БАТЫРЛАР ИНСТИТУТЫ: ҰЛТТЫҚ РУХ ПЕН ҚҰНДЫЛЫҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ
Қазақ тарихында XVIII ғасыр ерекше ауыр кезең болғаны аян. Еліміздің басына бұлт үйіріліп, екпіндеген жаудан халқымыздың тағдыры қыл үстінде болған сәттер аз болмады. Шығыстан жоңғарлар, солтүстік батыстан қалмақтар қазақ топырағына шапқыншылық жорықтарын жасап, қауіп төндіріп отырды.
Осындай толарсақтан саз кешкен күндерде туған елді қорғаудағы негізгі салмақ сұлтандар мен батыр-билерге түсті. Соның ішінде батырларға артылған сенім де, жүк те жеңіл емес еді.
Қазақ жерінің әр тұсындағы ру, тайпа өкілдерінен құралған жасақтарды басқарып, қарсыласқа тойтарыс бере білген батырлардың есімдері халық жадында таспен қашалып жазылды. Сол есімдердің ішінде қазақ халқының азаттық соғысында айрықша ерлігімен көзге түскен бас батырларының бірі – Тайлақ Мәтіұлы. Қазіргі таңда біз оны батыр, мерген, қолбасшы және мемлекет қайраткері ретінде таныпбілеміз. Қазақ халқының басына түскен зобалаңның ең үлкені және сұмдығы жоңғарлардың тұтқиылдан жасаған жорықтары болатын. Нәтижесінде халықтың «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» зобалаңына ұшырауы еді. Міне, осы уақытта халықтың өз ортасынан шыққан ұлдары, яғни батырлары жауға қарсы халықтың басын біріктіріп, елімізді жаудан азат етуде өлшеусіз ерлік танытты. Солардың қатарынан ойып орын алатын Тайлақ батырдың есімін атамай кету мүмкін емес.
Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында Тайлақ батыр кіші жүздің телеу тайпасынан шыққаны жазылған. Әбілқайыр ханмен үзеңгілес, құрдас әрі ақылшыкеңесшісі болғаны көрсетіледі. Дереккөздерге арқа сүйеп жазылған еңбектерде батыр әуелгі ұрыстарда әкесі Мәті би мен туыстары Шом батырдың үлгіөнегесін алғаны айтылады. Яғни ізбасар, бабалар ізін жалғастырушы болған. Ол өз заманында асқан батыр, әскери өнерді жетік меңгерген және ұрыс айлатәсілдерін шебер білген қолбасшы болғанына көз жеткіземіз. Қазақ-қалмақ арасындағы шайқастарға Тайлақ батыр мен оның ағасы Дербіс батырдың қатысқанын, сондай-ақ Саңырық батырдың, оның інісі Сары мерген және ағасы Дәнен есімді батырлар да қатысқанын айтуға мүмкіндік береді.
Тайлақ батыр – Әбілқайыр ханның бірге өскен құрдасы, үзеңгілес жолдасы, досы әрі ақылшыкеңесшісі болған. 1726 жылы Ордабасыда өткен үш жүздің игі жақсылары бас қосқан алқалы жиында Тайлақ батыр кіші жүз жасақтарының қолбасшысы болып сайланады. Ұлы жүз қолының бас сардары болып Саңырық батыр, орта жүз қолының бас сардары болып Қанжығалы Бөгенбай батыр бекітіледі. Осы жиында бүкіл Қазақ әскеріне басқолбасшылыққа кіші жүз ханы Әбілқайыр сайланады. Демек, бұл тұрғыда біз Тайлақ батыр – 1729 жылы қазақ халқына ұлы жеңіс әкелген «Аңырақай» шайқасында қазақ әскерін басқарған үш бас сардардың тарихымызда мемлекеттік деңгейдегі әскери тұлға болғанын дәлелдей түседі. Тайлақ батыр бүгінгі таңда қолбасшы және мемлекеттік тұрғыдағы қайраткер ретінде танылып отыр. Оның сол кездегі басқа да қазақ батырлары және қайраткерлерімен бірге атқарған істері тарихымыздың қилы да шешуші сәттерінің бірінде қазақ елі мен мемлекеттілігін сақтап қалуға өз септігін тигізгені сөзсіз.
Даңқты қолбасшысы Мәтіұлы Тайлақ батырдың ерлік істерін, жорық жолдарын жас ұрпаққа ұлағаттау мақсатында қасиетті Қармақшы топырағында аудан әкімінің тапсырмасымен сенбі күні республикалық деңгейде іргелі іс-шара ұйымдастырылды. Ашылу салтанаты «Руханият орталығының» алдында театрландырылған көрініспен шымылдығын түрді. Алаңда тігілген ақшаңқан киіз үйлер мен шатырлар ісшараның мазмұнын тереңдете түсті.
Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев сөз сөйлеп, мәдени шараға жиналған көпшілікті айтулы күнмен құттықтады.
– Баршаңызды қазақтың ерлігін дәріптеген батыр, қолбасшы Тайлақ Мәтіұлының 333 жылдығына арналған тағылымды шараның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын.
