» » ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АЗАТТЫҚ КҮРЕСІ ЖӘНЕ ТАЙЛАҚ БАТЫР

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АЗАТТЫҚ КҮРЕСІ ЖӘНЕ ТАЙЛАҚ БАТЫР

Қазақ халқының тарихында XVIII ғасыр ерекше бір кезең болып табылады. Себебі осы ғасырдың бірінші жартысында еліміздің, басына қара бұлт төніп жан-жақтан жау анталаған тұста халқымыздың тағдыры қыл үстінде болған сәттер де тарихымыздан орын алды. Шығыстан жоңғарлар, солтүстікбатыстан қалмақтар және әлсін-әлсін башқұрттардың қазақ жеріне ентелей кіріп ұйымдастырған жорықтары уақыт өте келе жеріміздің тұтастығы мен елдігімізге үлкен қауіп төндірді. Тап осы кезде сыртқы жаулардың өз әрекеттерін үдетуінің бірнеше себебі болды. Солардың бірі сол тұстағы қазақ қоғамындағы ішкі саяси жағдаймен байланысты еді. Соның ішінде дәстүрлі көшпелі мемлекеттігіміздің өз дамуындағы дағдарыстық үрдістерге ұшырай бастауы еді.
Бұл негізі жан-жақты сипатқа ие үлкен мәселе. Ал қысқаша қайырып айтар болсақ, XVIII ғасырда қазақтың мемлекеттілік жүйесінің орталықсыздануы елде алауыздықтың, билікке таластың және осы бағыттағы қарама-қайшылықтардың өршуіне әкеліп жатты. «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, кең-байтақ жерімізге көз алартып қарап отырған жауға мұндай жағдай қолайлы болғаны түсінікті.
Осындай ел басына күн туған шақта жан-жақтан жойқын жорықтарымен елдің берекетін кетірген жауға тойтарыс беруде негізгі ауыртпалық әр аумақтағы сұлтандарға, батырлар мен билерге түсті. Соның ішінде, бұл айтылып отырған жайт көбіне-көп батырларға қатысты еді. Қазақ жерінің әр тұсындағы рулар мен тайпалардың өкілдерінен құралған жасақтарды ұйымдастырып, басқарып жауға тойтарыс бере қарсы тұрған сол тұстағы батырлардың есімдері халқымыздың тарихында өшпестей орын алды. Қазақ батырларына қарасты айтқанда, әсіресе, осы тұста халық арасынан суырылып шығып жұлдыздай жарқырап ағып өткен батырлардың санын дәл айту қиын нәрсе. Бірақ, осындай ел тағдырындағы қиын сәтте олардың санының көбеюі заңды құбылыс еді. Жалпы, тарихымызда батырлар феномені ол әлі де терең зерттеулерді талап ететін үлкен мәселе. Тек бір айта кететін нәрсе, ол дәстүрлі қазақ ортасындағы батырлар феномені бұл көшпелі қоғамның даму ерекшеліктерімен байланысты қалыптасқан институт.
Ал енді жоғарыда айтылған батырларға келер болсақ, олардың есімдері қанша уақыт өтсе де ел аузында. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Олжабай, Есет, Райымбек және бұл тізімді біраз уақыт жалғастыра беруге болады. Осы асыл есімдердің ішінде сол тұстағы қазақ халқының азаттық соғысында ерекше ерлік істерімен із қалдырған тұлғалардың бірі – Тайлақ Мәтіұлы (1693-1741). Оны біз қазіргі таңда батыр, мерген, қолбасшы және мемлекет қайраткері ретінде білеміз.
Жалпы сол ауыр шақта телеу тайпасынан шыққан және еліміздің азаттығы үшін өлшеусіз ерлік көрсеткен батырлар аз болмады. Айта кетсек, есімдері кейінгі ұрпақ жадында жыр-аңыз болып қалған Жошы (Шоши), Қасқарау, Дербіс батырларды еске түсіруімізге болады. Дегенмен, Тайлақ батырға келер болсақ, оның батырлығымен қатар, өзге де тұлғалық ерекшеліктері көңіл аударуға мәжбүрлеп отырады. Жалпы, қазақ мемлекетін қалыптастырушы және негізін қалауға атсалысушылардың бірі кіші жүздің жетіру құрамындағы Телеу руы екендігін тарихтан білеміз. Бүкіл қазақ елімен бірге, оның да ұлдары ұлан-ғайыр жерімізді сыртқы жаулардан қасық қандары қалғанша қорғай отырып ұрпақтарына аман-есен жеткізуге өз үлестерін қосқаны мәлім. Соның дәлелі ретінде Тайлақ батырдың ел басына күн туған шақтағы ерлік істерін алға тартуымызға болады. Қазақ халқының басына түскен зобалаңдардың ең үлкені және сұмдығы жоңғарлардың тұтқиылдан жасаған жорықтары нәтижесінде халықтың «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» зобалаңына ұшырауы еді. Міне, осы уақытта билік басында отырған хансұлтандар елдің басын біріктіре алмай отырған шақта халықтың өз ортасынан шыққан ұлдары, яғни батырлары жауға қарсы халықтың басын біріктіре отырып елімізді жаудан азат етуде өлшеусіз ерлік танытты. Солардың қатарынан ойып орын алғандардың ішінен, әрине, Тайлақ батырды айтпай кетуге болмайды.
Сол кездегі тарихымызда болған үрдістерге қатысты жазбаша деректердің тапшылығына байланысты оларды қарастырғанда зерттеушілер көбіне ауызекі деректерге жүгінуге мәжбүр. Бұл ахуалды Тайлақ батырды танып-білу ісіне де қатысты айтуымызға болады. Дегенмен де, зерттеушілердің, ақын, жазушыларымыздың азды-көпті мәліметтері мен уақыт елегінен өткен халқымыздың ауызекі мәдениетінде сақталған деректер бұл тұлғаны сипаттауға мүмкіндік береді. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында Тайлақ батыр кіші жүздің жетіруының телеу тайпасынан шыққаны айтылады. Әбілқайыр ханмен үзеңгілес, құрдас әрі ақылшы-кеңесшісі болғаны көрсетіледі.
Сол дереккөздерге арқа сүйеп жазылған еңбектерде Тайлақ батыр әуелгі ұрыстарда өзінің әкесі Мәті би, туыстары Шом батырлармен бірге жүріп үйренген. Солардың үлгі, өнегесін алған. Яғни ізбасар, бабалар ізін жалғастырушы болған. Ол өз заманында асқан батыр, әскери өнерді жетік меңгерген және ұрыс айлатәсілдерін шебер ұйымдастырушы, қолбасшы ретінде көзге түскен тұлға болғанына көз жеткіземіз. Сол деректер қазақ-қалмақ арасындағы шайқастарға Тайлақ батыр мен оның ағасы Дербіс батыр қатысқанын, сондай-ақ Саңырық батырдың, оның інісі Сары мерген және ағасы Дәнен есімді батырлар да қатысқанын айтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, Тайлақ батырдың осы біз әңгімелеп отырған кезеңге қатысты ел көлемінде қаралатын тұлға екенін, оның халық үшін атқарған іс-әрекеттері көлемді болғанын қазақ зиялыларының еңбектерінде – М.Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы», І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Жанталас» кітабында, Ә.Кекілбаевтың «Үркер» романында, Ә.Әлімжановтың «Жаушы» кітабында, С.Байдәулетовтің «Алтын киімді ханзада ұранды қарт қазақтар» кітабында, С.Қойшыбаевтың «Тұлпар» кітабында қаралатыны дәлелдейді. Тайлақтың тарихи бейнесі кәсіби зерттеушілердің де назарынан тыс қалмады. Осы тұста отандық ғалымдармен қатар, мысалы, филология ғылымдарының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлы (Тайлақ батыр жөнінде, соның ішінде оның тегі мен ұрпақтары туралы зерттеу жүргізген) Ресей, кеңестік зерттеушілерді де атап кетуімізге болады. Айта кетсек, XVIII ғасырдағы қазақ тарихы бойынша ірі зерттеуші М.Вяткин «Очерки по истории Казахской ССР» аталатын еңбегінде орыс дереккөздеріне сүйене отырып, сол кездегі қазақтардың сыртқы жауларға қарсы шайқастары туралы: «Басқыншылықпен келген қалмақтарға тойтарыс беруді қарапайым халық ішінен шыққан батырлар ұйымдастырады. Атап айтсақ, кіші жүзді Тайлақ, ұлы жүзді Саңырық және Орта жүзді Бөгенбай батырлар ұйымдастырып шықты. Олар 1727-1729 жылдары қазақ-қалмақ шайқастарында жеңіске жетіп, жауға тойтарыс берді» деп нақты тарихи дерек негізінде атап көрсеткен. Қазақстан тарихына қатысты «Телеуге» арналған шежірелік басылымның VI томында Тайлақ батыр туралы мол мәлімет Т.Омарбеков, Б.Кәрібаев жазбаларында берілген. Маңызды деректер архивтік материалдардан терілген қазақстандық ғалым Я.Басиннің құжаттар жинағында орын алған. Одан кейін батырдың тұлғалық бейнесін аша түсетін бірқатар мақала да жарық көрді.
Осы және басқа деректерге сүйене отырып жазылған еңбектердің арқасында біз бүгін Тайлақ батырдың өмірі мен іс-әрекеттері жөнінде азды-көпті тұжырымдама жасауымызға болады. Дегенмен, әрине, ол өзін одан әрі терең зерттеуді талап ететін тұлға екені сөзсіз. Оған қоса, Тайлақ батырдың атына кейбір қазақ руларының арасындағы талас тағы бар. Кейбір кіші жүз рулары оны өздерінің руына тиесілі етуге таласатыны түсінікті, себебі осындай даңқты батырдың, тарихи тұлғаның өздерінің арасынан шыққанын қалайды. Негізі, барлық руларда әр кездерде Тайлақ деген батырлар болған. Кез келген қазақтың ата тегін тексеріп қалсаңыз бір емес бірнеше айбынды батырлар шығатыны анық. Оның ішінде аттастарда көп болған, халық жаңа туған балаларына ырыммен даңқты есімдерді қойып отырған. Дегенмен де, Тайлақ батырдың телеу екенін дәлелдейтін көптеген зерттеулерде оның Мәтіұлы екені, жетірудың телеу тайпасынан шыққаны анық байқалады. Бұл жөнінде дәлелді тұжырымдарды белгілі ғалым, профессор Берікбай Сағындықұлы ағамыз 2019 жылы «Айқын» газетінде жарияланған мақаласында нақты келтірді деп санаймыз. Мұның бәрі Тайлақ батырға қарасты зерттеулер асығысты тай-таласты емес, салқынқанды ізденісті қажет ететіндігін көрсетеді. Сонымен бірге, бүгіннің өзінде жоғарыда келтірілген деректер, менімше, бұл тұлғаның Кіші жүздің телеу руынан шыққан Тайлақ батыр екеніне көз жеткізеді. Оның негізгі өмірлік кезеңдері мен ерлік істері қағаз бетіне түсіп, оған қызығушылық танытқан ортаға мәлім. Бұл тұлғаның 1726 жылы Ордабасы құрылтайына қатысып, 1727 жылы Бұланты және 1729 жылы Аңырақай шайқастарында кіші жүз жасағын басқарып, атақты қолбасшылардың бірі ретінде танылғандығы жөнінде мәліметтер қағаз бетіне түсіріліп, оқырманға жеткізіліп жатыр. Оларды қайталаудың қажеті жоқ. Маңыздысы, сол мәліметтерден шығатын тұжырымдамаларға көбірек зейін бөлу.
Сол мәліметтерден көретініміз, қазақ елі қалмақ қырғынынан кейін екі жыл уақыт өткенде есін жиып, басқыншыларға қарсы тұрады. Осы үрдіске негіз болған ең алғашқы жауға қарсы берілген тойтарыссоққы еді. Бұл жеңісті кіші жүз Тайлақ батыр мен ұлы жүз Ошақты руынан шыққан Саңырық батыр әкелгені жөнінде айтады аталған мәліметтер. Бұл жерде айта кететін жайт, сол қаралып отырған мәліметтерде Саңырық батыр Тайлақ батырға жиен болып келетіні көрсетіледі. Олар Бұланты-Білеуті өзендерінің ортасында қалмақтың қалың қолын ойсырата талқандағанын көрсетеді. Бұдан біз Тайлақ батырдың ел тағдырының болашағына қатысты ең шешуші, күрделі, стратегиялық сәттердің оң шешілуіне өзінің қомақты үлесін қосқанын