МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫ – ҚОҒАМҒА ДЕМЕУ
Қазіргі қоғамда отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қиын жағдайға тап болған әрбір азаматқа дер кезінде қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірінен саналады.
Осы орайда 2019 жылы Астанада өткен «AMANAT» партиясының съезінде өмірлік қиын жағдайға тап болған, отбасылық зорлықзомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға қолдау көрсететін орталықтар ашу жөнінде ұсыныстар айтылды. Нәтижесінде «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы аясында мұндай орталықтардың жұмысы тек қиындыққа тап болған азаматтарға көмек көрсетумен шектелмей, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық қолдау арқылы отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға және қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға кешенді жұмыстар жасалды.
Аталған бастама өңірлерде де жалғасын тауып, отбасын қолдау орталықтарын құру жұмыстары жүзеге асырылды. Осыған орай аудан әкімдігінің қаулысымен «Қармақшы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Қармақшы аудандық отбасын қолдау орталығы» құрылып, 2023 жылдың 3 шілдесінде аудандық Әділет басқармасында мемлекеттік тіркеуден өтті.
Бүгінде орталық аудан тұрғындарына әлеуметтік, құқықтық және психологиялық кеңес беріп, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға қажетті әлеуметтік қолдау көрсететін маңызды мекемеге айналып отыр. Мекеменің негізгі мақсаты – аудан аумағындағы қиын жағдайда қалған отбасыларға, отбасы мүшелеріне және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға кешенді әлеуметтік қызмет көрсету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ықпал ету, сонымен қатар психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету және қиын мәселеден шығуына жағдай жасау.
Орталықтың есігі көмекке мұқтаж жандар үшін әрдайым ашық. Мұнда қызмет атқаратын мамандардың – мекеме басшысы, әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, психолог, әлеуметтік қызметкер және кейс-менеджерлердің атқаратын жұмыстары ауқымды әрі жауапты. Мамандар мемлекеттік отбасы саясатының бағыттарын жүзеге асыруға атсалысады. Олар – отбасылық жанжалдардың алдын алу, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасын нығайту, некені сақтауға ықпал ету, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық тұрғыдан көмек көрсетеді.
Одан бөлек жергілікті атқарушы органдармен, білім беру, денсаулық сақтау және ішкі істер саласының мамандарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Бұл өзара байланыс отбасы мәселесін бір жақты емес, кешенді түрде қарастыруға, қажетті көмекті дер кезінде ұйымдастыруға және қиын жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Орталықтағы қызметкерлердің келесі міндеті – отбасылардағы қиындықтарды ерте анықтап, дер кезінде қолдау көрсету.
Ақпарат азаматтардың өз еркімен жеке өтініш жасауы, отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111» бірыңғай байланыс орталығынан түскен хабарламалар, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер, мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және жеке азаматтардан келіп түсетін ақпараттар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметтер арқылы анықталуы мүмкін. Жағдай орын алғанда зерделеп, азаматтың немесе отбасының қандай көмекке мұқтаж екені анықталады. Қажет болғанда мобильді топ құрамындағылар жергілікті жерлерге барып, отбасылардың әлеуметтік жағдайына кешенді зерттеу жүргізеді.
Қиын жағдайға тап болған азамат анықталғанда оның мәселесін шешуге бағытталған жеке жұмыс жоспары әзірленеді. Бұл ретте әрбір отбасының жағдайы жеке қарастырылады. Жұмыс барысында әлеуметтік, құқықтық, психологиялық және басқа да қажетті көмек түрлері айқындалып, азаматтың жағдайын тұрақтандыруға бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылады. Қажет болғанда орталық мамандарымен қатар заңгерлер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, денсаулық сақтау саласының мамандары, полиция қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер де бірлесіп жұмыс атқарады.
Отбасын қолдау орталығының басты қызметінің бірі – тұрмыстық зорлықзомбылықтың алдын алу және зардаптарын жою. Оған тап болған азаматтарға ақпараттық, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіледі. Жұмысқа орналасуға, кәсіби даярлықтан немесе қайта даярлаудан өтуге, медициналық көмек алуға және мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға жәрдем көрсетіледі. Қауіпсіздігін қамтамасыз етуде уақытша тұру мүмкіндігі қарастырылып, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарға және дағдарыс орталықтарына бағытталады. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға қатысты мәселелер де ерекше бақылауда. Балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мақсатында тиісті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар жүргізіледі.
Отбасындағы әлеуметтік және тұрмыстық мәселелер адамның психологиялық жағдайына да әсер етеді. Сол үшін орталық психологының қызметі ерекше маңызға ие. Психологтар азаматтарды тыңдап, олардың эмоционалдық жағдайын тұрақтандыруға, күйзелісті жеңуге, өзіне деген сенімін арттыруға және ауыртпашылықты еңсеруге қолдау жасайды. Кейде адамға ең алдымен оны тыңдайтын, түсінетін және қолдайтын жан қажет. Осы тұрғыдан алғанда, орталық мамандарының жылы қарым-қатынасы мен кәсіби көмегі мұқтаж жанның қиын жағдайдан шығуына себебін тигізіп жатады.
Отбасы – қоғамның берік негізі. Ал шаңырақтың тыныштығы мен берекесін сақтау баршаға ортақ міндет. «Зорлықзомбылықсыз Қазақстан» бастамасының басты идеясы да зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарды қорғаумен бірге, отбасын сақтауға, оның тұрақтылығын нығайтуға және әрбір отбасы мүшесіне қолдау көрсетуге бағытталған. Осы міндеттерді жүзеге асыруда аудандық отбасын қолдау орталығы кәсіби тұрғыда жұмыс жүргізуде. Орталық мамандары күн сайын түрлі тағдыр иелеріне қолдау көрсетіп, олардың мәселесін тыңдап, шешу жолдарын іздестіреді.
Отбасына көрсетілген қолдау – қоғамға көрсетілген қолдау. Ал аялы алақан мен жылы сөз кейде адамға жаңа өмір бастауға күш береді. Сондықтан отбасын қорғау, оның бірлігін сақтау, зорлық-зомбылықтың алдын алу және қиындыққа тап болған жанға дер кезінде қол ұшын созу орталық мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі болмақ.
Арман ТӨЛЕБЕКОВ,
аудандық отбасын қолдау орталығының директоры
















