқарылмайды. Даладағы береке әр маманның жұмысы өзара үйлескен кезде қалыптасады.
Бүгінде үшінші бригадада 35 адам еңбек етеді. Олардың арасында сушы, механизатор, комбайнер, көлік жүргізушісі, аспаз, есепші және басқа да мамандар бар. Атқаратын міндеттері әртүрлі болғанымен, мақсаттары ортақ – егінді уақытында баптап, ысырапсыз жинау. Көктемгі дала жұмыстары ең алдымен жерді тегістеуден басталады. Одан кейін жер жыртылып, қайта тегістеледі. Егістікке қажетті тыңайтқыштар беріліп, су алу жұмыстары жүргізіледі. Осы дайындықтардың барлығы аяқталғаннан кейін ғана күріш алқабына дән себіледі.
Осы ретте бригаданың бригадирі, білікті маман Сағат Әбжәлиевті егіс басынан кездестірдік.
– Биыл 545 гектар жерге күріш ектік. Егістікте күріштің бірнеше сорты өсірілуде. Күріштің пісуіне шамамен 135 күн қажет. Бірақ осы уақыт ішінде егістікті қараусыз қалдыруға болмайды. Су деңгейін бақылап, алқаптың жағдайын үнемі қадағалап отырамыз. Әр жұмыстың өз уақыты бар. Сондықтан егіншілікте асығыстыққа жол жоқ, мұнда ұқыптылық пен төзімділік қажет. Күзгі жиын-терім жақындаған кезде жұмыс қарқыны да күшейеді. Бұл кезде уақыттың әр сағаты маңызды. Піскен өнімді дер кезінде жинау үшін техника да сақадай сай тұруы керек. Бригадада Германиядан әкелінген екі комбайн бар. Заманауи техниканың мүмкіндігін дұрыс пайдалану орақ науқанын сапалы әрі шапшаң жүргізуге мүмкіндік береді. Дегенмен, техниканың тілін білетін маман да қажет. Сондықтан егін науқанында техника мен адам еңбегі қатар жүреді,– дейді бригадир.
Техника жұмысты жеңілдеткенімен, оның мүмкіндігін тиімді пайдаланатын мамансыз нәтижеге жету қиын. Бригададағы комбайнер Айдархан Сапабеков, жаткашы Бақтияр Исабаев орақ науқаны кезінде алдыңғы қатардан көрінсе, егіншіліктен облыс чемпионы атанған сушы Ержан Серікбаев да ұжымның белді мамандарының бірі.
Даладағы еңбек егістікпен ғана шектелмейді. Еңбеккерлердің күнделікті тұрмысы мен уақытылы тамақтануы да жұмыс ырғағына әсер етеді. Бұл міндетті аспаздар Гүлмира Қасымова, Ләззат Оразбаева және Айнұр Әбдібаева атқарып келеді. Олар таңнан кешке дейін далада жүрген жұмысшыларға уақытылы ыстық тамақ дайындайды. Сонымен бірге орталық наубайханадан нан, ет және басқа да қажетті азық-түлік жеткізіліп, еңбеккерлердің жағдайы жасалған.
Бригаданың еңбегі табыссыз емес. Ұжым облыс бойынша үш жыл қатарынан чемпион атанған. Егін шаруашылығында бір жұмыстың нәтижесі екіншісіне жалғасады. Механизатор жерді дайындайды, сушы суын жеткізіп, алқапты күтеді, комбайнер піскен өнімді орады, жүргізуші оны тасымалдайды. Ал аспаз бен басқа да қызметкерлер еңбеккерлердің күнделікті жұмысына жағдай жасайды. Демек, 545 гектар алқаптағы күріш – бір ғана адамның емес, тұтас ұжымның ортақ еңбегінің нәтижесі. Мұнда әр маманның еңбегі бір-бірін толықтырып, ортақ жетістікке ұласады.
Күріштің бір дәні жерге түскеннен бастап, оны баптау, суару, күту, ору және қамбаға жеткізуге дейінгі ұзақ жолдың артында адам еңбегі тұр. Сондықтан ауылдағы берекені тек жиналған өніммен емес, сол өнімді өсірген еңбекпен бағалау абзал. Өйткені жердің берекесін арттыратын – маңдай тер. Ал маңдай термен келген нанның қадірі қашанда биік.
Бауыржан ЖҮНІС

