көреміз. Осындай абыройға ие бола бастағанына қарамастан Тайлақ батыр әр кезде де, бірінші кезекте, ел тағдырын ойлаған, данқ пен бақталастықтан өзін аулақ ұстайтын тұлға екенін көреміз. Мысалы, Әнуар Әлімжановтың «Жаушы» романында Бұлантыда басқосу тұсында Бөгенбай батырға Саңырық пен Тайлақтың зор қошемет көрсеткенін суреттейді. Бұл тарихи роман болса да аталған көрініс көңіл аударарлық жайт. Кездесуден кейін Тайлақ пен Саңырық бірауыздан Бөгенбайды орталарынан бас батыр етіп сайлады дейді автор.
Зерттеушілердің пікірі бойынша, Тайлақ батыр – Әбілқайырханның бірге өскен құрдасы, үзеңгілес жолдасы, досы әрі ақылшы-кеңесшісі. 1726 жылы Ордабасыда өткен үш жүздің игі жақсылары бас қосқан алқалы жиында Тайлақ батыр кіші жүз жасақтарының қолбасшысы болып сайланады. Ұлы жүз қолының бас сардары болып Саңырық батыр, орта жүз қолының бас сардары болып Қанжығалы Бөгенбай батыр бекітіледі. Осы жиында бүкіл Қазақ әскеріне басқолбасшылыққа кіші жүз ханы Әбілқайыр сайланады. Демек, бұл тұрғыда біз Тайлақ батыр – 1729 жылы қазақ халқына ұлы жеңіс әкелген «Аңырақай» шайқасында қазақ әскерін басқарған үш бас сардардың бірі болып, тарихымызда мемлекеттік деңгейдегі әскери тұлға ретінде қалғанын көреміз. Сонымен бірге, осы шешуші шайқастарда ол өзін әскери әдістерді жан-жақты меңгерген стратег ретінде де көрсете білген.
Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында Тайлақ батыр жас кезінен Әбілқайыр сұлтанмен бірге өскені, бірге шыңдалғаны, дос болғаны, той-думанда да, жорықтарда да қатар тұрғаны көрсетілген. Осы жерде сол тұста хан-сұлтандармен көші бір болған Тайлақ батыр шыққан телеу руына сәл көңіл бөлсек, бұл ру сол заманның сенімі бойынша «Телеу болмай тілеуің болмас», «Телеудің ақ дегені бата, қара дегені қарғыс» деп құрмет көрсетілетін ру болғанын байқаймыз. Осы тұрғыда, кіші жүздің ханы Әбілқайыр төлеңгіт ұстамағаны, жігіттері ержүрек, батыл телеулермен қосылып көшіп-қонып жүргені де кездейсоқ нәрсе болмас. Мұның өзі Тайлақ батырдың бала кезінен оның көп нәрсеге деген көзқарасы елдік және мемлекеттік тұрғыда қалыптасуына әсерін тигізгені әбден мүмкін болғанын айтуымызға болады.
Қорыта келе айтар болсақ, Тайлақ батыр бүгінгі таңда қолбасшы және мемлекеттік тұрғыдағы қайраткер ретінде танылып отыр. Оның сол кездегі басқа да қазақ батырлары және қайраткерлерімен бірге атқарған істері тарихымыздың қилы және шешуші сәттерінің бірінде қазақ елі мен мемлекеттілігін сақтап қалуға өз септігін тигізгені сөзсіз. Мұны қазірдің өзінде бар мәліметтерден тұжырымдауымызға болады. Сонымен бірге Тайлақ батырды тарихымыздың XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы ірі тұлға ретінде тани білу одан әрі жан-жақты және терең зерттеулерді талап етеді. Демек, осы бағыттағы ізденістер өз жалғасын табуы қажет.
Әсет ТАСМАҒАМБЕТОВ,
тарих ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық
университеті Білім және менеджмент институтының қауымдастырылған профессоры
19 наурыз 2026 ж. 42 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (10487)

17 наурыз 2026 ж.

№19 (10486)

14 наурыз 2026 ж.

№18 (10485)

07 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 659
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 420

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031