» » ӨНЕГЕЛІ ӨМІРДІҢ ӨШПЕС ӨРНЕГІ

ӨНЕГЕЛІ ӨМІРДІҢ ӨШПЕС ӨРНЕГІ

Адамның ғұмырын жыл санымен ғана өлшеу жеткіліксіз. Кейбір жандардың ғұмыры атқарған ісімен, тәрбиелеген ұрпағымен, қоғамға сіңірген еңбегімен бағаланады. Әсіресе бар саналы ғұмырын бала оқытуға, отбасы тәрбиесіне арнаған адамның артында қалдырған ізі бөлек. Сондай өнегелі ғұмыр иесі – Қамқа Қожанқызы. Қамқа анамыз 1939 жылы Қазалы ауданының қазіргі Жанқожа батыр ауылында дүниеге келген. Жастайынан білімге ұмтылған ол 1955 жылы М.Калинин атындағы, қазіргі №183 мектептің 7-сыныбын аяқтап, Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне оқуға түседі. 1959 жылы оқу орнын тәмамдап, сол жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне сырттай оқу бөліміне қабылданады. Сол жылы Әмзе Қожахметұлымен шаңырақ көтеріп, отбасы мен қызметті қатар алып жүреді. Үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген анамыздың ғұмыры кейінгі буынға білім мен тәрбиенің қатар жүруі керектігін көрсеткен өнегелі жол болды.
Қамқа анамыздың еңбек жолы №26 қазақ орта мектебінен басталды. 1960 жылдан 1981 жылға дейін №105 орта мектепте бастауыш сыныптарға, сондай-ақ жоғары сыныптарға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді.
Ұстаздық жолдың алғашқы баспалдағы баланың қолына қалам ұстатып, әріп танытудан басталады. Ал кейін сол баланың ой-өрісін кеңейтіп, өз пікірін қалыптастыруға ықпал ету – үлкен жауапкершілік. Қамқа анамыз осы міндетті абыроймен атқарып, талай шәкірттің алғашқы ұстазы атанды. Ол үшін мектеп – тек сабақ өтетін орын емес, баланың болашағына жол ашатын орта еді. Сондықтан білім берумен бірге оқушының бойына ізденіс, еңбекқорлық, жауапкершілік сияқты қасиеттерді сіңіруге мән берді.
1981 жылы жолдасы Әмзе Жүсіповтің қызмет бабына байланысты отбасы қазіргі Т.Көмекбаев ауылына қоныс аударды. Қамқа анамыз осы ауылдағы №185 қазақ орта мектебінде еңбек жолын жалғастырып, 1993 жылы зейнетке шыққанға дейін абыроймен қызмет атқарды.
Қырық жылға жуық уақытын білім саласына арнаған оның еңбегі түрлі марапаттармен де бағаланды. «Методист-мұғалім» атағын иеленіп, 1970 жылы «В.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медалімен, 1975 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен, 1989 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Алайда ұстаз еңбегінің ең үлкен марапаты – шәкіртінің жетістігі. Жылдар өте келе бір кездері сыныпта отырған балалардың өмірден өз орнын тауып, ел қатарлы еңбек еткенін көру – кез келген мұғалім үшін үлкен қуаныш.
Мектепте талай балаға сабақ берген ұлағатты ұстаздың отбасындағы орны да ерекше еді. Ол алты баланың анасы ретінде үлкен жауапкершілікті арқалап, бала тәрбиесі мен ұстаздық қызметті қатар алып жүрді. Ана тәрбиесі көбіне күнделікті өмірдің өзінен көрінеді. Баланың алдында еңбек ету, қиындыққа мойымау, үлкенді сыйлау, білімге ұмтылу секілді қасиеттерді ісімен көрсету – сөзден әлдеқайда әсерлі. 1985 жылы Қамқа анамыз өз баласының да алғашқы ұстазы болды. Мектепте шәкірттеріне білім берген ана баласының білім жолындағы алғашқы қадамына да бағыт көрсетті. Анадан алғашқы білім алу – бала үшін үлкен бақыт әрі өмір бойы сақталатын ерекше естелік. Ана мен ұстаз ұғымының тоғысқан тұсы да осында. Ұстаз баланың білімін жетілдірсе, ана оның адам болып қалыптасуына негіз қалайды. Қамқа анамыз осы екі міндетті өмір бойы қатар алып өтті.
Зейнетке шыққан соң да ананың әулеттегі орны айрықша болды. Балаларынан тараған немере-шөберелерінің сүйікті әжесіне айналып, әрқайсысына ақылын айтып, жол көрсетіп отырды. Әже тәрбиесі – қазақ отбасындағы сабақтастықтың маңызды бөлігі. Немере-шөбереге айтылған бір ауыз ақыл, өткен өмірден алынған бір мысал, үлкендердің көрген-білгені кейінгі буынның дүниетанымына әсер етеді. Қамқа анамыздың бойындағы ұстаздық қасиет бұл кезеңде де отбасы аясында жалғасын тапты. Мектепте шәкірттеріне білім бесе, кейінгі жылдары немере-шөберелеріне өмірлік тәжірибесін бөлісті. Осылайша, оның бала тәрбиесіне арналған еңбегі мектеп қабырғасымен шектелмей, әулет ішінде жалғасын тапты.
Оның ғұмырына зер салғанда, бір адамның өмірінде ұстаздық, аналық және әжелік өнегенің бір арнаға тоғысқанын көреміз. Қырық жылға жуық еңбек етіп, алты бала тәрбиелеп, кейінгі буынға ақылын айтып өткен ардагер-ұстаздың жолы – еңбектің, жауапкершіліктің және отбасы құндылығының үлгісі.
Ұстаздың еңбегі де, ананың тәрбиесі де бір күнде нәтижесін бермейді. Бүгін айтылған ақылдың жемісі жылдар өткен соң көрінуі мүмкін. Кезінде мектеп партасында отырған шәкірттің ертең елге қызмет еткен азаматқа айналуы – ұстаз еңбегінің жалғасы. Сол сияқты ананың баласына берген тәрбиесі оның мінезінен, өмірге деген көзқарасынан, өз ұрпағына деген қарым-қатынасынан көрінеді. Демек, адам жасаған жақсылықтың ғұмыры өз ғұмырынан әлдеқайда ұзақ болуы мүмкін.
Бүгінгі ұрпаққа Қамқа анамыздың өмірінен алар сабақ көп. Қазір ақпарат көбейді, заман өзгерді, тәрбие мен білім берудің тәсілдері жаңарды. Бірақ адамға қажетті ең негізгі құндылықтар – білімге ұмтылу, еңбекке адал болу, үлкенді сыйлау, отбасын қадірлеу, кейінгіге жол көрсету – ешқашан ескірмейді. Осындай қасиеттерді сөзбен ғана емес, өзінің күнделікті өмірімен көрсете білген жандардың тағылымы уақыт өткен сайын бағалы бола түседі.
Қамқа Қожанқызының ұстаздық еңбегі – шәкірттерінің, аналық тәрбиесі – балаларының, әжелік келбеті – немере-шөберелерінің өнегесімен жалғасып келеді. Сондықтан ол кісінің ғұмырын бір адамның ғұмыры деп қарау аздық етеді. Бұл – бір әулетке, талай шәкіртке, кейінгі буынға сабақ болған ғибратты жол.
Адамның ғұмыры аяқталуы мүмкін, бірақ оның өзгеге берген білімі мен тәрбиесі, жасаған жақсылығы аяқталмайды. Мүмкін, мәңгілік ғұмыр дегеніміз де – адамның өзінен кейін жақсы із қалдыра алуы шығар. Қамқа анамыздың ғұмыры – осының айқын дәлелі.
Бауыржан ЖҮНІС
11 қыркүйек 2026 ж. 54 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№69 (10537)

11 қыркүйек 2026 ж.

№68 (10536)

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (10535)

05 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 817
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 099

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930