Қармақшылықтар кең көлемді картоп егуде
Кезінде Сыр маржаны жайқалып өскен алқаптар ауыл тұрғындарына бақша егу үшін берілген. Биыл Қармақшы ауданында 635 гектар жерге 835 отбасы егін салыпты, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұл шаралар су тапшылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін қабылданып отыр, дейді мамандар. Алдашбай Ахун ауылының тұрғыны Серік Бейісов ерте көктемнен 4 гектар жерге жабынды астына қарбыз еккен. Шілде айының басында өнімді жинап, сатуға шығаруды жоспарлап отыр. Мұндай су үнемдеу технологиясы Қармақшы ауданында алғаш қолға алынып отыр. Серік Бейісов, Алдашбай Ахун ауылының тұрғыны: – Кленкамен жапсақ, күнді 2 есе тартады екен жердің астына. Сосын тез шығарады. Біздің мәселе, Жаңақорған, Шымкентке жетіп алу, солар сияқты бізде сатып, өнімімізді сыртқа шығару. Тезірек пісіру үшін пайдалану. Жергілікті шаруашылық 35 гектар жерді жыртып, тегістеп ауылдықтарға тегін дайындап берген. Бүгінде оның игілігін 76 отбасы көріп отыр. Мақсат Байтұрсынов, Алдашбай Ахун ауылының тұрғыны: – 4-5 жылдың көлемінде адам болмай қалған бақша егуге. Биылдың өзінде қазір тұрғындар түсініп жатыр. Өйткені халықта мынадай бар, жұмыс бола ма деген. Биыл дәлелдеп берсек, келешекте халық тағы көбейеді. III Интернационал ауылында да дәл осындай агроаймақ дайындалып, 107 отбасы 57 гектар жерге бақша егуге кіріскен. Оның ішінде ең көбі – картоп. Ерболат Әбенов, шаруа қожалық төрағасы: – 20 сотықтан кем дегенде әр бақша егуші азаматтар 100-120 қаптан, кейбіреулер тіпті 150 қапқа дейін қыстай өздерінің қамбаларына салып, өздеріне азық-түлікке пайдаланады, болмаса, аудан көлемінде сатып, өзінің күн көрісіне жаратып отқан ел бұл ауыл. Әділбек Ерсұлтанов, Қармақшы ауданының әкімі: – Бұған дейінгі бақшаның көлемі 400 гектардай болатын болса, биыл 600 гектарға жеткізіп отырмыз. Яғни 200 гектарға біз көбейтіп отырмыз. Оның ішінде шаруашылықтардың биыл ерекшелігі бұрынғы күріш еккен алқаптардың, атыздардың ішін қазіргі таңда бақша өнімдеріне ектіртіп жатырмыз. Биыл өңірде күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға азайды. Өйкені су тапшы. Мәселен, бір ғана Қармақшы ауданы биыл егінге су жеткізу үшін су арналарына 23 су айдау құрылғысын орнатқан. Осылайша биыл ауданда 835 отбасының бақша егуіне мүмкіндік жасалып отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов