АТА КӘСІПТІҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАН ШАРУА
Ауылдың тыныс-тіршілігі таңның атысы мен күннің батысына дейінгі тынымсыз еңбекпен өлшенеді. Жердің бабын тауып, төрт түліктің қамын күйттеу – тек кәсіп емес, үлкен жауапкершілік. Осындай еңбекті өмірінің мәніне айналдырған жас кәсіпкердің бірі – Абзал Жомартұлы Жақсылықов.
Ол – тыл және еңбек ардагері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Жақсылық Жалғасбаевтың немересі. Әкесі – көп жылдан бері ауылшаруашылығымен айналысып келе жатқан Жомарт Жақсылықұлы. Сондықтан Абзалдың балалық шағы еңбекпен, егіннің басында, малдың қасында өтті.
Отбасының ауылшаруашылығы саласындағы жолы әріде жатыр. Жақсылық ақсақал зейнетке шыққан соң ел егемендігін алған тұста республикадағы алғашқы жеке кәсіпкерлердің бірі болып, бау-бақша мен көкөніс шаруашылығын қолға алады. Қармақшы ауданының бұрынғы Төребай би ауылындағы егістік алқаптарына Сырдария өзенінен арнайы су сорғысы арқылы су шығарып, бақша дақылдарын өсіріп, аудан тұрғындарын ғана емес, Байқоңыр қаласы мен Ақай ауылын да табиғи өніммен қамтамасыз етуге зор үлес қосқан. Бұл еңбектің заңды жалғасы ретінде 1998 жылы әкесі Жомарт Жақсылықұлы «Шабан-Ата» шаруа қожалығын ресми түрде тіркеп, отбасылық істі жаңа деңгейге көтереді. Содан бері бұл шаруашылық өңірдегі тұрақты еңбек етіп келе жатқан қожалықтардың біріне айналды.
Абзал Жомартұлы шаруашылық жұмысына 2015 жылы әкесінің ақыл-кеңесімен белсенді араласа бастайды. Сол жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, 50 бас ет бағытындағы жартылай асыл тұқымды ірі қара сатып алады. Осылайша бұрын негізінен егіншілікпен айналысқан қожалық мал шаруашылығын қатар дамытатын көпсалалы кәсіпке айналады.
Бүгінде шаруашылықтағы ірі қара саны 200 бастан асты. Сонымен қатар 15 гектар күріш, 20 гектар биылғы жоңышқа, 22 гектар өткен жылдан қалған жоңышқа алқабы, 5 гектар бақша дақылдары және 1 гектар көкөніс өнімдері егілген. Мұның барлығы – жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе мен үздіксіз еңбектің нәтижесі.
Көпшілік ауылшаруашылығы тек көктем мен жаздың жұмысы деп ойлайды. Алайда шаруа үшін жылдың он екі айы – еңбек маусымы. Көктемде алғашқы су келгеннен бастап егістікке жан бітіп, суару науқаны басталады. Маусым айынан жоңышқа шабылып, қыстық мал азығы дайындалады. Жазда егін мен бақша күтілсе, күзде өнім жиналып, қысқа қажетті қор жасалады. Ал қыста малдың күтімі бір сәтке де тоқтамайды. Сондықтан шаруаның демалысы жоқ десек, артық айтқандық емес.
Шаруашылық соңғы жылдары жаңа технологияларды енгізуге де ерекше көңіл бөліп келеді. Соның бірі – тамшылатып суару жүйесі. Былтырдан бері бұл технологияны сынақ ретінде енгізіп жатқан қожалық алғашқы нәтижесін де көріп отыр. Бұрын бақша өнімдері тамыз айының ортасында ғана пісетін болса, биыл алғашқы өнім шілде айының ортасында жинала бастаған. Бұл – су үнемдеудің ғана емес, жаңа технологияның тиімділігін дәлелдейтін үлкен жетістік.
