Тынымсыз тірлік игілікке жетелейди
Еңбек ете білген адамға – бәрі кәсіп. Көктемнің әр күнін жылдың азығына балаған диқан бабамыздың кетпені сайлы, көңілі жайлы болған. Жаздың аптап ыстығына күйіп, тоқтаусыз соғатын желдің өтінде тынымсыз тірлік ету берекеге бастайды. Облыс әкімі азық-түлік қорын көбейту және сырттан алатын өнімдерге деген тәуелділікті азайту үшін әр аудан, қаладағы ауылдарда егін егуге арнайы жер дайындауды және бақша дақылдарын егуді тапсырған еді. Біздің ауданда да биыл бақша өнімдеріне басымдық берілді.
Аудан көлемінде 635 гектар жерге 835 отбасы егін салды. Мәселен, Алдашбайахундықтар жабынды астына қарбыз ексе, III Интернационал ауылында да дәл осындай агроаймақ дайындалып, бақша егуге кіріскен. Оның ішінде ең көбі – картоп.
– Аудан тұрғындарының өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін қалыптастыру мақсатында ауданға қарасты кент және ауылдық округтерде «агроаймақтар» ұйымдастырылып, оған жергілікті тұрғындардың өзіне қажетті картоп, бақша өнімдерін егіп, жинап алуына шаруашылық құрылымдарын тарту жұмыстары жүргізілді. Биыл аудан бойынша жалпы көлемі 1531 гектарға (483 га картоп, 448 га көкөніс және 600 га бақша) бақшалық дақылдары орналастырылды. Оның ішінде, шаруашылықтармен өндірістік негіз-де 171 гектар, үйіргелік жерлерде және тұрғындардың бақшалықтары 1044 гектар, ауылдық округтерде ұйымдастырылған «агроаймақтарда» 316 гектар, – дейді ауылшаруашылық бөлімінің маманы Сабырхан Зайыров.
Бұған дейінгі бақшаның көлемі 400 гектардай болатын болса, биыл 600 гектарды құрады. Яғни өткен жылмен салыстырғанда, 200 гектарға көбейген. Оның ішінде шаруашылықтардың биылғы ерекшелігі бұрынғы күріш еккен алқаптар мен атыздарға қазіргі таңда бақша өнімдерін отырғызған. Ал күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға азайды. Оған себеп – судың тапшылығы болып отыр. Ал бақша егушілер суды үнемдеуге арналған әдістерді тиімді пайдалануда.
Иә, қандай өнім болсын, еккен соң оны күтіп-баптап, одан мол өнім алуда оңай шаруа емес. Әсіресе, картоп дақылына көп күтім қажет. Өнімді отырғызғаннан бастап оған дер кезінде тиісті агротехникалық шараларды жүргізу арқылы күтім жасау, шөбін жұлу, суару сияқты жұмыстар жер емген диқандардан қажырлы еңбекті, қыруар қаражатты талап ететіні белгілі.
Қасиетті қара жердің төсінен нәпақасын тауып, беймаза тірлік кешіп жатқан бағбандар алғашқы өнімдерін алуды бастап та кетті. Өз өнімдеріміз өзгемен салыстырғанда қалтаға қонымды әрі тұтынуға сенімді болары анық.
Уақытпен санаспай, тынымсыз тірлікті қолға алғандарға бастама берекелі болсын дейміз. «Кәсіптің көзін тапқанды бақыттың өзі табады» дейді халық даналығы. Ерінбей еңбектенген жанға берекелі табыстыңда тоқтаусыз келетіні сөзсіз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА