ӨНЕГЕЛІ ӘУЛЕТТІҢ ӨРІСІ
Қазақ ұғымында шаңырақтың биіктігі оның сән-салтанатымен емес, ішіндегі адамдардың татулығымен өлшенген. Үлкеннің өнегесін көріп, кішінің қамын ойлаған, еңбек пен тәрбиені қатар ұстаған әулет қашанда айналасына үлгі. Осындай жарасымды тіршілікті өмір салтына айналдырған жанұяның бірі – иіркөлдік Қорғанбаевтар отбасы.
Бүгінде бір шаңырақ астында он адам тұрады. Ата мен әже, отағасы мен отанасы және алты баладан құралған үлкен әулетте сыйластық пен өзара түсіністікке айрықша мән беріледі. Мұнда үлкеннің сөзі – бағыт, кішінің қуанышы – ортақ шаттық. Әр буынның өзіндік орны болғанымен, барлығын байланыстыратын басты ұстаным – бірлік. Әулеттің ақылшысы Жалғасбек Қорғанбаев 1964 жылы дүниеге келген. Ол саналы өмірін адал еңбекпен байланыстырып, ауыл тіршілігіне өзіндік үлесін қосып келеді. Машинист мамандығы бойынша білім алған ол еңбек жолында жауапты қызметтер атқарып, елді мекен тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету ісіне араласқан. Қазіргі таңда ағамыз «Сыр суы» филиалының «Октябрь топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінде оператор қызметін атқарады. Оның қарапайым қызметке деген адалдығы кейінгі ұрпаққа сөзбен емес, іспен көрсетілген тәрбиенің бір көрінісі деуге болады.
Ал шаңырақтың ардақты әжесі Сәуле Дошанова – ғұмырын білім саласына арнаған ұстаз. 1965 жылы дүниеге келген ол 41 жыл бойы бір мектепте қызмет атқарып, талай шәкірттің білім алуына, азамат ретінде қалыптасуына үлес қосты. Бүгінде зейнет демалысында болғанымен, ардагердің әулет ішіндегі орны ерекше. Немерелеріне ақылын айтып, ұлттық салт-дәстүрдің мәнін түсіндіріп, үлкен мен кішінің арасындағы сабақтастықтың үзілмеуіне ықпал етіп отыр.
Әке мен ананың тірлігі де осы өнегелі жолмен сабақтасады. Балалардың әкесі Ғалымжан Жалғасбекұлы Иіркөл ауылында электрик-монтер болып қызмет атқарады. Ауылдағы электр жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне атсалысып жүрген ол мамандығына жауапкершілікпен қарайды. Алты баланың қамқор әкесі олардың бойына адалдық, тәртіп, еңбексүйгіштік қасиеттерін сіңіруге ұмтылады. Үйдің келіні Самал Ақылшаева мектепте дефектолог-мұғалім болып қызмет істейді. Самал Романқызының медициналық білімі де күнделікті өмірде кәдеге жарауда. Отбасында біреу сырқаттанып қалса, алғашқы көмек көрсетіп, қажетті кеңесін береді. Осындай жан-жақтылық тек маман ретінде емес, алты баланың анасы ретіндегі жауапкершілігін де айқындай түседі.
Қорғанбаевтар шаңырағында бала тәрбиесіне атаана ғана емес, ата мен әже де атсалысады. Бірінің өмірлік тәжірибесі, екіншісінің ұстаздық тағылымы, әке мен ананың күнделікті өнегесі балалар үшін тәрбие мектебіне айналған. Осындай ортада өсіп келе жатқан алты баланың да білімге, өнер мен спортқа қызығушылығы жоғары.

Отбасы мүшелері бос уақыттарын бірге өткізуге, мерекелерде бас қосып, қалыптасқан әулеттік дәстүрлерді жалғастыруға тырысады. Себебі бір дастарқан басында әңгімелесу, үлкендердің естелігін тыңдау, балалардың жетістігіне бірге қуану секілді қарапайым сәттердің өзі жақындықты арттырады.
Қазіргі қоғамда әр адамның күнделікті тірлігі көбейіп, үлкен мен кіші арасындағы қарым-қатынасқа уақыт жетпей жататыны жасырын емес. Осындай кезеңде бірнеше буынның бір шаңырақта жарасымды өмір сүріп, бірбірінің пікіріне құрметпен қарауының өзі бір ғанибет.
Бұл отбасының алға қойған мақсаты да айқын – балаларын елін сүйетін, білімді, тәрбиелі, еңбекке жақын азамат етіп өсіру. Өйткені ұрпаққа қалатын ең қымбат мұра тек материалдық дүние емес. Атадан қалған адал еңбек, әжеден дарыған тәлім, әкеден көрген жауапкершілік пен анадан сезінген мейірім баланың бүкіл ғұмырына жол көрсететін құндылыққа айналады. Мерейлі отбасының мәні де осында болса керек. Үлкендердің өнегесі кейінгі буынға жалғасып, әр адам ортақ шаңырақтың бүтіндігі үшін өз үлесін қосқанда ғана отбасы шын мәнінде берік болады. Ал берік отбасы – қоғамның да ең сенімді тірегі.
Бауыржан ЖҮНІС

















