ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛІП ОТЫР
– Әне-міне дегенше, жаңа оқу жылы да басталды. Ала жаздай асыр салып ойнаған балалар бүгінде партаға отырып, сабағын жалғастыруда. Мектептің жүрегі саналатын мұғалім үшін де жаңа оқу жылы өзгеріске толы. Жалпы аудан үшін өткен жылдың қорытындысы қалай болды, алда қандай мақсатміндеттер күтіп тұр? Осы және басқа да сұрақтар бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібековтен сұрап білген едік.
– Берік Съездұлы, жаңа оқу жылы бала бойына білім шырағын жаққан барша ұстаздарымызға құтты болсын. Әңгімені өткен оқу жылындағы жетістіктерден бастасақ?
– Өзіңіз білетіндей, білім саласы – мемлекетіміздің болашағын қалыптастыратын жүйе. Сол себепті де жас ұрпаққа білім беру – зор жауапкершілікті талап етеді. Өткен оқу жылы аудан үшін табысты болды деп айтуға негіз бар. Оның ішінде білім ошақтарында оқушылардың білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіру және дарынды балаларды қолдауда бірқатар нәтижеге қол жеткізілді. Атап айтар болсам, 1 педагогіміз республикалық, 9 педагогіміз облыстық кәсіби байқауларда жеңімпаз атанды. Ұстаздардың біліктілігін арттыруда оқу курсынан білімін жетілдірген мұғалімдердің үлесі – 60 пайызды құрайды.
Оқушылардың пәндік олимпиадалардағы нәтижелері де жоғары болды. Республикалық пәндік олимпиадаларда 12 оқушы, облыстық пәндік олимпиадаларда 78 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Бұл аудан мектептерінде дарынды оқушылармен жүргізілетін жүйелі жұмыстың нәтижесі. Республикалық ғылыми жобалардан 2 оқушы, ал облыстық ғылыми жобалардан 44 оқушымыз жеңімпаздар қатарынан орын алды. Сондай-ақ облыстық спорттық жарыстарда 60 оқушы қоржынымызға жүлде салды.
– Әлеуметтік желілерде, ресми ақпараттарда биылғы оқу жылында бірқатар өзгеріс пен жаңалық болатыны жайлы айтылды. Осыны тарқатып берсеңіз...
– «Қазақстан балалары» тұжырымдамасындағы басымдықтарға сәйкес, 2026 жылғы қыркүйектен бастап «Жаһандық құзыреттер» курсы аяқталды. Оның орнына 5-7 сыныптар үшін «Конституция негіздері», 8-11 сыныптар үшін «Заң мен тәртіп» және 5-11 сыныптар үшін «Жеке қауіпсіздік» пәндері енгізілді.
ҚР Президентінің «Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» жарлығын іске асыруда 2026-2027 оқу жылынан бастап 1-4 сыныптарда «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», 5-11 сыныптарда «Информатика және жасанды интеллект» пәндері оқытылады. Жаңа оқу жылында бірқатар оқу пәндеріне өзгерістер енді. Атап айтқанда, 10-11 сыныптарда «Бастапқы әскери даярлық» пәні енді жетілдірілген, 5-сыныптарда тілдерді кезеңкезеңімен оқыту аясында жаңартылған, сонымен қатар «Орыс тілі» (екінші тіл) және «Ағылшын тілі» пәндері де үлгілік оқу бағдарламасына көшірілді.
Бастауыш білім беруді жетілдіруде «Білім туралы» ҚР Заңы мен ҚР Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 24 ақпандағы бұйрығын басшылыққа алып, оқыту тілін қосымша қолдауды қажет ететін, қазақ тілінде оқитын 1-сынып білім алушыларына арналған бейімдеу бағдарламасы бекітілді. 2-4 сыныптарда білім алушылардың жас ерекшеліктері мен бастауыш білім берудегі оқу процесінің ерекшеліктері ескерілген бағалаудың жаңа тәртібі енді.
Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыруда оқушылардың күнделікті кітап оқу дағдысын дамыту, оқу сауаттылығын арттыру, мектеп – отбасы – кітапхана ынтымақтастығын нығайту, оқылған шығармаларды талдау арқылы оқырман мәдениетін жетілдіру секілді жұмыстар да атқарылуда.
– Оқу жылының айтарлықтай жаңалығы болған – Байқоңыр қаласында жаңадан ашылған мектепте оқу процесін ұйымдастыру қалай жүріп жатыр?
