Жаңажолдың жайқалған алма бағы
2017 жылы Дүр Оңғар ауылындағы білікті сала маманы, облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Төлепов басшылық жасайтын «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен ауыл маңындағы «Ғали көлі» мекенінде орналасқан 5 гектар алқапқа алма, алмұрт, сары өрік, шабдалы сынды жеміс ағаштарын орналастырып, оны күтімге алған болатын.
Міне, осы аралықта серіктестіктің Әділбек Алтынбаев, ерлі-зайыпты Молшыбек Ерәлиев пен Тиышкүл Кәукеновадай тәжірибелі бағбандарының қажырлы еңбегінің арқасында бүгінде жайқалған алма бақта 525 түп «Семеренко», 177 түп «Бесжұлдыз», 105 түп «Толдинк», 276 түп «Белый налив», сондай-ақ 138 түп алмұрт, 205 түп сары өрік, 112 түп шабдалы, жалпы алғанда 1538 түп жеміс ағашы өнім беріп тұр.
– 2017 жылы марқұм, шаруашылық басшысы Қылышбек Әбішевтей атпал азаматтың ұйымдастыруымен егілген алмабақ шаруашылық еңбеккерлерінің үлкен еңбегінің арқасында осындай жоғары нәтижеге қол жеткізді. Одан кейін шаруашылық басшысы болып сайланып, туған ауылымыздың гүлденуіне ерекше үлесін қосып келе жатқан Орынбасар ағамыздың күш салуы нәтижесінде алмабақтан жоғары өнім алып отырған жайымыз бар. Тындырымды тірліктің арқасында өткен жылы шаруашылыққа қарасты ауылдағы сауда орталығына 867 келі алма өткіздік. Сонымен бірге өрік, шабдалы, алмұрттан да мол өнім алып, ауыл тұрғындарына нарық бағасынан едәуір төмен бағаға саттық. Міне, бүгінде бригада мүшелері, яғни ерлі-зайыпты Молшыбек пен Тиышкүл үшеуміз осы бақты күтімге алудамыз. Мен бригадир болсам, олар бағбан. Бақты суару, күту барлығымыздың міндетіміз. Шаруашылық басшысы бас агроном Төлеу Ералиевпен бірге жиі келіп, ақыл-кеңесін беріп тұрады. Бағымызды күтуге арналған барлық дәрі-дәрмек, құрал-жабдық жеткілікті. Өрігіміз пісіп болды, ендігі кезекте алма, алмұрт, шабдалымыз пісіп, ол да елдің ауызына тиеді деп күтудеміз, – дейді бас бағбан.
Айта кету керек, Әділбек Арыстанбекұлы бұған дейін ұзақ жыл шаруашылықтың бақша бригадасын басқарып, ауылдастары арасында құрметке бөленген азамат. Былтыр оның басқаруымен шаруашылықтың бақша бригадасы 5 гектар егістік алқапқа орналастырған картоптан 33 тонна өнім алса, 1 тонна қызанақ, 1,5 тонна қияр, 800 келі сәбіз және 1 тоннадан астам қауын-қарбыз өндірді. Осындай ілкімді істердің нәтижесінде бригада мүшелері Ғани Қошқаров пен Бауыржан Алпысбаев шаруашылық бойынша үздіктер қатарынан орын алған.
Осы ретте, серіктестіктің бас гидротехнигі Балтабай Сәметовтен алма бақ бригадасы жайлы айтып беруін сұрадық.
– Әділбек Алтынбеков, Молшыбек Ерәлиев, Тиышкүл Кәукенова сынды майталман мамандардың еселі еңбектерінің арқасында алма бағымыздағы жеміс ағаштары биыл да мол өнім беруде. Әсіресе алмадан жоғары өнім аламыз деп отырмыз. Шабдалыдан да, алмұрттан да жақсы өнім күтеміз. Тек мына қарға деген құстар оған кедергі келтіріп тұрғаны болмаса. Алма бақтағы жеміс ағаштарымыздан өндірілген өнім дүроңғарлықтардың ырзық-несібесі. Ауыл орталығында шаруашылыққа қарасты сауда орталығы бар. Жемістерді соған өткіземіз.
Серіктестікте өндірілген барлық өнім нарық бағасынан арзанға сатылады. Халық та риза, біз де ризамыз. Айтпақшы, биыл ауыл маңынан 5 гектар жерге Меркеден тамшыламалы суару әдісі арқылы 860 түп, атап айтқанда «Голден делишес», «Старкримсон», «Мельба», «Столовка», «Қызылай» сынды алма сортын орналастырдық. Құдай қаласа 2-3 жылда оның да өнімін көреміз деп отырмыз. Сонымен бірге, 35 гектар егістік алқапқа орналастырған жүгеріні бүгінде силосқа басып, оны алдағы уақытта малға жем ретінде пайдаланамыз, – деді ол.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