Тайлақ батыр – халқымыздың қиын кезеңінде ел мен жердің азаттығы үшін күрескен тұлға. Елімізді қорғаған батырлардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан оның ғұмыр жолы – бүгінгі жас ұрпақ үшін Отанын сүюдің, туған жерді қорғаудың үлгісі болмақ. Қасиетті Қармақшы жері – тарихы терең, рухани мұрасы мол аудан. Бұл – Қорқыт атадай ұлы тұлғаның есімімен жалғасып, Сыр бойының жыраулық дәстүрі қалыптасқан киелі мекен. Бүгінде ауданымыздағы тарихи-мәдени мұраларды сақтап, бүгінге жеткізуге ерекше мән беріліп келеді. Сол себепті Тайлақ батыр сияқты ел үшін туған жандардың атын жаңғырту – жас буынның туған жерге деген құрметін арттырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да тарихи тұлғаларымызды дәріптеуге айрықша мән беруде. Бүгінгі іс-шараның ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырғаны – үлкен маңызға ие деп есептейміз. Бұл бастама алдағы уақытта Тайлақ батырдың өмірі мен ерлік жолын насихаттауға жаңа серпін береді деп сенемін, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мұнан соң іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған бірқатар азамат – Қармақшы ауданының құрметті азаматы Қаршыға Есдәулетов, еңбек ардагері Сапарбек Асқаров, «Телеу баба» мәдени орталығы қорының атқарушы директоры Орынбай Ешпанов, кәсіпкер Қалдан Жүсіпбеков, «Қызылорда мұнай өнімдері» ЖШС директоры Рүстем Ақышбай, жаңақорғандық кәсіпкер Үмбетәлі Базарбаев, тағы басқалары аудан әкімінің алғыс хатымен және «Тайлақ батыр Мәтіұлының 333 жылдығына» арналған арнайы естелік медалімен марапатталды.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген құрылыс саласының ардагері Қаршыға Есдәулетов салтанатты мерекеге атсалысқан аудан әкімдігі мен республиканың түкпір-түкпірінен, сонымен қатар Өзбекстан мемлекетінен келген батыр ұрпақтарына, жалпы жұртшылыққа алғысын жеткізді.
Жиын одан әрі «Руханият орталығының» мәжіліс залында «Батырлар институты: ұлттық рух пен құндылықтар сабақтастығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жалғасты. Онда Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларынан ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар мен тарихи тұлғалар атындағы қор төрағалары баяндама жасап, пікірлерімен бөлісті.
Конференцияға «Әзірет Сұлтан» ұлттықмәдени музей-қорығы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Тастанбеков модераторлық етті.
Ғылыми-тәжірибелік шарада аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы, ауданымыздың құрметті азаматы Қаршыға Есдәулетов, Абылай хан-Кенесары ұрпағы Құрманғазы Арыстанов, «Ер-Қаптағай» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрланбек Тоқтабаев, «Бұланты шайқасы – 1727» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешен бөлімінің басшысы Медеу Бейсеновтер жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар конференцияда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жандарбек Қарабасов «Мәтіұлы Тайлақ батыр – тарихи тұлға», Л.Гумелев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Махсат Алпысбес «Олжабай батырдың киесі туралы қазақ шежіресінің деректі мәліметтері», Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Бекмұрат Найманбаев «Жоңғария экспансиясына тойтарыс берудегі Тархан Есет батырдың рөлі», «Төле би» халықаралық қоғамдық қорының төрағасы Жарылқас Ізбасаров «Билер институты қазақ қоғамындағы ерекше құрылым», Л.Гумелев атындағы ЕҰУ-нің қауымдастырылған профессоры Қанат Еңсенов «Тайлақ Мәтіұлы – қазаққалмақ шайқастарының қаһарманы», осы жоғары оқу орнының аға оқытушысы Дәулет Жәлелов «Қазақ поэзиясындағы Тайлақ батыр бейнесінің көркемдік интерпрентациясы» тақырыптарында баяндама жасап, Тайлақ Мәтіұлының ерлік жолы мен қазақ халқының ұлттық мәдениеті, батырлар институты арасындағы сабақтастыққа көз жүгіртті.
Конференцияда батырдың өмірі, тарихи тұлғасы, ел қорғаудағы ерлігі мен ұрпаққа қалдырған өнегесі жан-жақты талқыланып, құнды ойлар ортаға салынды. Бұл игі шара халық батырының мұрасын тереңірек таныпбілуге және кейінгі ұрпаққа насихаттауға үлесін қоспақ.
Ғалымдардың сөзінен соң шежіреші Әбу Мәжитұлының «Арғымақ – Телеу шежіресі» атты кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.
Батыр баба ерлігіне арналған іс-шара аясында жергілікті тұрғындар мен қонақтар аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасын қызыға тамашаласа, көпшіліктің делебесін қоздырған спорттық жарыстар мен ат бәйгесі көрермен қауым үшін керемет көрініс болғаны анық. Оған ақшалай қаржы тігіліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапат төрінен көрінді.
Салтанатты мерекеде еліміздің шет-шетінен бас қосқан батыр ұрпақтары баба рухына арнап ас беріп, Құран бағыштады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тарихымызды зерделеу мен тарихи тұлғалардың мұрасын дәріптеудің маңыздылығына ерекше мән беріп келеді. Себебі ұлттың рухани жаңғыруы мен болашаққа нық қадам басуы, оның өткенін құрметтеуден басталады. Тайлақ батырдың ерлігі мен елге сіңірген еңбегі – жас ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелейтін баға жетпес мұра.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
















