» » ЕҢБЕКПЕН КӨРКЕЙГЕН ОТБАСЫ

ЕҢБЕКПЕН КӨРКЕЙГЕН ОТБАСЫ

Дүр Оңғар ауылының "Жаңажол" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болғанымызда тағы бір керемет көріністің куәсі болдық. Ауылдан 1,5 шақырым қашықтықта жатқан серіктестіктің алма бағына атбасын бұрдық. Мұнда алманың бірнеше түрі, алмұрт, басқа да жемістер жиын-терімге дайын тұр. Бақтың басына жаңадан үй тұрғызылып, биылғы жыл 400 қаз бағымға алынған екен. Ерлі-зайыпты ауыл тұрғындары бірі – бақты баптаса, бірі – су құсының күтімін жасайды. Көліктен түсе сала, біздер, баққа қарай аяңдадық. Бізге жол көрсетіп, серіктестіктің жаңашыл жұмыстарымен таныстырып жүрген жолсерігіміз, шаруашылық директорының орынбасары Балтабай Сәметовті сөзге тарттық.
– Алмабақ 2017 жылы Орынбасар Төлепов ағамыз серіктестіктің басшылығына келгенде қолға алынды. Содан беріде жыл сайын жеміс беріп келеді. Алма, басқа өнімдер піскенде еңбеккерлерімізге айлық есебінен береміз, артылғанын сатуға шығарамыз. Бүгінде баққа ерлізайыпты зейнеткерлер – Талғат Шайкенов ағамыз бен зайыбы Мариямкүл Жалғасова апайымыз қарайды. Көктемде шаруашылық қызметкерлеріміздің жағдайын жасау мақсатында жаңадан баспана салып берді, – дейді директордың орынбасары.
Бақтың ауласына ене бергенде алдымыздан ерлі-зайыпты бағбандар жылы қарсы алып, жол бастап жүрді. Барлығымыз жеміс беріп тұрған алмабақ пен шағын көлшікте қиқулаған қаздардың қимылын бақылап, таң-тамаша болдық. Бір қарағанда, көзге бәрі әдемі көрінгенімен, мұның артында қаншама еңбек пен маңдай тер жатқаны анық.
Бақтың бас күтушісі Талғат Назбекұлы Дүр Оңғар ауылының тумасы. Әскерден келіп, келіншегі Мариямкүлмен бас қосқалы шаруашылықта жұмыс істеуде. Еңбек жолында бірнеше бригадада трактор тізгіндесе, бір кездері сиыр, жылқы бағып, малшы таяғын ұстаған. Саналы өмірін ауыл экономикасының өсіп-өркендеуіне арнаған азамат ауыл шаруашылығы өндірісінде де теңдей қызмет етіп, несібесін терген. Екі кісінің шаңырақ көтергендеріне биыл 45 жыл толып отыр. 5 бала мен 16 немеренің ата-әжесінің бірбіріне сый-құрметін көргенде, еңбек отбасының өнегелі үлгісін анық аңғарғандай едік.
Мариямкүл апайымыз да ауылда түрлі жұмыстар істеп, абырой биігінен көрінген. Еңбекпен өсіпөнген жандар зейнетке шықса да, ақылдаса келе осы шаруаны дөңгелетуге шешім қабылдапты. Оған қоса, серіктестік тарапынан зейнетке шыққан адамдарына жалақыға қоса қосымша 20 пайыз үстеме қойған.
– Алмабаққа көктемде көшіп келдік. Отағын жұлып, арамшөбінен тазартамыз. Мал түсірмей, жақсы жеміс беруі үшін дәрісін береміз. Уақытымен суару жұмыстары жүргізіледі. Ит-құстан қағу етеміз. "Жүгірген аң, ұшқан құсқа да азық керек" дегендей, әсіресе пісім науқанында аса мұқият болу керек. Биыл бақтың сырты толығымен қоршалды.
Әйелім екеуміз де зейнеткерміз. Ақылдасып, бос отырғанша жұмыс істейік деп келістік. Сөйтіп, ол қазға, ал мен баққа қараймын. Ол да, мен де өмір бойы еңбек етіп келе жатырмыз. Адал еңбек, маңдай термен келген нанның құны жоғары болатынын жақсы білеміз. Жастайымыздан еңбекпен шыңдалғанбыз. Сонымен қатар шаруашылық жағдай жасап қойды. Жаңа баспана салынды. Зейнетке шықтық екен деп, бос отырғанша, күш-қайратымыз барда елге де, бала-шағамызға да пайдалы болып, еңбек ете бермекпіз, – дейді бағбан ағамыз
СӘРСЕНКҮЛ ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
12 қыркүйек 2026 ж. 95 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№69 (10537)

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (10536)

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (10535)

05 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 821
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 100

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930