» » ЖҮГЕРІ ЖАЙҚАЛҒАН АЛҚАП

ЖҮГЕРІ ЖАЙҚАЛҒАН АЛҚАП

Жердің бабын тауып, егіннің жайын білетін жандар үшін диқаншылық – маусымдық жұмыс қана емес, жыл он екі айды қамтитын жауапкершілік. Әсіресе жаздың аптап ыстығында суын уақытында жеткізіп, әр дақылдың жай-күйін бақылау үлкен еңбекті талап етеді. «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі бақша алқабында осындай тынымсыз тірліктің бел ортасында жүрген азаматтың бірі – зейнеткер Серік Алтынқожаев.
1958 жылы дүниеге келген Серік аға бүгінде зейнет жасында болса да, қол қусырып отыруды жөн көрмейді. Керісінше, ауылдың тыныс-тіршілігіне араласып, бақша жұмысына өз үлесін қосып келеді. Оның негізгі міндеті – моторшы ретінде су жүйесін бақылап, алқапты қажетті уақытта сумен қамтамасыз ету. Арнадан насос арқылы су айдалып, арық арқылы егістікке жеткізіледі. Судың уақытылы берілуі мен алқаптың дұрыс суарылуы – мол өнімнің басты шартының бірі.
Жердің де өз бабын күтетінін жақсы білетін зейнеткер бақшадағы суару жұмысына ерекше мән береді. Насостың үздіксіз жұмыс істеуін қадағалап, судың алқапқа уақытында жетуін қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс сырт көзге қарапайым көрінгенімен, егістіктің жағдайына тікелей әсері бар.
Биыл егілген бақшадағы маңызды дақылдардың бірі – жүгері. Оған 25 гектар жер бөлінген. Жүгеріні өсірудегі мақсат – тек өнім алу емес. Оның топыраққа тигізер пайдасы да ескерілген. Дақылды ауыспалы егіс жүйесінде орналастыру арқылы жердің құнарын сақтап, алқаптың келесі жылдардағы өнімділігін арттыру көзделеді. Қазір жүгерінің күтіміне Серік ағаның өзі бас-көз болып отыр. Егістікке су жеткізу, өсімдіктің жағдайын бақылау, алқапты қорғау секілді жұмыстар күнделікті назарда. Әр гектардың жайын бақылап, ауа райы мен жердің жағдайына қарай суару тәртібін үйлестіру де үлкен тәжірибені қажет етеді.
Алайда дала еңбегінің өз қиындықтары бар. Соның бірі – малдың егістікке түсіп кетуі. Жүгері алқабына мал кірсе, бірнеше күндік еңбектің берекесі кетуі мүмкін. Сондықтан шаруашылықта мұның алдын алудың өзіндік тәсілі қарастырылған. Арнайы мал үркітетін құрал белгілі бір уақыт аралығында іске қосылып, дыбыс арқылы малды алқаптан қуып отырады. Осылайша егістіктің сақталуына жағдай жасалады.
Егіншілік – тек жерге тұқым себуден тұрмайды. Оның артында суару, күтім жасау, уақытылы бақылау және күнделікті еңбек жатыр. Әсіресе Сыр бойының ыстық күндерінде судың маңызы айрықша. Сондықтан мотордың қалыпты жұмыс істеуі мен судың үздіксіз берілуі – егістіктің өнімділігіне әсер ететін негізгі фактор.
Зейнеткерлікке шыққанымен, Серік ағаның еңбекке деген құлшынысы бұрынғыша. Күнделікті тірлік оның өміріне қозғалыс беріп, ауыл шаруашылығына араласуына мүмкіндік беріп отыр. Өмір бойы еңбектің ортасында жүрген адам үшін жердің жайын бақылау – міндет қана емес, қалыптасқан дағды.
– «Қартайған сайын жасарып жатырмыз» деген Серік ағаның әзілі де оның еңбекке деген көзқарасын аңғартады. Жастың ұлғаюы жұмысқа деген ынтаны бәсеңдетпей, керісінше, жинақталған тәжірибені іске асыруда. Бүгінде ол сол тәжірибесін бақша алқабының күтіміне арнауда.
25 гектар жүгері алқабының жайқалып өсуі – бір күннің немесе бір адамның еңбегі емес. Оның артында тұтас еңбек ұжымының маңдай тері, уақытылы суару мен тынымсыз күтім бар. Ал Серік Алтынқожаев секілді тәжірибелі азаматтардың еңбегі осы жұмыстың өзегін құрайды. Жермен жұмыс істеген еңбек адамы оның қадірін жақсы біледі. Егістіктің әр тамырына су жеткізу, әр алқаптың жағдайын бақылау – ауылдағы тіршіліктің көзге көрінбейтін, бірақ маңызы зор жұмысы. Осындай еңбектің арқасында ғана жердің берекесі артып, елдің несібесі еселенеді. Серік ағаның бүгінгі тірлігі де – зейнет жасының еңбекке тосқауыл емес екенін көрсететін өмірлік өнеге. Еңбекке адалдық пен жерге жанашырлық бар жерде ауылдың да берекесі баянды болмақ.
Бауыржан ҒАЛЫМҰЛЫ
25 тамыз 2026 ж. 75 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (10532)

24 тамыз 2026 ж.

№63 (10531)

22 тамыз 2026 ж.

№62 (10530)

17 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 723
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 169

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31