– «Байқоңыр» кешені жөніндегі ҚазақстанРесей үкіметаралық комиссиясының бірлескен шешіміне сәйкес, бұрынғы М.Янгель атындағы №7 мектептің ғимараты қала әкімшілігінің жалға беру қорынан шығарылып, «Қызылорда облысы білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің» №298 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып құрылды. Аталмыш білім ордасы толықтай ҚР білім беру стандартына өтті. Қазіргі таңда аталған білім беру ұйымында кадрлық қамтамасыз ету, оқушыларды қабылдау және оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру жұмысы толық аяқталып, мектеп жаңа оқу жылында жұмысын бастады. 478 оқушы, 26 сыныпта білім алуда. Мектептің материалдықтехникалық базасы мен пән кабинеттері жасақталып, оқушылар оқулықпен қамтылды. Бұл бастама – Байқоңырдағы балалардың қазақстандық білім беру жүйесі негізінде сапалы білім алуына бағытталған маңызды қадам болып отыр. Материалдық-техникалық жайына тоқталсам, мектеп 1970 жылы пайдалануға берілген, төрт қабатты ғимараттың жобалық қуаты – 790 орынға арналған. Жаңа оқу жылына дайындауға ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілді.
– Оқу жылына қойылып отырған талаптың бірі – мектеп фомасы. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгеріссіз сақталады. Мектеп формасы классикалық, іскерлік стильде және бірыңғай түсте болуы қажет. Ұлдарға пиджак, жилет, шалбар, жейде, ал қыздарға пиджак, жилет, белдемше, шалбар, блузка және маусымдық киімдер кию қарастырылған. Қыз балаларға классикалық үлгідегі шалбар киюге рұқсат етіледі. Діни сипаттағы киімдер мен белгілерді мектеп формасына қосуға жол берілмейді. Спорттық киім тек дене шынықтыру сабақтары мен спорттық ісшараларда қолданылады. Ата-аналар мектеп формасын кез келген дүкеннен немесе тігін шеберханасынан сатып алуға құқылы. Мектептің белгілі бір дүкенді немесе өндірушіні міндеттеуіне жол жоқ. Мектеп формасының үлгісі мен түсі ата-аналар қауымдастығымен келісіліп бекітіледі.
– «Балапанды күзде санайды» деген сөз бар. Тоғыз ай білім үдерісінің нәтижесі ҰБТда көрініс береді. Өткен оқу жылындағы нәтиже қандай болды және оқушыларға кітап жеткілікті ме?
– Сөзіңіздің жаны бар. Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орындарына түсуге арналған еліміздегі маңызды білім сынағы есептеледі. Өткен оқу жылында 11 сыныпты 903 бітіруші аяқтады. Алдыңғы оқу жылымен салыстырсақ, бала санының 135 оқушыға өскені көрінеді. Бұл ретте Байқоңыр мектептерінің көрсеткіші өткен оқу жылымен салыстырғанда жоғары. Жалпы ауданда 61 түлек «Алтын белгі», 80 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. 2025-2026 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен барлығы 903 бітірушінің 808-і қатысып, 89,4 пайызды құрады. Орташа балл – 86,4 пайыз.
Жаңа оқу жылында оқулық, оқу-әдістемелік кешендер сатып алу үшін 28839 дана оқулыққа тапсырыс беріліп, 9 баспамен келісімшарт жасалды. Оқулықтар білім беру ұйымдарына толығымен таратылып, 100 пайыз оқулықпен қамтылды.
– Жаңа оқу жылында алға қандай мақсат қойып отырсыздар?
– Жаңа оқу жылында білім бөлімінің (және жалпы білім беру жүйесінің) алдында тұрған басты мақсат – білім беру сапасын арттыру, цифрлық технологияларды тиімді енгізу және әрбір оқушыға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Білім сапасын арттырып, теңсіздікті азайту. Сапалы білімге қолжетімділікті арттыруда қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту. Бұған қоса оқушылардың алған білімін өмірде қолдана алу дағдыларын (PISA және тағы басқа да халықаралық зерттеулер талаптарына сай) дамыту. Инклюзивті білім беруде ерекше білім алуды қажет ететін балаларға мектептерде толық жағдай жасау. Цифрландыру және инфрақұрылымды дамыту бойынша оқу үдерісіне жасанды интеллект (AI) элементтерін, цифрлық оқулықтар мен платформаларды белсенді енгізу. Мектептерді заманауи пән кабинеттерімен (STEM, робототехника, химия, физика) жабдықтауды жалғастыру. Балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатына байланысты мектептерді бейнебақылау жүйелерімен, күзет және дабыл түймелерімен қамтамасыз ету. Мектептердегі буллингтің (қорқытудың) алдын алу, балалардың эмоционалдық жағдайына ерекше көңіл бөлу де басты міндетіміз. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру, жаңа бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін меңгерулеріне жағдай жасау, мектепке жаңадан келген жас кадрларға әдістемелік көмек көрсету.