Алдағы уақытта мемлекет тарапынан көрсетілетін субсидиялық қолдаудың арқасында тамшылатып суару көлемін кеңейтіп, бақша өнімдерін ірі көлемде өндіріп, аудан мен облыс тұрғындарын сапалы табиғи өніммен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
– Бізде, ауылшаруашылығында демалыс болмайды. Бір жылдың жұмысы көктемде алғашқы су келген сәттен басталады. Егін суару, жоңышқа күту, шабындықты дайындау – бәрі бір-бірімен жалғасып жатады. Жаз шыққаннан кейін қыстың қамын ойлап, маусым айынан бастап жоңышқа шабуға кірісеміз. Қазір қыстық мал азығын қораға түсіріп жатырмыз, – дейді Абзал Жомартұлы.
Әр маусымның өзіндік қиындығы бар. Әсіресе шілденің аптап ыстығы әрі егінге, әрі малға әсер етеді. Бірақ көп жылғы тәжірибесі бар ата мен әкенің ақыл-кеңесі мұндай кезеңдерді шығынсыз еңсеруге көмектеседі.
Абзал Жомартұлының айтуынша, ауылшаруашылығында табысқа жетудің дайын формуласы жоқ. Оның басты құпиясы – тынымсыз еңбек пен жауапкершілік.
– Егіннің мол шығуы таңның атысынан күннің батысына дейін аянбай еңбек етуге байланысты. Сонымен бірге егінге қажетті тыңайтқыштарды уақытында беру, зиянкестердің алдын алу, суару жұмыстарын кешіктірмеу өте маңызды. Бір ғана жұмыстың уақытынан кешігуі бүкіл еңбектің нәтижесіне әсер етеді, – дейді ол.
Жас шаруаның айтуынша, мол өнімнің басты кепілі – аянбай еңбек ету ғана емес, агротехникалық талаптарды уақытылы орындау. Егінге қажетті тыңайтқыштарды дер кезінде беру, зиянкестермен күресу, суару жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру – табыстың негізгі шарттары. Бүгінде мемлекет тарапынан ауылшаруашылығын қолдауға арналған бағдарламалар көбейіп келеді. Жеңілдетілген несиелер, субсидиялар, қайтарымсыз гранттар ауыл кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндік ашуда. Дегенмен Абзалды алаңдататын бір мәселе бар. Оның айтуынша, қазіргі жастардың ауылшаруашылығына қызығушылығы бұрынғыдай емес.
– Көпшілігі қалаға кетуді армандайды. Бірақ ауылдың болашағы зор екенін түсінуіміз керек. Мемлекет жастарға көптеген бағдарлама ұсынып отыр. Сол мүмкіндіктерді пайдаланып, бос жатқан жерлерді игеріп, мал және егін шаруашылығын дамытуға болады. Елдің ертеңін ұстайтын да – жастар. Сондықтан еңбектен қашпай, адал кәсіппен айналысқан дұрыс. Ауылда адал еңбек еткен адам ешқашан нәпақасыз қалмайды, – дейді ол.
Алдағы он жылға арналған жоспары да ауқымды. Болашақта мал бордақылау алаңын ашып, жылқы мен ұсақ мал басын көбейтуді көздейді. Сонымен бірге сүт бағытындағы мал санын арттырып, шағын сүт өңдеу цехын іске қосуды жоспарлап отыр. Мұнда құрт, май, ірімшік секілді табиғи өнімдер өндіріліп, аудан мен облыс тұрғындарына ұсынылмақ.
Ең бастысы – бұл жоспарлардың барлығы туған жердің әлеуетін арттыруға, ауыл экономикасын дамытуға бағытталған. Атадан балаға жалғасқан еңбек дәстүрін сақтап келе жатқан жас шаруа үшін табыс өлшемі тек өнім көлемімен емес, туған жерге тигізген пайдасымен бағаланады. Осындай еңбекқор азаматтардың арқасында ауылшаруашылығы жаңарып, ауылдың болашағы нық қадаммен алға басып келеді. Еңбекке адалдық пен туған жерге деген жанашырлық тоғысқан жерде береке де, бақ та болады. Осындай азаматтардың қажырлы еңбегі ауылдың еңсесін көтеріп, елдің ертеңіне сенім ұялатады.
Бауыржан ЖҮНІС

















