» » СУДЫҢ ТІЛІН МЕҢГЕРГЕН ШЕБЕР

СУДЫҢ ТІЛІН МЕҢГЕРГЕН ШЕБЕР

Ауылшаруашылығы – ел экономикасының күретамыры. Егіннің бітік шығуы, әр дәннің жерге сіңіп, өсіп-өнуі – ең алдымен табиғат пен еңбектің үйлесіміне байланысты. Ал сол үйлесімнің дәнекері – жер мен суды, егін мен еңбекті егіз ұстаған мамандар. Соның бірі – «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас гидротехнигі Балтабай Сәметов.
Кейіпкеріміз бүгінде еңбек майданында шыңдалған, тәжірибесімен көпке танылған су шаруашылығының майталманы. Ол бұл шаруашылықта 23 жылдан астам уақыттан бері табанды еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ауылдағы егіншіліктің, соның ішінде күріш өсірудің сан алуан кезеңдерінен өтіп, мол тәжірибе жинақтаған.
Биылғы жылы «Жаңажол» шаруашылығы 3100 гектар егіс алқабына күріш дақылын егіп, үдеден шыға білді. Бұл – айтарлықтай үлкен көлем. Осындай ауқымды алқапты уақытылы әрі жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз ету үлкен жауапкершілік пен ұйымдастырушылық қабілетті талап етсе, Балтабай бастаған гидротехникалық қызметкерлер осы міндетті мінсіз атқарып шықты. Арналар дер кезінде тазартылып, су айналымы дұрыс реттелгеннің нәтижесінде биылғы егіннің шығымы көңілден шығып, шаруашылық еңбеккерлерінің еңбегі ақталды.
– Судың көзін табу бір басқа, оны тиімді пайдалану нағыз шеберлікті қажет етеді. Әр алқапқа өз мөлшерінде су жіберу, уақытында тоқтату күріштің түсіміне тікелей әсер етеді. Бұл – күн сайын есеппен, бақылаумен жүретін жұмыс. Жалпы жыл бойы болатын су тапшылығы мәселесі де шаруашылықты айналып өтпеді. Су жетпей жарамай қалған жерлердің күріші күні жетпей піспей қалды. Осының алдын алу мақсатында жыл сайын жер тегістеу жұмыстарын атқарып келеміз, – дейді еңбек адамы.
Балтабай Мақсатұлының еңбекқорлығы мен жауапкершілігі ұжымда зор құрметке ие. Ол – тек гидротехник емес, шаруашылықтың жалпы дамуына белсенді араласып жүрген азамат. Жас мамандарға үйретері мол, әріптестеріне үлгі. «Жаңажол» серіктестігінің басшысы Орынбасар Төлепов ағамыз да қызметкерінің еңбегін жоғары бағалайды.
Жақында аудандық «Алтын күз – 2025» мерекесінде Балтабай Сәметов облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хатымен марапатталып, «Озат су маманы» атанды. Бұл марапат – тек бір жылдың емес, қаншама жылдық тынымсыз еңбектің, маңдай тердің өтеуі.
«Бұл марапат – бүкіл ұжымның еңбегіне берілген баға. Егіннің жақсы шығуы – тек менің емес, әр механизатордың, әр су реттеушінің, әр дала жұмысшысының арқасы» дейді ол кішіпейілдікпен.
Балтабай бүгінде өз ісін сүйген, ауыл мен жерге адал қызмет етудің не екенін ісімен дәлелдеген еңбеккер. Иә, күріш егу – оңай шаруа емес. Ол нақты есепті, табиғатты түсінуді, судың мінезін білуді талап етеді. Осы күрделі істі ол табандылықпен атқарып, шаруашылықтың табысын арттырып келеді.
Қай істе де нәтижеге жеткізетін басты күш – адал еңбек пен жауапкершілік. Балтабай Мақсатұлы сол қасиеттердің иесі. Ол – туған жердің суы мен топырағын, еңбегін қадірлей білген нағыз еңбек адамы. Осындай азаматтар барда ауылдың да, елдің де болашағы жарқын болары сөзсіз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
04 қараша 2025 ж. 105 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№84 (10452)

04 қараша 2025 ж.

№83 (10451)

01 қараша 2025 ж.

№82 (10450)

29 қазан 2025 ж.

Хабарландыру

Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.
ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 820
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 539

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930