– Бөлім тарапынан білім саласын арттыруда қандай нақты бағыттарға басымдық берілуде?
– Білім сапасын жүйелі мониторингтеу – оқушылардың оқу жетістіктерін талдау, білімдегі олқылықты анықтап, жою бойынша нақты жұмыстар жүргізуге басымдық беріледі. Нақты айтқанда, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруда заманауи оқыту әдістерін, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекті құралдарын тиімді қолдануға бағытталған әдістемелік қолдаулар көрсету. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығын, сыни және шығармашылық ойлау дағдыларын жетілдіру. Дарынды оқушылармен жұмысты күшейтуде олимпиада, ғылыми жоба, байқауларға жүйелі дайындау және нәтижелі тәжірибені тарату. Білім алуға тең мүмкіндік қалыптастыру – үлгерімі төмен және ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға жеке қолдау көрсету. Мектептегі тәрбие жұмысының сапасын арттыруда оқушылардың жауапкершілігін, ұлттық құндылықтарды құрметтеуді және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға баулу. Мектептер арасында тәжірибе алмасуды күшейтіп, үздік педагогикалық тәжірибелерді тарату және әдістемелік бірлестіктердің жұмысын жандандыру – алға қойған мақсаттарымыздың басым бөлігі.
– Оқушылардың цифрлық сауаттылығы мен жасанды интеллект құралдарын білім беру процесінде қолдануға қатысты не айтар едіңіз?
– Ауданда педагогтердің жасанды интеллектіні білім беру процесінде пайдалану жүйелі түрде іске асуда. Осы жылдың сәуірінде облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен «Білім Медиа Групп» компаниясы аудан педагогтеріне ЖИ құралдарын сабақта жоспарлау, оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу, тапсырмалар құрастыру және оқу мазмұнын оқушы деңгейіне бейімдеуге арналған оқыту курстары өткізілді. Нәтижесінде, педагогтерге жеке логин, пароль беріліп, ЖИ құралдарын білім беру мақсатында пайдалану мүмкіндігі жасалды. Ауданда жалпы 2062 педагог еңбек етсе, олар Kyzylorda Bilim, Amanat және Daryn.ai платформаларындағы жасанды интеллект курстарына тіркеліп, барлығы да оқу курсынан өтті. Бұдан бөлек, 3-11 сыныптардың информатика пәніне ЖИ элементтері енгізілді. №105, №250, №284, №277, №279 және №80 инновациялық мектептерде осы бойынша тереңдетілген сыныптарға аптасына 1 сағат қарастырылған. Аудандық оқушылар үйінде «Робототехника», «3D модельдеу және жасанды интеллект» үйірмелері жұмыс жүргізеді.
Жаңа оқу жылында BilimClass платформасы арқылы 15 мектепке 450 ChatGPT Edu лицензиясы, сондай-ақ 15 мектепке 757 ВОНГ жасанды интеллект платформасының лицензиясы алынды. Бұл жұмыстар педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыруға, цифрландыру технологияларын білім беру үдерісіне жүйелі енгізуге және оқыту сапасын жетілдіруге бағытталған.
– Оқушыларға және ата-аналарға айтар қандай тілегіңіз бар?
– Құрметті ата-аналар және қымбатты оқушылар! Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы әрбір оқушыға жаңа білім, жарқын жетістіктер мен үлкен мүмкіндіктер әкелсін. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге сәтті қадам, ал түлектерге алдағы сындардан сүрінбей өтіп, армандаған мамандықтарының иесі атануына тілекшімін.
Құрметті ата-аналар, бала тәрбиесі жолындағы еңбектеріңіздің берекелі, отбасыларыңыздың амандық пен бақ-дәулетте болуына тілектеспін. Жаңа оқу жылы баршаңызға толағай табыс, мол жетістік әкелсін!
– Әңгімеңізге көптен-көп рақмет
СӘРСЕНКҮЛ ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
















